Қазақ футболы «үйсіз» болмасын!

18 шiлде 2017, 17:55

Қазақстан кәсіпқой футбол федерациясы құрылып, өз алдына жеке чемпионат жүргізіп келе жатқанына ширек ғасырдың жүзі толды. Жігіттің жасындай уақыт аралығында спорттың осы түрін өткізетін жалғыз арена салынды. Қалғаны сонау 50-60 жылдардың шамасында салынған сапасы сын көтермейтін саңылауы көп алаңдар. Қазір Республика бойынша еуропалық стандарттарға сай екі алаң бар. Біріншісі – 2009 жылы бой көтерген 30000 көрермен қабылдауға қауқарлы «Астана Арена», екіншісі – 1958 жылы салынып, білікті мамандар арқасында әлі күнге сапасын жоймаған Алматының «Орталық» стадионы. Ал жоғары біріншілікке қатысып келе жатқан 10 ұжымның ойнайтын көгалдары көз көргісіз.

1. «Ертістің» «Центральный» стадионы.

Көк шөптің көркі керемет болғанымен солтүстіктің командасы жабық аренаны қажет етеді. Бұл сөзімізге көктем бойы керекулік ұжымның үйде ойнаған ойындары дәлел. Бұл сөзімізге көктем бойы керекулік ұжымның үйде ойнаған ойындары дәлел. Наурыз-сәуірдің бел ортасында жан-жағы тормен қоршалып, күрелген қары кісі бойынан биік тұрған кішкене жасанды алаңқайда өтті Қазақтан премьер-лигасының кездесулері. 1947 жылы салынған стадион ол тұста қаһарлы қыстың кәрініен әлі жасырынып жататын. 70-ке келген жасамыс «футбол үйін» жаңарту ел қазынасына тіс батырса да, желге ұшқаны болмас еді. Бұған «Ертістің» соңғы жылдары Еуропаға жасап жүрген қадамдарын қоссаңыз жабық аренаның жобасын бүгін жасағыңыз келеді.

2. «Ордабасы» ойнайтын Қ:Мұңайтпасов атындағы стадион.

1967 жылы іретасы қаланған ғимарат әлі сырлы кеседей болғанымен ортасындағы жасыл желегі бақшалық жер секілді. Тіпті биылғы маусым басында басшылық Шымкенттік клубтың үлкен стадионында кездесу өткізуіне тиым салған. Содан бастап Оңтүстіктің оғландары үйдегі кездесулерін Тассайдағы «Намыс» кешенінде өткізіп келе жатыр. Сапалы алаңның болмағандығынан шымкенттік жанкүйерлер «Ордабасының» Еуропа Лигасының іріктеу кезеңіндегі кездесулерін тамашалау мүмкіндігінен айырылып отыр. Табиғаты тамаша өңірдің шөпке кенде болып, ЕЛ ойындарында Алматыға шауып жүргендері қынжылтады-ақ…

3. «Тобылдың» «Орталық» стадионы.

Немістердің қолымен тұрғызылған құрылыс бүгінгі күнге дейін сапасын сақтап келеді. Қазақстан аумағындағы УЕФА талаптарына сай санаулы алаңның бірі. Дегенмен, қостанайлық команданың биылғы сәтті маусымына сәйкес стадионның күрделі жөндеу жұмыстары қатар басталды. Осы себепті «Тобыл» үйдегі ойындарын «Затобольск» стадионында өткізіп жүр. Обалы не керек, аталған алаңның көгалы керемет-ақ. Мәселе көк шөпте емес, жанкүйер санын шектейтін трибунада. Оған қолмен ауыстырылатын таблоны қосыңыз. «Өз үйім – өлең төсегім» деген қазақтың командасы да орталығын сағынып жүрген болар. Бірақ «Тобыл» тәубә деп шүкірлік жасауға тиіс. Неге десеңіз, төмендегі түйіндерді оқыңыз.

4. Қызылордадағы Ғ:Мұратбаев атындағы «Орталық» стадионы.

Жарты ғасыр жасаған «Қайсардың» алаңының сапасы бүгін сын көтермек түгілі қараған көзді ұялтады. Әңгіме трибуна мен техникалық жабдықтарда емес, алаң ортасындағы 100х65 шарщы метрлік көк шөпте. «Қасқырлардың» Премьер-лигаға оралуымен барлығын қарық қыламыз деген басшылықтан әлі қыбыр еткен қимыл байқалмайды. Соңғы амалын сарқып, миллиондарды шашып, құм мен жасыл резеңкені Франциядан алғызып, «Орталықтың» жанынан жасанды алаң жасады. Сыйымдылығы – 1300 адам. Қалыпты жағдайда 3500-4000 қаралы көрермен жинайтын дебютант командаға бұл өте қиын мәселе болды. 2020 жылға дейін құрылысы бітетін 15000 адам еркін сиятын жаңа стадион берілгенше «Қайсардың» көрген күні осы…

5. Жамбылдың «Орталық» стадионы.

12500 жанкүйер сыйғыза алатын алаңның сапасы көз қуантады. 2013 жылы 176 млн теңге жұмсалып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен кейінгі стадион сыны қалпын жоғалтқан жоқ. «Тараз» үстіміздегі футбол маусымын сәтсіз бастағанына қарамастан, алғашқы алтылыққа кіруге мақсат қойып отыр. Қазақстан футболының белгілі академиясы аталып кеткен аймақта алаң сапасының төмен болуы қисынсыз. Бұған Жамбылдың тамаша табиғатын қоссаңыз, көгал сапасына деген күдігіңіз сейіле түседі. Алдағы уақытта оңтүстіктің 40+ ыстығын ескеріп, жабық арена салып жатса нұр үстіне нұр болмақ. Ал келесі жылы елу жылдығын қарсы алуға қамданып тұрған «Орталық» стадион алдымыздағы 4-5 жылды еркін еңсеруге қауқарлы.

6. Кеншілердің «Шахтері».

Қазақстаннан алғашқы болып Еуропа Лигасының топтық кезеңіне шығып, қазақ футболына тың серпіліс әкелген қарағандылық ұжымның стадион жөніндегі мәселесі чемпионат басында, көктем айларында өршиді. Наурыздың соңын ала басталатын ел біріншілігінің алғашқы кездесулерін кеншілер Теміртаудағы «Металлург» алаңында өткізіп жүреді. Бұл біріншіден, қарағандылық жанкүйерлерге қиындық туғызады. Екіншіден, Теміртаудағы жасанды алаңда екі команда қатар ойнайды, қатар жаттығу жасайды. Премьер-лиганың артын ала басталатын Бірінші лига қатысушысы «Шахтер-Болат» командасы да осы «Металлургте» ойнайды. Осындай қиыншылықтарды ескере отырып, Қарағанды қаласына жабық арена немесе көктем айларында уақытша пайдаланылатын жасанды алаң салу керектігін айтамыз. Ал жаз айларындағы кездесулерді «Шахтер» стадионы еркін қабылдайды. Сапасы да көңіл көншітерлік.

7. Көкшетаудағы «Оқжетпес» стадионы.

Маусым басталғалы стадион азабын тартып келе жатқан ұжымның бірі – көкшеліктер. Жанкүйерлері командасының ойынын көруге ынтық. Ал амалы қалмаған «Оқжетпес» біресе «Астана Аренаны» қыруар қаржыға жалға алады, біресе трибунасы жоқ «Жақсы» стадионын әупірімдеп пайдаланады. «Жақсының» аты ғана жақсы. Әйтпесе жаттығу алаңынан айырмасы жоқ. Көкшетаудағы стадионды күрделі жөндеуден қайта өткізу керек. Өткізбеген жағдайда көкшелік клубтың көрген күні осы. Анда-мұнда шауып жүрген кімге қолайлы болсын? Оның үстіне маусым бойы елордадағы бас стадионды жалға алу суммасы біраз қаржының басын құрайды екен есептесек.

8. Ендігі кезек батыста. Атыраудағы «Мұнайшы» стадионы.

Атыраулық ұжымның алаңына бүгінгі күні сын айту орынсыз. Көгал сапасы жақсы, трибуналары жабық. Алаң мәселесі тек көктем мезгілінде туындайды. Қылтиып енді бас көтерген көк шөп бутсының темір табанына тапталып қалады да су құйылған тұс балшық илеген астаудай болып жатады. Міне, осы кез нағыз қиын шағы «Атыраудың». Қақпа алдындағы бірінші номерлі ойыншының бет-аузының сау-тамтығы қалмай балшық болады. Атыраулық билік осыны ескеріп, көктемгі кездесулерге арнап, шағын трибуналы жасанды алаң салып берсе. Ал стадионның балшығын үстін жаппаса, басқа жолмен болдырмау деген – бос әурешілік.

9. Қазақстандағы еуропалық стиль көрінісі. Ақтөбедегі «Қобыланды батыр»стадионы.

Елдегі футбол алаңдарының көпшілігін айнала жүгіруге арналған жолақ қоршап жатады. «Ақтөбенің» алаңында көгал аяқталған тұстан трибуна басталады. Екі аралықты үлкен тор бөліп тұр. Бір сөзбен айтқанда, батыстың ұжымына алаңнан келер мәселе де, қиындық та болмайды. 1975 жылы ашылған, 13000 жанкүйерді еркін қабылдайтын орталық алаңға тағы да бір жөндеу жұмыстарын жүргізсе, алдыңғы қатардағы орнын бермесі анық. Иоан Андоненің қарамағындағы клуб елге тың ойыншылар әкелуімен, турасынан айтқанда селекциялық жұмыстарымен белгілі. Алдағы уақытта батырдың атындағы алаңның төбесін жауып жатса, 13-сектор бастаған ақтөбелік жанкүйерлер қарсы бола қоймас.

10. Оралдағы Петр Атоян атындағы орталық стадион.

Былтыр Премьер-лигаға оралған «Ақжайықтың» алаңы бірқатар клубтардан көш ілгері. Орал қаласындағы ірі спорттық нысан 9000-ға жуық көрерменді қамтиды. Алдағы уақытта стадион ортасындағы көгалды ауыстырса, сырттағы ойын Оралда болғанын қалған 11 ұжым қалап тұратындай. УЕФА талабына сай болғанымен, жасыл түс сұрға айналып бара жатқандай.

2026 жылға қарай Әлем Чемпионатын қабылдамақ ниетіміз бар екен. Ендеше ауқымды аламан жақындағанда қазына қаржысын қопармай, қыстың қамын бүгіннен ойласақ қайтер еді? Бірқатар облыстар үлкен футбол нысанының жобасын жасап, қажетті қаржысын бөліп, құрылысын бастап кетті. Қазақ футболы «үйсіз» болмасын!

Әділет МӘДЕНИЕТ

Бүгін, 11:30
Әлішер Сатыбалдиев: Индустриалды аймақ Алматы экономикасына серпін береді
27 наурыз, 16:38
Ұсақ-түйек емес: шұлық өндірісіне де қолдау қажет!
27 наурыз, 12:30
Берік Солтанбаев: Алматыда кәсіпкерлікті дамытуға жан-жақты қолдау жасалып отыр
26 ақпан, 15:10
Дархан Мыңбай: Кәсіпкерден дәметіп күнелтетін масылдар, әкімдік есігінен сығалауға машықтанған тоғышарлар бар
26 ақпан, 12:34
Қазақ баспасөзі: Сантараулы салалық журналистика
25 ақпан, 14:23
Фатима Жүнісова: Диванда жатып, «мемлекет асырасын» дейтіндер жетістікке жете алмайды
22 ақпан, 15:50
Кәдірбек Құныпияұлы: Газет санасы сарабдал, ойлы да сауатты оқырманмен бірге мәңгі жасай бермек!
21 ақпан, 16:51
Масылдық психологиядан қалай арыламыз?
21 ақпан, 14:48
Мақсұтбек Пірметов: Бізге артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр