Ауыл жаман ит асырамайды

06 наурыз, 9:24

Бала кезімізде ауылдағы әрбір үй итті ермекке емес, қора-қопсысын күзеткізу үшін, пиғылы бөтенге сес көрсету үшін ұстайтын. Мұндай жағдай қаланың жекеменшік бөлігінде де болды. Бірақ ауылға жеткен бе?..

Естеріңізде болса, ауылдағы кейбір көрші-көлем итін кешқұрым бос қоятын. Әрине, мұндай мүмкіндікті балалар пайдаланып қалуға тырысады. Бұл “боранды күні ит пен бала құтырады” дегенмен шектелмейді. Қайтсе де, бала-шағаның тиым атаулыға өштігі белгілі. Ондайда олар күшігінен асыраған иттерін мақтап жарысады. Түр-сипатынан бөлек, ерекше ат қоюдың өзі — бір бәсеке. Әңгіме арасына өтірігі мен шынын да қосып жіберетіні бар. Сөз жарыстың соңы үлкендердің көзін ала бере ит таластырып, мықтылығын сынауға дейін барады. Кейде күндіз шынжырын үзіп, ит босанып кетсе, айтаққа айтақ қосылады. Әйтпесе, ит төбелестіруге тиым салынатынын үлкен-кішінің бәрі біледі. Бірақ итің жаман десе, намыстанатын қауымның ұрпағы екенін ешкім де ұмытқан емес. Үлкендер “байқа, иті бос болмасын!” деп ескерту жасап қана көрші үйге жұмсайтыны да бар. Ал біздің апамыз бен көкеміз ылғи сапарға шығып жатса, итіміздің қараусыз қалмауына (тамағы, суы т.б.) аманаттайтын. Яғни бұл (итке қамқорлық) — олардың күнделікті жұмысының бірі екенін көрсетеді. “Ит — опа, сиыр — жапа” деген мәтелін де жиі айтатын. Сондағы неміс тұқымды итіміздің аты — Сырттан еді. Ол кейбір иттер секілді ашқарақ емес, тамағын талғап жейтін сырбаз еді. Апам онысын бағалап, “Сырттан — сыпа” деп отыратын. Кейін ұялас екі күшік асырап, Дихан ініміздің ұсынысымен біріне — жіті болсын деген оймен “Сақ” деп, екіншісіне — ұры-қарыны алып түссін ниетпен “Соқ” деп ат қойдық. Сол кезде тәтеміздің (әкеміздің інісі) үйіндегі төбет — Алыпсоқ, қарама-қарсы Қаныбек көкеміздің қорасындағы ит — Төрткөз, ағайынымыз Едігенің үйіндегі ит — Арлан, шаруашылықта қой бағатын Әуелбек ақсақалдың төбеті — Мойнақ екенін әлі ұмытпаппыз. Себебі олар ауыл өмірінің, балалар дүниетанымының бір бөлшегі еді.

Мына жайтқа назар аударыңыз: сол кезде ауыл адамдары түгілі, елдегі жалпы көзі қарақты азаматтар Алаш арыстары, олардың әдеби шығармалары мен аударма туындылары туралы көп мағлұматы болмағаны аян. Сөйте тұра, араға талай жыл салып, Ахмет Байтұрсынұлының
И. Крыловтан аударған «Иттер достығы» атты өлеңіндегі:

“Бір байдың Төрткөз, Мойнақ төбеттері,
Өздері ит болса да əдепті еді. Түнде үріп, күндіз үрмей жай жататын,
Болады əдепті иттің əдеттері…” деген жолдарды оқып, қайран қалғанбыз.

Сонда Ақаң ауыл адамдарына ортақ түсінік-танымды дәл жеткізген екен-ау… Елдің қайнауы, ұлттың тұтастығы ит екеш итке қатысты халықтың ой-пайымында да тұр. Ауыл жұртының итке ат беруге мән беруі — мың жылдық дәстүрінің жалғасы. Бұл қазақы елді-мекендерде, өңірлерде әлі де бар екені талас тудырмайды. Әсіресе, тұрмыс қаймағы бұзылмаған шеттегі ағайын ішінде.

Біз есейіп, отбасы құрып, үй болғанда осы дәстүрді жалғастыруға тырыстық. Мәселен, жеке үйде тұрғанымызда бірінші итімізге — “Ақтөс”, екіншісіне — “Алар” деп ат бердік. Халқымыз «шапса — алар!” немесе «олжа алар» деп жатады. Алабай тұқымды итімізді қасқыр алсын деген ниетпен солай атадық. Үмітімізді ақтаған төбетіміз шау тартқанда өлігін көрсетпей кеткені де — өзінше бір әңгіме.

Қазіргі жұртшылық ізі суымаған игі дәстүрімізде бар көркем де мазмұнды үй жануарлары аттарын менсінбей, жылқысы мен сиырына да, иті мен мысығына да жат тілдегі атауды беріп, тілді шұбарлап, өзін де, ұрпағын да адастырып барады…

Бұрынғы Шарик, Тузик, Рекс, Лайкалар бер жағы екен, қазір айтуға тіл күрмелетін атауларды құлағымыз естіп жүр…
Біздің айтпағымыз — егесі бар, тұқымы таза, аурудан сау, адал иттердің иесі де, қоғам да жауапкершілік сезінсе. Аты жоқ, қаңғыған иттерге байланысты БАҚ-та, әлеуметтік желілердегі халықтың ашу-ызасына қиқу қоспай-ақ, қатаң қауіпсіздік шараларын қолдану мүмкіндігі жеткілікті. Заңға қайшы келмейтін, ақылға қонымды қаншама амал бар. Ал енді заңды орындаушыларға байланысты мәселе басқа.

Сондай-ақ, елімізде қабылданған тазы және төбет тұқымын сақтау туралы заңда олардың тұқымын құнттау мен өсімін молайтудың құқықтық, ұйымдастырушылық және экономикалық негіздері белгіленді. Бұл да — орындалуымен құны артатын заң.

Жалпы, үй жануарларына ат қою мен кәдімгідей құжаттандырудың бүгінгі қисынын, жөнін, тәртібін білеміз бе? Сұраушысы, қадағалаушысы, сараптаушысы кім? Әлбетте, бұл істе өркениет жолы өз дегенін жасайды.

Сондықтан итті жеті қазынаның бірі санаған дәстүрімізге сай құжаттандыруды да сауатты жүргізуіміз қажет.
Қалада ит ұстаған қазақ кем. Бірақ, атақты жазушыларымыздан бастап шаһар жағдайында ит асырғанын білеміз… Түгелі ретті болса, оған кім қарсы?

Жан-жануарға қызығушылықтың бәрі, әрине, ауылдан басталған.
Айтқандай, бала күніңіздегі итіңіздің аты Сіздің есіңізде ме?..

Дархан МЫҢБАЙ

29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз
26 шiлде, 11:33
Мұхит Тұрғараев: Жарты жылда мыңнан астам қызмет көрсетілді
25 шiлде, 13:52
Діндер съезі толеранттылық пен тұрақтылыққа қызмет етеді
24 шiлде, 15:23
Түркістан: Басты мақсат-қылмыстың алдын алу
23 шiлде, 12:11
Түркістан: Миллиондаған қарызы бар борышкер мен мас жүргізуші құрықталды
23 шiлде, 12:06
Түркістан: «Таза Қазақстан» аясында 21 000-нан астам құқық бұзушылық анықталды