Бұта түбіндегі полицей

15 сәуiр 2016, 18:19

Алматы іргесіндегі тас жолдарда полицейлер әлі жасырынып тұрады. Олар бағзы әдеттерінше бұқпантайлап, көліктерді тоқтатуда. Бірақ өткен айдың соңында Ішкі істер министрлігі арнайы бұйрық шығарып, жол сақшыларына темір тұлпарды тығылып тұрып, тоқтатуға тыйым салған. Тіпті осы тәртіпке бағынбағандар дереу жұмыстан қуылатынын айтқан еді. Әлгі талаптың қаншалықты орындалып жатқанын білу мақсатында, біз қала іргесіндегі тас жолдарға шығып, шағын журналистік зерттеу жасадық. Тәртіпті қоритындардың өзі тәртіп бұза ма, жоқ па?! Қызық… 

Құлжа тас жолы. Судай сапырылысқан көліктер осы тораппен күнде қатынайды. Алматының шығыс бөлігінде орналасқан қалааралық бұл жол, шалғайдағы ағайындардың алып шаһарға ауа келетін басты бағыты. Көлік көп жүргендіктен, жолдағы тәртіпті қадағалайтын полицейлер де бар мұнда. Бұрындары жолды жағалай өскен желектерде жасырынып тұратын олар. Жылдамдықты асырған немесе ақауы бар көлікке лезде шап беретін. Сөйтіп, қалтасында қаржысы барлар оңай құтылып, ақшасы жоқтар хаттамаға жұтылып жүретін. Ал қазір… Ал қазір де өзгерген дәнеге жоқ. Барлығы бәз қалпында.

Тәртіп бұзған тәртіп сақшылары

Алматы қаласында заңсыздыққа барып жатқан полицейді көз шалмады. Қаланың көлік көп жүретін жерлерін аралап көрдік, бірақ талапты белшесінен басқан тәртіп сақшысы жолықпады. Кейін, қала іргесіндегі ірі жолдарға шықтық. Көп ұзамай, Панфилов елді мекені маңындағы жолдың бойында жүргізушілерді жаппай тоқтатып жатқан полицейлер кезікті. Журналистерге зекіріп сөйлеген полиция капитанына өзімізді таныстырып, не себепті оларды түсіріп жүргенімізді айттық. Ал погон таққан азамат: «Алматы облысында қызметтік көліктерін тығып, жүргізушілерді тоқтатып жатқан полицейлер жоқ!» деп, дүрсе қойды. Тіпті құқай көрсетіп, «басшыларыңа қазір-ақ шығамыз, жұмыстан кеткің келмесе, бұл жерден табаныңды жалтырат!» деген сөзді естідік. Сасқанымыз жоқ, әрине. Өйткені, бұлар министрлік бекіткен тәртіпті ап-анық бұзып тұр. Жеке көлігімен қызметтік мәшинесін жауып, арлы-берлі ағылып жатқан көлікті шетінен ұстауда. Әлбетте, сонау жерден жоғары жылдамдықпен келе жатқан жүргізушінің жасырынып тұрған бұларды көруі екіталай. Полицейдің жолда тұру тәртібін тексеріп жүретін арнайы маман бар. Шамасы, басқарма жол сақшылары «бармақ басты, көз қыстыға салынбасын» деп, бұларды тексеруге күнде жібереді. Бірақ біз тілдескен тексеруші заңбұзушылық анық көрініп тұрса да, қызметтесіне қарсы сөйлеуге именді. Қайтсін енді, «қарға қарғаның көзін шұқымайды» ғой.

Жаңа талаптан қайран жоқ

Аманғали Сәрсенбинов ұзақ жылдан бері таксист болып қызмет етеді. Алматыдан Талғарға адам тасиды. Бұл кәсібін нәсіп етіп жүргеніне 10 жылға жуықтапты. Табысы отбасын асыруға толық жетпесе де, тапқанына тәубе қылады. Бірақ несібеңе ортақтасатын полицейлерден әбден жеріпті елуге келген ел ағасы. Араны ашылған погон таққандар жүргізушілердің қалтасын қағу үшін түрлі амал-айлаға барады екен. Тіпті хаттама толтырмас бұрын «беретініңді беріп кет!» деп, қаймықпай айтатын болып алған. Мұндай ашкөздерді министрлік бекіткен талап тәубелеріне түсіреді дегенге Аманғали Сәрсенбинов сенбейді. Олар тәртіпті өздеріне ыңғайлы етіп жасап, әрбірі ақша алудың амалын жасайды дейді. Аманғали ағаның бұл ойын көп жүргізуші құп көреді. Талғардағы автобекет маңайында біз тілдескен адамдардың дені – жаңа талаптан қайран күтпейді!

2

«Суға кеткен тал қармайды»

Жолда жолыққан полицейлермен керісіп қалған біз, зерттеуімізді әрмен қарай жалғастыру үшін Құлжа бойымен төмен жүйткідік. Бірақ әдетте таң атпастан қаққан қазықтай бір орында тапжылмай тұрып алатын тәртіп сақшылары, түсірілім тобы жақындай бергенде, тұрған орындарынан бірден кетіп қалды. Шамасы, бізбен кезіккен әуелгі адамдар оларға хабар беріп үлгерген шығар… Айтпақшы, «Алматы облысына қарасты тас жолда сақшылар тарапынан ешқандай тәртіп бұзылмайды, ал Алматы қаласында заңды белшесінен басқан полицей көп» деген, бағанағы полиция капитанының сөзін еске салайын. Шамасы, бізден тезірек құтылу үшін, осылай айта салды. Өйткені, суға кеткен тал қармауы керек қой…
Заң бұзылса, тап осы Талғар ауданында тіркелер деген оймен, екі күн бұрын жүріп өткен жолымызға қайта шықтық. Осы жолы жиекте тұрған сақшылар көрінбеді. Есесіне, талдың түбіне тығып қойған жабдықтарын. «КРИС-Пиді» айнала түсіріп жүргенімізде, жанымызға құрылғы иелері жылдам жетті. Қызығы – күдіктілерді қуғанда мұндай жылдамдық танытпайды олар, сірә?! Не керек, дүрсе қоюдан бастады әңгімесін. Етіміз үйренген соң, еш елеместен тұрдық. Ал анау жабдықты бұлар жайдан-жай қойдық деп жайбарақат жүр. «Муляж» ретінде қойылған құрылғыны олар не себепті ағаштың артына жасырып қойғанын түсінбедім. Сұрағанымызда тұщымды жауап қайырмады. Айтуларынша, сол күні таңда дәл осы жолда бір адам шейіт болған екен. Жоғарғы жылдамдықта жүйткіп келген көлік жүргіншіні ұршықша иіріп жіберіпті. Сол себепті полицейлердің тексерісі күшейген. Бірақ есірген көлік жүргізушілерін сабасына түсіру үшін жылдамдықты өлшейтін жабдықты полицейлердің не үшін жасырып қойғаны белгісіз. Сасқан үйрек артымен жүзбейтін бе еді?! Бұлардың ісі дәл сол тәмсілге саяды.

Тақырыпқа тұздық

Ермек СҮЛЕЙМЕНОВ,
ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің бөлім басшысы:

«Мұндай деректер жиі тексеріледі. Біз ашық және жасырын түрде полицейлердің іс-әрекетін қатаң бақылаймыз. Егер заңсыздық анықталған жағдайда, әлгі полицей жұмыстан қуылып, шенінен айырылады. Тіпті олардың басшыларын да қызметінен аластаймыз»

Дастан Сапашев

 

27 наурыз, 16:38
Ұсақ-түйек емес: шұлық өндірісіне де қолдау қажет!
27 наурыз, 12:30
Берік Солтанбаев: Алматыда кәсіпкерлікті дамытуға жан-жақты қолдау жасалып отыр
26 ақпан, 15:10
Дархан Мыңбай: Кәсіпкерден дәметіп күнелтетін масылдар, әкімдік есігінен сығалауға машықтанған тоғышарлар бар
26 ақпан, 12:34
Қазақ баспасөзі: Сантараулы салалық журналистика
25 ақпан, 14:23
Фатима Жүнісова: Диванда жатып, «мемлекет асырасын» дейтіндер жетістікке жете алмайды
22 ақпан, 15:50
Кәдірбек Құныпияұлы: Газет санасы сарабдал, ойлы да сауатты оқырманмен бірге мәңгі жасай бермек!
21 ақпан, 16:51
Масылдық психологиядан қалай арыламыз?
21 ақпан, 14:48
Мақсұтбек Пірметов: Бізге артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр
14 ақпан, 15:49
«Сізде болады. Бізге болмай ма?»