Ауыл – қазақтың қарашаңырағы

18 ақпан 2022, 11:44

Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау тұралатқанда жұмыссыз қалған жандар қаланы бетке алып жөңкіле көшті. Қай облысқа бармаңыз, аудандардағы ауылдарды араламаңыз, бір көшенің бойына моншақтай тізілген еңселі үйлердің арасы сиреген. Көшкен ел шаңырағын бұзып, құрылысқа жарайтынын жөнелткен соң ауылдағы үйлердің арасы арса-арса ашылып қалды. Тіпті бұрындары түмен ауыл тұтасып отырған мекенде осы күнде «моласындай бақсының» әр төбеде бір түтіннен ғана қалған елді мекендер де бар. Осыдан отыз жыл бұрынғыдай қарқын алмаса да, ауылдан қалаға қарай көшу, мектеп бітірген жастардың көп тұрақ таппай, саяны цивилизациядан іздеуі әлі де тоқтаған емес. Жастарды ауылға тұрақтатпай тұрған жұмыссыздық.

Еліміздің экономикалық әлеуетін көтеретін негізгі күре тамыры – ауыл шаруашылығы. Мәжіліс депутаты, аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Азамат Әбілдаевпен өрбіген сұхбатымыздың негізгі өзегі де осы ауыл шаруашылығы саласына қатысты болды. Өйткені Азамат Рахатұлы емен есіктің арғы жағындағы кабинеттен көтерілген шенді емес. Халық қалаулысы атанғанға дейін елдің ішінде төрт түлігін өрістетіп, іргелі шаруашылыққа жетекшілік етіп, аграрлық саланы бес саусақтай білетін білікті маман.

Jas qazaq: Мәжіліс депутатының мандатын алғанға дейін аграрлық сала, соның ішінде мал шаруашылығын дөңгелеткен кәсіпкер болдыңыз. Мәжіліс мінберінен де осы ауыл шаруашылығы саласына қатысты қордалы мәселелерді көтеріп жүрсіз. Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының күре тамыры емес пе? Бұл саланы дамыту үшін ең әуелі ауылды қараусыз қалдырмау керек қой?

Азамат Әбілдаев: Сұрағыңа тереңдей жауап берейін. Алдағы уақытта Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал әзірлеп отырмын. Ондағы негізгі көтеретін шаруам – ауыл адамы мен қала халқының арасындағы теңсіздікті жою, түп-тамырымен құртуға күш салу. Ол қандай теңсіздік?

Jas qazaq: Иә, соны айтыңыз.

Азамат Әбілдаев: Ең әуелі ауылдың адамы мен қала халқының арасында өзгешелік, артықшылық бар ма? Жоқ. Ауыл баласы мен қала баласының да екі қол, екі аяғы, бір аузы бар. Адаммен адам тең. Ал бірақ біздің билік басындағылар, құзырлы орындардың тізгінін ұстап отырған шенділер қаржы бөлетін кезде алалайды. Тура мағынасында айтып отырмын алалап, «ауылдағының аузы сасық» дегенге келтіреді. Өзің де қалада тұрасың, көріп жүрсің. Қаланың кейбір тақтайдай теп-тегіс көшелерінің жабындысын қырып тастап, қайта төсейді.

Ал кейбір ауылдар бар бізде, 30 жылдың ішінде көшесіне асфальт төселмеген! Жер қарада шаңы бұрқырап, қыс мезгілінде қары тазаланбай әуресін, азабын ел тартады.

Ауыл деген – қазақтың түп-тамыры, қарашаңырағы. Жұтаған, тозған, елдің көбі көшіп, азы ғана қалған ауылдарда кімдер отыр? Қарашаңырағын шайқалтпайын, отын өшірмейін, қорымда қалған әке-шешесінің басына барып, құран оқып тұрайын деген ниеттегі адамдар көпшілігі. Ал солар неге асфальт жолмен жүрмеуі керек? Неге қалалықтар, басқа да қаланың маңайындағы ауылдардың тұрғындары көрген өркениетті көрмеуі, қызығына кенелмеуі керек?

Қаланың баласы үшін білім алу жолында озық технологияны пайдалану, тіл үйренуге қосымша курстарға бару, басқа да инновациялық мүмкіндіктер мол. Ал ауыл баласында қандай? Дәл солай игілікке көміліп отыр ма? Мен ауылдың білімі төмен деп айтпаймын, небір таланттар да шығып жатыр. Бірақ әлгіндей мүмкіндікті қаланың баласы секілді ауылдағылар да пайдалану керек. Ауылдан қалаға келген жастардың оқуға түсе алмағаны не істейді, денсаулығы жараса, сынақтан өтсе, әскери борышын өтеуге кетеді. Қала берді, құрылысқа, саудаға, басым көпшілігі такси жүргізу мен күзетке жұмысқа тұрады.

Менің туған жерім – Алматы облысына қарасты Жамбыл ауданындағы Қарақастек деген ауыл. 160-тай ғана түтін бар. Бұрындары біз осы шағын ғана ауылдан 16 ғылым докторы, 57 ғылым кандидаты шықты деп мақтанатын едік. Қазір біздің ауылдан 50 спортшы, оққағар бала шықты. Кәсіби спортпен шұғылданушылар да көп.

Jas qazaq: Ауылыңызды айтып қалдыңыз, сіз Парламент Мәжілісінің бесінші шақырылымына да депутат болдыңыз. Одан кейін қайтадан аграрлық саланы өрістету үшін ауылға бардыңыз.

Азамат Әбілдаев: Қазығым ауылға қағулы менің. Қолымыз қалт етсе, сол жаққа тартып отырамыз. Кіндігіміз кесіліп, бауырымызды көтеріп, шыбықты ат қып мініп, одан кейін бозбала шағымыз, жастық кезеңіміздің бәрі ауылда өтті. Қалай бүйрегің бұрып, көңілің тартып тұрмайды. Кейін қалаға көшіп келдік, өзің айтқандай, бесінші шақырылымға депутат болдым. Қайтадан ауылға көштім. Мал шаруашылығын дамыту үшін кеңседе емес, қораның басындағы баспанада өмір сүрдік. Төрт түлігіміз көз алдымызда болсын деп. Ауылда болған кезде жастармен көп әңгіме-дүкен құрып, ойларын тыңдайтын едім. Жастардың қолынан келетін іс тек күзет қызметі мен такси айдау ғана емес.

Оларды ауылға тартудың бір тетігі – ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығын өрістетудің ұлттық жоспарын жасауда жатыр.

Jas qazaq: Ұлттық жоспар қалай жазылуы керек, онда не қамтылуы тиіс?

Азамат Әбілдаев: Ауыл шаруашылығы – үлкен сала. Оның ішінде егіншілік, жеміс-жидек, көкөніс, төрт түлікті түлету, тағы басқа да саласы толып жатыр. Біз осының ішінде негізгі басымдықты мал шаруашылығына аударып, ет өнімдерін сыртқа экспорттауды ұлттық жоспардың негізінде жүзеге асыруымыз керек. Егіншілікті жаппай өрістете аламыз ба? Әрине, жоқ. Біздің жердің тек солтүстік пен шығыс, оңтүстік-шығыс облыстарда ғана арпа, бидай егуге қолайлы. Еккен егін түгілі табиғи шөптің өзі құрғақшылықтан шықпай қалған Маңғыстау, Атырау облыстарына қалай бидай себесіз. Бізге ең қолайлысы – төрт түлік мал. Жердің жайына, жайылымның отына қарай мал шаруашылығын дамытып, экспорт көлемін ұлғайту арқылы біз экономикалық әлеуетімізді көтереміз. Сол арқылы әлеуметтік, тұрмыстық мәселемізді де шешеміз.

Экспортты қоя тұрып, ауылдағы мал өсіруші ағайынның басындағы кепті айтайын. Өзіміз де фермер болдық, егін егіп, малымызға қысқы азығын дайындау кезінде жанар-жағармайды сатып алып жүрміз. Осыдан 4-5 жыл бұрын жанармайдың бір литрі 80-90 теңге аралығында болса, қазір 240 теңге. Бағасы бұдан да аспандап кетіп еді, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төмендетуге тапсырма берді. Соның өзінде үш есе қымбат. Енді қараңыз, осыдан төрт-бес жыл бұрын малдың бағасы қандай еді, қазір қанша? Мәселен, жайылымда жүрген 1,5 жасар тана, тайыншаны ертеректе 120-150 мың теңгенің төңірегінде алатын еді. Бұл күнде 240 мыңға сатылса жақсы. Оның үстіне биыл көп жерлерде құрғақшылық жайылымды да, шабындықты да қуыра күйдіріп жіберді. Қазір арық-тұрақ малын шаруалар арзан бағамен сатуға мәжбүр. Мал дегеніңіз жерге дәнін қадап, бір-екі айдан кейін өнім беретін көкөніс емес. Сиыр малын алыңыз. Қашқан сиыр тоғыз айдан кейін туады. Оның бұзауын кемінде бір жылдан кейін борлағанда ғана сатсаң, пұл болады. Екі айда өнім беретін қиярды сатудан көп пайда келе ме, жоқ, екі жыл төлін баққан соң ғана ырыздығыңды көретін төрт түлікті өрістету оңтайлы ма? Жанар-жағармай бағасы шарықтаған соң, сөзсіз, жем-шөп, арпа-бидайдың да құны өседі.

Біз көкөністі экспорттауда Өзбекстан, Қытай, Түркия секілді елдермен шендесе алмаймыз, оны мойындау керек. Бидаймен ше? Рас, солтүстік облыстарымызда арпа-бидай емініп өседі, түсімі де жақсы. Бірақ дамыған елдер, технологиясы әлдеқашан нығайған, аграрлық салаға қатысты ғылым-білімі зау биікке көтерілген мемлекеттер әр центнерден алатын өнімі бойынша бізден әлденеше есе көп. Енді бізге қайтпек керек? Тағы да қайталап айтамын, мал өсіріп, табиғи таза етімізді экспорттау арқылы жоқтың орнын толтырамыз. Тағы бір ұсынысым, біз 1 миллион тонна арпа-бидайды экспорттап сатқаннан гөрі, сол астық өнімдерін малға беріп семіртіп етін сатсақ, әлдеқайда тиімді. Төрт түліктің етін Қытайға қанша миллиондап сатсаң да, сұранысын өтей алмаймыз, өте үлкен нарық тұр. Ресей де біздің малдың етін сатып алуға бейіл. Қой етін Түркия, Иран, Пәкістанға, Ауғанстанға, Үндістанға да жіберуге мүмкіндік бар. Өйткені сұраныс жоғары.
Басқа елдерді былай қойып, Қытайдың өзін қамтуға тырыссақ, бізге жеткілікті. Етті экспорттау үшін ең алдымен жоғарыда айтқан ұлттық жоспар түзілуі керек. Бәрі де сол бір жоспардың жүйесінде жұмыс істеуі қажет. Әр министр ауысқан сайын түрлі реформа, бағдарлама жасалып, орта жолда қала беретін жүйе көсегемізді көгертпейді.

Jas qazaq: Субсидия, жеңілдетілген несиелік бағдарламаларды алудың қиындығы өз алдына бір тауқымет. Осы бағытты жеңілдетіп, оңтайландыруға болмас па?

Азамат Әбілдаев: Өті жарылып кетсе де айтайын, біздің ауыл шаруашылық өріс, аграрлық сала дейміз, осы ведомствода жүйесіз жазылған бағдарлама өте көп. Оны арнайы білімі бар, кәсіби біліктілігі жоғары, тәжірибесі мол, халықтың ортасынан шыққан жандар жазбайды. Соның кесірін айналып келгенде халық тартады. Жүйесіздік емей немене? Қазір енді қараңыз, Мемлекет басшысы қатаң шара қолданып, тексеру керек деді, жемқорлар шетінен құрыққа ілініп жатыр.
Біз Еуразия экономикалық одақ құрдық. Осы одаққа мүше Ресейдің ауыл шаруашылығына берілетін субсидиясының мөлшері бізден төрт есе көп. Одақтасымыз Беларусь елінде де осындай, алты-жеті есе жоғары. Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшеміз, ДСҰ-ның субсидиясы бізден әлденеше есе жоғары. Осындай теңсіздіктің арасалмағы жоғары болған соң қалай бәсекелестікке төтеп береміз?

Қазір малшы табу, механизатор секілді мамандарды тарту өте қиын мәселе. Әлеуметтік желілерде айлық жалақысы жоғары төленетін малшы іздеген фермердің сауын айтуынан көз сүрінеді. Малшы тапқан күннің өзінде жалақысын көтеру қиын. Өйткені жем-шөп те, жанар-жағармай да, басқа да қажеттіліктер қымбаттап барады. Осындай шаш-етектен батқан шығынды жабу да үлкен күш. Қымбатшылыққа төтеп беру үшін жанталасқан шаруаларға табиғаттың тосын мінез танытып, құрғақшылықтан шөптің шықпауы да жеңіл тиіп жатқан жоқ.

Ауыл шаруашылығын бір ізділікпен өркендету жолында жүйесіздікпен күрескенше, даму көшіне ілесіп, ілгерілеуді ойлау бізге мың есе тиімді. Етті экспортқа шығарсақ, қымбат бағамен сатылады. Нәтижесінде мал соңындағы фермердің де қызыл асығынан қар, су кешіп, жел, боран, дауылға ұрына жүріп баққан малының өтеуі жоғары болады. Ал енді малыңды тірідей сатсаң да, сойып етке өткізсең де, арзанға сатылуынан ең алдымен фермер жапа шегеді. Елдің әл-ауқатын көтеріп, тұрмысын жақсартып, әлеуметтік мәселесін шешу біздің қоғамда ең өзекті. Осы маңызды шаруаны шешу үшін әрбір шаруаның қолындағы малы экспортқа қымбат бағамен сатылса, жағдайы жақсармай ма?

Уинстон Черчилль Англияның премьер-министрі қызметін атқарғанда «бір кесе сүт» деген бағдарламасы арқылы халқының еңсесін тіктегенін білесіз. Черчилль әрбір ағылшын күніне кемінде бір стақан сүт ішуі керек деген бағдарламасын түзді. Ішетін ауыз дайын, сүт табу керек. Ол үшін сиыр өсіру маңызды, бақташы, мал дәрігері қажет. Жайылым жерді өңдеп күтетін агроном, жем-шөп орып әзірлейтін ауыл шаруашылығы техникасы, оларды тасымалдауға логистика болуы шарт. Сиыр өсіру үшін шұрайлы жерлерге ауылдар салды, ел қонып жұрт жиылған соң балабақша, мектеп, аурухана, басқа да әлеуметтік нысан соқтырды. Уинстонның ғұламалығы, көреген басшы екені осы бір стақан сүт бағдарламасынан-ақ байқалды. Соғыстан кейінгі тұралаған Англия алты жылдың ішінде бойын тіктеп, экономикалық әлеуетін нығайтып алды. Черчилль де тиын санай алатын еді. Егер ол сүт ішіңдер деп халқын үгіттеп, өнімді сырттан экспорттайтын болса, мұншама өркениетті ағылшындар көрмес еді. Жұмыссыздық белең алып, ел толқитыны бесенеден белгілі. Міне, ауыл шаруашылығы арқылы да экономиканы көтерудің керемет үлгісі!

Жеріміз кеңдігі бойынша әлемде тоғызыншы орында болса, жайылымдық жеріміздің көлемі жөнінен де әлемде алдыңғы орындамыз. Бірақ көп жер бос, игерусіз жатыр. Қалаға ағылған жастардың көпшілігі құрылыста, оны ауырсынғаны такси айдап, қарауыл болуды, 50-60 мың теңге тапқанын қанағат етіп жүр. Біз ауыл шаруашылығын дамытудың ұлттық жоспарын түзіп, етті қымбат бағамен экспорттауды жолға қоюымыз қажет. Ауылда мал баққан ағайынның ойында етті қайда өткіземін деген уайым емес, керісінше, қорадағы малымның құны қажетімді молынан өтейді деген зор сенім тұруы тиіс. Жастарды мал бағуға, ауылға тарту үшін мемлекет тарапынан үлкен қамқорлық, өте төмен пайызбен қаржылай қолдау несиесі, шағын гранттар беріліп, субсидиялау да сапалы болуы шарт. Сонда ғана олар қойшының таяғын қолына алады.

Jas qazaq: Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан
Қуаныш Нұрданбекұлы

18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді
12 сәуiр, 12:11
Түркістан: Сайрам ауданында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өтуде
12 сәуiр, 12:10
Түркістан: Жетісай полицейлері «Заң және тәртіп» жобасын іске асыруда
11 сәуiр, 16:06
«Нөлдік төзімділік»: Түркістан полициясы 700-ден астам құқық бұзушыны анықтады
11 сәуiр, 15:50
Түркістан: Алаяқтар қашып құтылмайды