«Әулиеата жастары» – бірегей жоба

02 желтоқсан 2022, 11:43

Жастар саясатын өзінің бағытымен өрістетудің өнімділігі елдің келешегінен көрінеді. Бүгінгі күнді ертеңге жалғағанда, келешекке бастап әкететін жастардың әлеуметтік мәселесін оңтайлы шешу – мемлекеттің тұғырын нығайтуға қағылған мық шеге. Қуанарлығы сол, бұған дейін елімізде жастарды баспанамен қамтамасыз етудің тиімді жолына айналған әлеуметтік бағдарламалар жыл сайын әр өңірде іске қосылып келеді. Айталық, бас қалада тұратын жастар «Елорда жастары» бағдарламасы арқылы үйлі болудың мүмкіндігіне қол жеткізсе, одан кейін «Алматы жастары» ашылып, Алатау бөктеріндегі әсем шаһардың жастары да ипотекалық несие шартымен баспаналы болып келеді. Осы игі бастама бұл күнде еліміздің әр өңірінде іске қосылып, жастардың үй аламын деген үмітін маздата түсуде.

Биыл, міне, жамбылдық жастарға да осындай мүмкіндік ұсынылды. Жамбыл облысының әкімдігі «Әулиеата жастары» ипотекалық бағдарламасын іске қосты. 2021-2025 жылдарға арналған «Әулиеата жастары» облыстағы жастар саясатын дамыту шеңберінде қабылданғанын айту керек. Бұл жоба аймақтағы жастарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету және жас отбасыларды қолдау мақсатын көздейді.

Бағдарламаға Жамбыл облысының жасы 35-тен аспаған тұрғындары қатыса алады. Жоба жас мұғалімдерге, дәрігерлерге, медбикелерге, мәдениет саласының қызметкерлеріне, спортшыларға, жаттықтырушыларға, журналистерге, университет оқытушылары мен ғылыми қызметкерлерге баспаналы болу үшін жеңілдетілген шарттармен ипотека алуға мүмкіндік береді.

Сөйтіп, биыл жазда Жамбыл облыстық әкімдігі «Әулиеата жастары» бағдарламасын іске қосып, өңір жастарынан тұңғыш рет құжат қабылдады. Арнайы құрылған комиссия 55 адамның өтінішін мақұлдаған. «Отбасы банкінің» Жамбыл облыстық филиалының мәліметі бойынша, бүгінде бірнеше жас пәтер кілтін алып, жаңа қонысқа ат байлап та үлгеріпті. Сондай баспаналы болған жастың бірі – Самат Бекболатов. М.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аға оқытушысы осы бағдарлама бойынша үйлі болып отыр. Самат мемлекет тарапынан жастарды қолдау бағытында жасалып жатқан бағдарламалардың тиімділігі жоғары дейді. Ұядай ыстық өз баспанасына қол жеткізіп, шаңырағына шаттық орнаған жас маманды әңгімеге тарттық.

Jas qazaq: Самат, ең алдымен үйің құтты болсын, босағаңызға Қызыр дарып, бақ ұяласын. «Әулиеата жастары» бағдарламасының артықшылықтары мен тиімділігін үйлі болған санаулы жастың бірі ретінде өзіңнен сұрасақ.

Самат Бекболатов: Жас отбасылар үшін бұл бағдарламаның артықшылығы да, тиімділігі де мол. «Әулиеата жастары» ипотекалық бағдарламасы ашылып, іске қосылады дегенді естігенде бірден қамданып, құжаттарымызды жинастыра бастадық. Төлем қабілетіміз де банк талабына да сай болды. Біз пәтер кілтін алып, шаңырағымызға қоныстанғанда Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Жомарт Зұлпыхар, тұрғын үй алу үшін конкурсқа қатысқан жастардың құжатын қарау және бағалау бойынша құрылған комиссия мүшелерінің бірі, Талас аудандық мәслихатының депутаты Үміт Битенова, «Отбасы банкінің» Жамбыл облыстық филиалы басшысы Нұрлан Сұлтанов арнайы келіп, салтанатты түрде құттықтады. Екі кішкентай бүлдіршініміздің несібесі деп білеміз бұл пәтерді. Бүгінгідей пәтер жалдау ақысы шарықтап тұрған кезеңде ай сайын қолжетімді, қалтамызға да салмақ салмайтын сомада ипотекамызды аударып отырамыз. Кейін үй өзіміздің жеке иелігімізге өтеді.

Jas qazaq: Демек бұл бағдарлама жастардың үйлі болуына жолашар игі шара деуге болады ғой?

Самат Бекболатов: «Әулиеата жастары» бағдарламасы қазіргі уақытта біз сияқты баспанасы жоқ жастарға тиімді деп ойлаймын. Біріншіден, бастапқы жарнасы 5 пайыздан аспайды, несие бойынша жылдық сыйақы мөлшермесі – 5 пайыз. Басқа бағдарламалар бұл мөлшерлемеден әлдеқайда жоғары. Екіншіден, бұл бағдарламаның конкурсына қатысу үшін құжаттарымызды тапсыру да аса қиындық тудырған жоқ.


Өзім де өзге қатарластарым секілді, Е-jambyl.kz электрондық портал арқылы қажетті құжаттардың электронды нұсқасын өткіздім.
Бұл бағдарламаның және бір тиімділігі – сатып алатын үйді өзің таңдайсың.

Jas qazaq: Пәтеріңнің ипотекасын өтеген соң сатып, кеңейтуге де мүмкіндік болады емес пе.

Самат Бекболатов: Дұрыс айтасыз, балалар есейгенше ипотекамызды толық төлеп, пәтерімізді сатып шаңырағымызды кеңейтсек деп отырмыз. Облыс әкімдігіне жастарға осындай мүмкіндік туғызып, үйлі болуымызға жағдай жасағаны үшін алғысымызды білдіреміз.

«Үй іздеп жүрмін»

Құжатын өткізіп, конкурстық талапқа сай келген жастардың алды үйлі болса, кейбірі 13 миллион теңге дейінгі сомада баспана алудың қамында жүр. Солардың арасында әріптесіміз, Қордай аудандық «Қордай шамшырағы – Кордайский маяк» газетінің қызметкері Айбек Нәкен де бар.
«Бұл бағдарламаның жастар үшін тиімділігі мол. Ең әуелі бір жалақымен отбасын асыраушы жастар 13 миллион теңгені жинай алуы екіталай. Рас, қосымша кәсібі бар, басқа бағыттан да табыс түсіретін жандар жинауы мүмкін, бірақ барлығында ондай шама қайда? Ал «Әулиеата жастары» бағдарламасы бойынша үй алу конкурсынан өтсеңіз, сізге 13 миллион теңгеге дейінгі пәтерді, жер үйді сатып алуыңызға өте тиімді. Несие сомасын өтеуді 19 жылға дейінгі аралықта жүзеге асырсаңыз болады. Біз қазір отбасымызбен ата-анамыздың қолында тұрамыз. Екі балам есейіп келеді, жер үй керек, өзіміздің отауымыз болғанын қалаймыз. Қонақ күтсең де, бауыр-туыс, дос-жараның келіп, аунап-қунап жатса да, емін-еркін жүргені қандай жақсы. Биыл жазда осы жамбылдық жастарға үлкен мүмкіндік сыйлаған «Әулиеата жастары» бағдарламасы ашылғанда үйлі болсақ деген үмітіміздің оты маздай түсті. Конкурстан өттік, «Отбасы банктен» де оң бағамызды алып, бұйыртса, үйлі боламыз деген арманымыз орындалмақ. Жаңа да айттым, жастардың мұндай соманы (13 миллион теңгені – ред.) өздері үйсіз-күйсіз жүріп жинауы қиынға соғары белгілі. «Әулиеата жастары» бағдарламасы осындай кедергіні еңсеруге септігін тигізіп, жастарға зор мүмкіндік тудырып отыр. Бағдарлама жыл сайын жалғасын тапса, қаншама жастар үйлі болатын еді», – дейді Айбек Нәкен.

Қуан Рахмет

Жаскен Төлеев: Кәсіп жүргізу үшін төзім мен ниет керек

Анықтама:

Жаскен Төлеев – Жамбыл облысы Қордай ауданының тұрғыны. Ол былғары бұйымдарын өз қолымен тігеді. «Былғары» отбасылық брендінің иесі аяқ киім, әмиян, белдік бұйымдарын жасайды.

Бала кезімнен былғары бұйымдарға қатты қызықтым. Бірде әмиян сатып алдым да, оның қалай жасалғанын көру үшін сөгіп, қайта тіктім. Аяқ киімді де бірнеше рет сөгіп, қайта тігіп көрдім. Алғашқы бұйымдарым осылай жасалды. Былғары бұйымдарын тігуді ғаламтордан үйреніп, кейін қаладағы етікшілерден біраз сабақ алдым.

Бала кезде туындаған қызығушылық бірте-бірте өз кәсібімді дөңгелетуге жол ашты. Бір жыл бұрын былғары тігуге арналған арнайы құрылғылар алып, алғашқы бұйымдарымды жасап көрдім. Ең алдымен, ерлерге арналған аяқ киім тіктім. Ол ер адамдар арасында танымал болып, одан әрі шабытымды шыңдай түсті.

Қазір таза былғарыдан жасалған аяқ киім, әмиян мен қазақы белдіктерді Қордайдан бөлек, Алматыда сатуға шығара бастадық. Тапсырысты ғаламтор арқылы қабылдап, тұтынушының мекенжайына дейін жеткізіп береміз. Былтыр кәсібімді кеңейтуге мемлекет тарапынан қолдау алдым. Қазір өзімнен басқа үш адамды жұмыспен қамтып отырмын. Олар тапсырыс алу мен жеткізу, шикізатпен қамтамасыз ету жұмыстарымен айналысады. Алдағы уақытта тапсырыс көбейсе, кәсібімді дамытып, жұмыс орнын арттырсам деймін. Былғары бұйымдар тігуге қызығушылық танытқан жастарға да өз білгенімді үйреткім келеді. Бұл кәсіпке қызығушылық танытып жүрген жастар бар. Оларға айтарым, ең бастысы, адамға төзім мен ниет керек. Адам өзінің арманы мен мақсатынан ешқашан бас тартпауы керек.

Қазір кәсіп ашамын деген адамға мемлекет тарапынан қолдау көп. Ең бастысы, қандай кәсіп ашқың келеді, қай саланы дамытқың келеді, соны айқындап алған жөн. Өз ісіне деген адамның жүрек қалауы болуы керек. Меніңше, әрбір нәрсе жүрекпен істеледі. Мен осы ісімді бастарда анам жүрексінді. Қалай болар екен деген ой оны қатты мазалағанын іштей сездім. Бірақ анам менің алған бетіммен қайтпайтынымды түсінді. Қолдады.

Қазір біз шикізатты Тараздан, Алматыдан, Ресей мен Түркиядан тапсырыс арқылы аламыз. Былғары мәсілер 20000 теңге, аяқ киім мен басқа да бұйымдар 10000 теңгеден басталады. Қордай мен Алматыдан тұрақты байланыс орнатылған тапсырыс берушілеріміз бар. Алдағы уақытта сапалы өнімді көбейтіп, тапсырыс берушілердің де санын арттырмақпыз.

Мақсатымыз – «Былғары» отбасылық брендін елімізге танымал ету, басқаларға білгенімізді үйретіп, еңбекке баулу.

 

Раушан Жұмабаева: Еңбек деген байлық бар, ерінбеген жететін

Анықтама:

Раушан Жұмабаева – Жамбыл облысы Қордай ауданының тұрғыны. Мамандығы – экономист. Бала күтімімен үйде отырған жас ана өз кәсібін қолға алған.

Мен біраз жыл қаржы саласында экономист болып жұмыс істедім. Жұмыстың әр күні ыстық кофеден басталатын. Тұрмыс құрып, ана атанғаннан кейін бала күтімімен үйде отырдым. Бос уақытта адамға түрлі ой келеді. Бұрын жұмыс істеп жүріп кофе ішкен сайын, өз кофеханамды ашуды армандайтынмын. Үйде қол қусырып отырмай, сол арманымды жүзеге асыруға бел байладым.

Содан биыл кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобасына қатысып, қайтарымсыз грант алдым. Мемлекеттен алған қаржы мен кішігірім несиеге кофеханаға қажетті құрылғылар сатып алдым.

Бүгінде кофехана тек кофе ішетін жер емес, іскерлік кездесулер өтетін, достардың бас қосып, кейде тіпті жастардың өз уақытын тиімді өткізетін орнына айналды. Қазір кофехана 4 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Біздің басты міндетіміз – келушілерге сапалы қызмет көрсету.
Меніңше, қандай да бір істі бастаудан қорықпау керек. Дана халқымыз айтқандай, «Еңбек деген байлық бар, ерінбеген жететін».

Досбол Байжанов: Еңбектенсең – биіктерге жетесің

Анықтама:

Досбол Байжанов – Жамбыл облысы Талас ауданы Қаратау қаласының тұрғыны. Жас кәсіпкер жиҺаз құрастырып, сатумен айналысады.

Мен тоғызыншы сыныптан бастап ағамның жанында жүріп, жиһаз құрастыруды үйрендім. Орта мектепті тәмамдағаннан кейін, бірден осы кәсіппен айналыса бастадым. Ағамның ол кезде шағын цехы болатын. Ол кісі маған зейнеттің оңай келмейтінін, уақытты тиімді пайдалану керектігін үйретті. Өсе келе, шыңдалдым, мол тәжірибе жинадым. Кейіннен қызығушылығым артып, жиһаз құрастырумен кәсіби тұрғыда айналыса бастадым. Бұл – біздің отбасылық кәсіп. 2009 жылы ағам алғаш рет мемлекеттен қолдау алып, кәсібін үлкейтті. Бертін келе мен де осы саланы әрі қарай дамытқым келіп, мемлекеттен 6 пайыз жеңілдікпен несие алдым. Алдымен қажетті станоктардың санын арттырдық. Одан бөлек, цехтың жанынан жиһаз дүкенін аштық. Осы аралықта бірнеше рет мемлекет тарапынан кәсіпті дамытуға арналған пайызы аз несиені алдық. Бүгінде біздің цех Қаратау қаласы мен көрші аудандардан тапсырыс алып, жұмыс істейді. Біз қазір 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз. Жұмыскерлерге тұрақты айлықпен қатар, әлеуметтік көмек те көрсетіледі. Біз жиҺаздың кез келген түрін жасаймыз. Әр жұмыс тапсырыс берушінің көңілінен шығатындай етіп жасалады. Кәсіпті дамытуға қажетті материалдар мен құрал-жабдықтарды Алматыдан, Тараздан тапсырыспен алдырамыз. Біздің тұтынушылар тапсырыс беруден бөлек, дүкен сөресінде тұрған дайын жиһазды да сатып алады. Адам еңбектенсе ғана биіктерге жетеді. Ең бастысы, істеген жұмысың өзіңе ұнауы керек, жұмысыңнан шабыт алуың керек. Әр тапсырыс берушінің көңілінен шығып, алғысын алған сайын құлшынысымыз арта түседі.

Дайындаған
Мақпал Махаметқызы

27 наурыз, 16:38
Ұсақ-түйек емес: шұлық өндірісіне де қолдау қажет!
27 наурыз, 12:30
Берік Солтанбаев: Алматыда кәсіпкерлікті дамытуға жан-жақты қолдау жасалып отыр
26 ақпан, 15:10
Дархан Мыңбай: Кәсіпкерден дәметіп күнелтетін масылдар, әкімдік есігінен сығалауға машықтанған тоғышарлар бар
26 ақпан, 12:34
Қазақ баспасөзі: Сантараулы салалық журналистика
25 ақпан, 14:23
Фатима Жүнісова: Диванда жатып, «мемлекет асырасын» дейтіндер жетістікке жете алмайды
22 ақпан, 15:50
Кәдірбек Құныпияұлы: Газет санасы сарабдал, ойлы да сауатты оқырманмен бірге мәңгі жасай бермек!
21 ақпан, 16:51
Масылдық психологиядан қалай арыламыз?
21 ақпан, 14:48
Мақсұтбек Пірметов: Бізге артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр
14 ақпан, 15:49
«Сізде болады. Бізге болмай ма?»