
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Газет — халықтың көзі, құлағы, һәм тілі» дейді. Сол халықтың көзі, құлағы һәм тіліне өңірдің басылымдары қаншалықты жарай алып жүр? Бұл сауалды Түркістан облысы, Отырар аудандық «Отырар алқабы» газетінің директор-бас редакторы Азат Әмірбек мырзаға қойдық.
Jas qazaq: Азат Төпенұлы, «Отырар алқабы» газетінің тарихына қысқаша шолу жасап өтсеңіз. Қанша жыл болды жарыққа шығып келе жатқанына? Қандай айтулы тұлғалардың ізі қалды редакцияда?
Азат Әмірбек: Газет қашанда халықтың, оқырманның сенім артар органы, алаңы десе де болады. Отырар ауданының аумағында тұрғындар арасындағы қоғамдық-саяси ахуал және мемлекеттік саяси бағыттағы ақпараттар, сараптамалық мақалалар мен сұхбаттар жарияланады. Газет 1935 жылдың 22 наурызынан бастап шыға бастады. Осы уақыттан бері газеттің 8329 саны жарық көрген.
Осы уақытқа дейін газетімізде қаламы қарымды, ойы ұшқыр, өңірімізге белгілі журналистер – Төпен Әмірбек, Алмас Ақылбек, Зайыр Сабыр, Файзулла Рахматулла, Оразбай Мұратов, Икрамхан Бәкіров тағы да басқа қаламгерлер жемісті еңбек етті. Бұл кісілердің көбісі қазір өмірден өтсе де, ұрпаққа өнеге болып мол мұралары, кітаптары, шығармалары қалды. Алла олардың қалған ғұмырын ұрпақтарына берсін дейміз.
Талай толғақты кезеңді бастан өткеріп, уақыт көшінен қалмай, оқырман құрметіне бөленген Отырар аудандық «Отырар алқабы» газеті алдағы уақытта да тәуелсіз елдің төл басылымы бола бермек.
Jas qazaq: Алаш ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының айтқан үдесінен өзіңіз басшылық ететін «Отырар алқабы» газеті қаншалықты шыға алып жүр?
Азат Әмірбек: Жергілікті «Отырар алқабы» газетінің әр санында киелі Отырар ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы, аудан аумағында тұрғындар арасындағы қоғамдық-саяси ахуал және мемлекеттік саяси бағыттағы ақпараттар, сараптамалық мақалалар мен сұхбаттар тұрақты түрде жарияланып келеді. Сонымен бірге, мемлекеттік тапсырыс аясындағы материалдар да дер кезінде жарық көруде.
Аталмыш газет беттерінде түрлі тақырыптағы тұрақты айдарлар аясында саладағы жетістіктер, ел дамуына еңбек сіңірген азаматтары мен қоғам белсенділері туралы оқырмандарды игілікті іске ынталандыру мақсатында мақалалар жарияланады. Оған қоса, аудан көлеміндегі кейбір кемшіліктер мен оқырмандардың ұсыныс-тілектері мен шағымдары газет бетінен тұрақты орын алады. Маңызы зор мазмұнды мәселелердің қатарында жастар саясаты, аулалар мен көше тазалығы, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, кәсіпкерлік, дін, руханият, қоғамдық қауіпсіздік секілді өзге де өзекті жайлар жарық көріп отырады.
Жалпы Отырар ауданында жаңадан ашылған нысандар бойынша арнайы айдарлар беріліп, облыс, қала әкімдерінің бастамалары газеттің алғашқы беттерінде жарияланып келеді.
Бұған дейін жергілікті «Отырар алқабы» газетінде «Жолдауға қолдау», «Ауылым – алтын бесігім», «Дінің тұрсын дін аман», «Кәсібің-нәсібің», «Жемқорлық індет, оны жою міндет», «Табиғат-талбесігің» т.т. айдарлары тұрақты жарияланып келді.
Jas qazaq: Ел ішіндегі еңбектің топайкөгі саналған жандардың өнегелі өмірін, жеткен жетісігін үлгі ету мақсатында жариялап тұрасыздар ма?
Азат Әмірбек: Жер бетіндегі әрбір халықтың бойында оны өзгелерден даралап тұратын, өзіне ғана тән қасиеттері болады. Біздің халқымыздың сондай ерекшеліктерінің бірі – үлкенді сыйлай отырып, оның сөзіне құлақ асу, кішіпейілділік таныту.
Қарттарымыз да жасына лайық сөзі дуалы, әрекеті берекелі, ісі тәрбиелі, ойы терең, ақылы дариядай болып келеді. Ұрпақтың ертеңгі күнінің бүгінгі күнінен асып түсуіне ықпал етіп, қоғамды алға қарай жетелеуші де – осы қариялар мен ардагерлеріміз. Соның ішінде қоғамның рухани және адамгершілік құндылықтарын қалыптастыруда соғыс және еңбек ардагерлерінің батырлығы мен ерліктерін келер ұрпаққа насихаттау және өнегелерін үлгі тұту – баса назар аударарлық мәселе.
Сондықтан еңбек ардагерлерінің өнегелі өмір жолдарын жас ұрпаққа үлгі болсын деген мақсатпен біз кем дегенде айына 2-3 мақала жариялап отырамыз.
Jas qazaq: Редакция ұжымында қанша журналист еңбек етеді? Журналистердің әлеуметтік мәселесінің оңтайлы шешілуіне, әсіресе, баспаналы болуына редакция да үлес қосып жүрген болар?
Азат Әмірбек: Әрбір кәсіптің өз мамандығы болатыны секілді, журналистік мамандық та өз саласы бойынша пайда болған. Журналист басқаға ұқсамайтын, өзгелерден айырмашылығы бар мамандық. Ол өз шығармашылығы арқылы қоғамға, адамға қызмет етеді. Жалпы журналист қандай дәрежеде жұмыс істесе де, қоғамдық ақпараттық саланың қызметкері болып есептеледі. Алаш көсемдері айтып кеткен газет — мерзімді басылым.
Газетте бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі, журналист Әбдімәлік Белгібай, осы басылымда 35 жылдық еңбек өтілімен қызмет етіп келе жатқан білікті маман Рысбек Құлжан, дарынды жас журналист Ғалымжан Сәрсековтердің мақалалары үзбей жарияланып, газет оқырмандарының көңілінен шығып жүр. Осылайша біздің тілшілер өз шығармашылығымен көптің құрметіне бөленіп келеді.
Jas qazaq: Түркістан облысының құрылғанына да бес жылға жуықтады. Отырар аудандық газет облыстың бес жыл бедеріндегі биігін қалай айшықтап, насихаттап келеді?
Азат Әмірбек: Биыл Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толады. Осынау қысқа уақыт ішінде киелі шаһар көркейіп, қарасаң көз тоятындай үлкен қалаға айналды. Түркістан сыртқы келбетімен ғана сұлуланып жатқан жоқ. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жақсарып, барлық салада өсім байқалады.
Түркістан облысы халқының басым бөлігі Жер-Анадан нәпақасын тауып отыр. Шаруашылыққа бейім оңтүстіктің тұрғындары күн жылына салысымен қара жерден дән алуға кіріседі. Өңірде тамшылатып суғару, жаңбырлатып суару технологияларына басымдық беріліп, шаруалар суды үнемдеуге көшкен. Осы арқылы су үнемделіп, өнімділік еселеп артып отыр.
Түркістан шетелдіктер үшін де тартымды. Соған орай туризм де қанатын кең жайып, дамып келеді. Әрмен қарай да өңірде туризм саласын дамыту, оның әлеуетін арттыру әрі туристерге тартымды ету – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі.
Біздің өңір — тарихи және мәдени мұраға бай. Түркістан, Кентау қалалары мен Отырар, Ордабасы, Бәйдібек аудандары бағытында тарихи-танымдық туризмі, Сарыағаш курорты аумағында емдік-сауықтыру туризмі, Түлкібас, Төле би, Қазығұрт аудан-дарында экологиялық туризм түрлері қарқынды дамып келеді.
Аймақта «Қасқасу туристік-рекреациялық кешені» жобасының инфрақұрылымын салу жұмысы жүргізді. Бұл жоба туристік саланы дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының өңірлік маңызы бар туристификациялау картасының ТОП -50-іне енгізілген.
Сонымен қатар облыс болып құрылған төрт жылдың ішінде халқының саны 285 216 адамға көбейгенін де айтпай кетуге болмайды. Иә, Түркістан осылайша түрленіп, түлеп жатыр.
Біз осы алға жылжып, барлық сала жағынан дамып жатқан облыстағы барлық жаңалықтарды насихаттап, күнделікті күн тәртібінен түсірген емеспіз.
Jas qazaq: Емен-жарқын әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Қуаныш Рахмет