jasqazaq.kz

Азамат Асанов: Елімізді жаңашыл ойлайтын жастар нығайтады

07 маусым 2023, 14:40

Президенттік жастар кадрлық резерві

Мемлекет басшысы қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында Президенттік жастар кадрлық резервін құру қажеттігін айтқан болатын. Сан салалы іріктеу кезеңдерінен өткен мыңдаған жастардың арасынан үздік 300 адам резервке қабылданды. Түркістан облысынан қатысып, резервке енген жастың бірі — Азамат Асанов. Бүгінгі күнде ол «Орал Ойл Газ» ЖШС директорының орынбасары қызметін атқарады.

– Ең алдымен Президенттік жастар кадрлық резерві деген жобадан бастасақ. Жобаға қалай тап болып жүрсіз, өзіңіз солай шештіңіз бе, әлде біреулердің нұсқауымен, бағыт-бағдар беруімен қатыстыңыз ба?

– Мен өзім 2017 жылы «Болашақ» стипендиясын ұтқан болатынмын. Өзіме сонда үлкен мақсат қойған едім. Магистратураға барып, білімімді жетілдірем, карьерамды жалғастырып, өсуге тырысамын деген сияқты. 2018 жылдың желтоқсан айында оқуымды аяқтап, елге қайтып келдім. 2019 жылы жоба басталды.
Президенттік жастар кадрлық резервінің артықшылықтары туралы, осынау тың жобаның елге берер пайдасы жөнінде өздеріңіздің әріптестеріңіз, яғни журналистер бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен қамтып жазды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында бұл мәселе көтерілді, соны жүзеге асыруды тиісті орындарға тапсырды. Жоба туралы тереңдей білген соң өзіме ұнады бұл жоба. Әлеуметтік лифт деп айтылғаннан кейін жоғарылауымызға мүмкіндік те көп, лауазымды қызметке тағайындау тиімділігі де басым, сол өзімді көрсетуге сондай бір сынаққа қатысуға шешім қабылдадым. Құжат тапсырудың мерзімі аяқталуына тек екі-үш күн қалғанда ғана шешім қабылдап, қатысқаным үшін де бірінші турға дұрыс дайындалып үлгермедім. Өзімді сынауға, карьерамды жалғастыруға серпін беретін жоба екенін ұғынғандықтан құжаттарымды тапсырдым. Келешекте өзімді көрсетуге, шетелден алған білімімді еліміздің өркендеуіне жұмсауға септігін тигізетін жоба болғандықтан қатыстым. Өзім қаржыгермін. Қаржы мамандығымды тағы да жетілдіріп, АҚШ-та оқығым келді.

– Жаңылмасақ, резервке іріктеу бірнеше турдан тұрды. Сынақ қалай өтті?

– Дұрыс айтасыз, еліміздің түкпір-түкпірінен үміткер жастар өте көп болды. Әр сынақтың кішігірім тарихын айтып берейін. Мысалы, сол кезде алты сынақ болды. Ең бірінші және екінші сынағына мен дұрыс дайындала алмадым, уақыт тым тығыз болды. Сонда да «үмітсіз шайтан» дегендей, бір жағынан өзімнің біліміме сеніп, өтемін деген оймен сенімді болдым. Ішкі түйсігім алғашқы сынақ жеңілдеу, одан кейін сатылай әр турдың салмағы арта түсетін шығар деп топшылағам. Жаңылысқан екем, бірінші сынақтың өзі-ақ айтарлықтай, оңай болған жоқ. Мен ойлағандай болмай шықты. Сондықтан өзім бірінші сынақтың тапсырмаларын қарап саралағанда, бұл эссель методикасы бойынша жасалған тест екенін түсіндім де, екінші сынағына дайындалып, көңіл бөліп, барымды салып дайындалдым. Соған дайындалатын, осы бағытта ой-өрісіңді дамытатын халықаралық тестілеу үлгісі бар. Барлығына бірдей қолжетімді, кімде-кім дайындалғысы келсе, соған кіріп дайындалуға болады. Жалпы ондай дайындықты резерв үшін емес, халықаралық компанияларға жұмысқа тұруға пайдаланады. Сол бірінші, екінші кезеңдегі сынақ тестілеу болды, үшінші кезеңде күрделеніп, презентация өтті. Онда өзінің жоспарыңды қорғайсың, Қазақстанды құруға қандай қам-қарекет жасай аласың, нені өзгертуге мүмкіндігің келеді деген секілді сауалдарға өзіңнің жобаңда жауап бересің. Бір жоба қорғауға бес минут қана уақыт беріледі. Мен өзім енді мұнай-газ кенішінде жұмыс істегеннен кейін салық жағын қарастырып, қыр-сырына тереңдей бойлап, барлығын жүйелеп жазып алып, қорғап шықтым. Осы жобамды сәтімен қорғадым. Қандай жеңілдіктер беруге болады. Мұнай-газ кенішінде сол жобаны жүзеге асырудың маңыздылығы жайында толғанып жазған жобам сарапшылардан жоғары бағасын алды. Эссе жанрында шығарма жазуға да өздігімнен әзірленіп, Айлтстың методикасы бойынша дайындалуға тырыстым. Бұл платформаның сабақтарын Ютуб арқылы көріп, эссені жазу техникасын меңгердім. Соның көмегі зор болды.
Бесінші кезеңде Астанаға бәрімізді жинап, білімімізге баға беру басқарма академиясында өткен болатын. Бағалау коэффициентінің өзі 4-5 сағаттық үлкен шара болып өтті. Тестілеудің методикасы бар бір-бірімен командалық жұмыс жасау күні болды. Басқаларға қарағанда, осы ең қиын кезеңдік сынақ болды деп айта аламын. Алтыншы кезеңде әрбір турдан іріктеліп, әбден шыңдалған жастарға Президент әкімшілігінен, министрліктен лауазымды тұлғалар келіп, кездесу өткізді. Кішігірім сұрақтар болды менің мамандығыма қатысты бір-екі сұрақ болды. Сол сұрақтарға толыққанды, жан-жақты жауап бердім.
Жетінші кезеңде республикалық комиссияның саралауынан өткен 300 үздік жастың арасынан өзімнің аты-жөнімді оқығанда төбем көкке жетіп, қатты қуандым. Төккен тер мен еткен еңбектің өтеусіз қалмағанына, білім мен біліктілік бәйгеге түскен сайыста тізімге ілініп, резервке енгеніме ерекше қуандым.

– Өзіңіз Түркістан облысының тумасысыз, туған жеріңіз, өскен ортаңыз туралы кеңірек айтсаңыз.

–Дұрыс айтасыз, 2018 жылға дейін Оңтүстік Қазақстан облысы деп аталып, сол жылдан бастап ер Тұранның тал бесігі болған Түркістанның есімімен аталған қасиет қонған киелі өңірдің тумасымын. Нақтырақ айтқанда, Түркістан облысы, Мақтарал ауданында, Асықата кентіне қарайтын Абай деген ауылда кіндік қаным тамды, осы ыстық ұямда өстім, есейдім. Алтыншы сыныпқа дейін ауылда тұрдым. Гагарин атындағы орта мектепте оқыдым. Жетінші сыныптан бастап Шымкент қаласында қазақ-түрік лицейіне оқуға түстім. Шымкент қаласында оқығанмын. Жатақханада жатып, тек демалыс кезінде ауылға сағынышпен барып, демалыс уақыты аяқталғанда әрең қайтатынбыз. Туған жерім өзіме ыстық. Қазір жұмыс барысымен сыртқа шыққанда Түркістанымызды сағынып, оралуға асығамыз. Оралда жұмыс істейтіндіктен өзіміздің киелі өлкемізге жиі-жиі барып тұрамыз. Табиғаты керемет біздің Түркістан облысының. Әркімге туған жері өзінше жұмақ демей ме, ауылымдағы бала күннен бірге өскен сыныптастарыммен де тығыз байланыстамын, араласып тұрамын.
Мен өзім резервке енген соң көп өтпей тәп-тәуір қызмет ұсынылды. Астана қаласында мұнай-газ саласын өрістететін компанияға қызметке қабылдандым. Маған осы мұнай-газ компаниясынан жұмыс ұсынғанда тартынған жоқ, бірден келісім бердім. Өйткені мұнай-газ саласында өзіндік орны бар компания мамандары Батыс Қазақстанға келіп, жаңа кен орнын тауып ашып жатқан еді. Речковская кен орны деп аталатын кеніште конденсант пен газ саласында еңбектеніп келеміз. Сәтін салса, 2023 жылдың соңында газ өндірісін іске қосып, көгілдір отынды шығаруға күш салып жатырмыз. Маған үлкен сенім жүктеп, сол кен орнын дамытуға, жұмысты жүйелі жүргізуді тапсырған болатын. Дей тұрғанмен де, Президенттік жастар кадрлық резервіне өткен соң мұнай-газ компаниясынан өзге де жұмыс берушілер шақырды, мемлекеттік органдардан қазіргі күнге дейін де қызмет ұсынып, жұмысқа шақырып отырады. Әкімшілікке, департаментке, өңірлік департаменттерге қазірге дейін жұмысқа шақырып тұрады. Өзіме мақсат қылып алған кейін осы жобаға бар күшімді саламын деп келдім ба, әр нәрсенің басын бір шалмай тиісті нәтижеге қол жеткізу міндетім деп білемін. Мансапқа қызығып, атаққа ұмтылып шақырды екен деп әрненің басын бір шала беру мінезіме жат. Тиісті аманатты арқалап алдым ба, сенімге селкеу түсірмеуім керек. Менің ұстанымым осы. Қазір Батыс Қазақстанда жұмыс істеймін. Оралда қасымда әріптесім болған Ерлан Қалиев бар. 2021 жылы ол да резервке кірген болатын. Өзім әріптестеріме, замандастарыма лауазымды қызмет ұсынылып, тағайындап жатқанына қуанамын. Жұмыс бабымен Батыс Қазақстан облысына көшіп келіп еңбек ету нәсіп болыпты.

– Аталған жобаның артықшылықтары қандай?

— Президенттік жастар кадрлық резерві жобасының шынымен де артықшылықтары көп. Біріншіден, таза іріктеу болғанына қуанамын. Ешқандай да тамыр-таныссыз, әке-көкесіз, кімнің дәреже деңгейі жоғары, парасат-пайымы зор жандар өтті. Расында да біз үшін, қоғамды қозғаушы жастар үшін бұл жоба әлеуметтік лифт болды. Шынымен өзім танитын бір-екі жігіттердің осы жобаның арқасында бақтары жанғанын білемін. Аймақтың адамдары қалаға келіп, лауазымдары жылдап көтерілмеген қызметтері алға жылжыды. Сол жағынан жобаның артықшылықтары көп. Содан кейін үлкен жол ашылды деп ойлаймын. Ерекше көңіл бөлінді жастарға. Президенттің өзінің қолдауының арқасында резервке өткен жастардың алды министр лауазымына да тағайындалып жатыр. Облыс әкімдерінің орынбасарлары, вице-министр лауазымына ағайындалған жастар да көп. Мемлекет басшысының осындай мүмкіндік бергеніне қарап, жастардың ынта-ықыласы мен сенімі артты.

– Бұл жоба ел ішіндегі талантты жастарды қамтуға септігін тигізеді деп ойлайсыз ба?

– Әрине, ең алдымен талантты жастарды алдыңғы қатарға шығаруға көмек берді. Олардың идеяларын іске асыра алмай жатқан іс-шараларына мүмкіншілік берді деп ойлаймын. Бұл жобада біреулердің таланты ашылды. Өзіне деген сенімі артты. Жобаның жастарға үлкен әсері бар, берер мүмкіншіліктері және көп көп деп ойлаймын.

–Резервке өткен жастармен байланысып тұрасыз ба?

–Иә, өзімнің ертеден жүзтаныс жігіттер, жолдастарым, әріптестерім бар. Өзім Батыс Қазақстанда болғаннан кейін айына бір-екі рет резервке қабылданған жастармен кездесіп, танысып тұрамыз. Өзіміздің ортақ құрған чатымыз бар. Сонда идеяларымызбен бөлісіп, кімде қандай жаңалық бар айтылады. Қандай жаңа ұсыныстар бар, мемлекеттік қызметте қандай ұсыныстарды қолдануға болады? Міне, осындай мәселелерді өз арамызда алдымен талқылап, тиянақтап аламыз. Кейде министрлікке барғанда сол жерде сұрақтарымызды қоямыз. Бізге де сұрақ қоюға рұқсат беріледі. Сондай іс-шаралар көп болғандықтан, біз бір-бірімізбен араласамыз. Бір-бірімізге қолдау көрсетуге тырысамыз. Білікті де талантты көп жігіттермен танысқаныма разымын. Бұл жоба шынымен де кейбір жігіттердің таланттарын ашты. Таңдаулы жігіттер екеніне көпшіліктің көзі жетті. Білікті мамандармен бірге жұмыс істеу, оңай болды. Өйткені жігіттердің бәрі білімді, білікті өз ісінің маманы. Сондықтан мен өзімде осындай жастармен араласқым келеді. Араласатын ортаң жақсы болған сайын өзінде дамисың ғой. Байланыс орнатып, хабарласып тұруға өзімде тырысамын.

Сұхбаттасқан Қуаныш Рахмет

14 мамыр, 15:53
Ерғали Көшеке: Алматы облысында дінаралық татулық – тұрақтылық кепілі
14 мамыр, 14:15
Бижан Анарбеков: Расширение сферы применения государственного языка — наша общая задача
14 мамыр, 14:13
Туркестан: Продолжается модернизация систем электроснабжения и уличного освещения
14 мамыр, 14:11
В Туркестанской области продолжается модернизация систем водоснабжения
14 мамыр, 14:06
Туркестан: В Сайрамском районе развивается промышленное производство
14 мамыр, 13:44
Түркістан Ислам әлемінің мәдени астанасы мәртебесіне ұсынылды
14 мамыр, 12:56
Туркестан: Активно реализуются проекты по развитию социальной инфраструктуры
14 мамыр, 12:54
В Туркестанской области растёт объём высокотехнологичной медицинской помощи
13 мамыр, 18:38
Туркестан: «Келешек мектептері» - школа нового формата