Ауған түйіні

20 тамыз 2021, 12:28

XIX ғасырдың 80-ші жылдары. Таудың еркіндік сүйгіш өр халқын екі жүз жыл бойы бағындыра алмаған британ империясы сол заманның ең жойқын қаруы – даму жетістігіне жүгінеді. Сол мақсатпен Қабыл шаһарына дейін теміржол тартуға кіріседі. «Темір Әмір» атанған ел билеушісі Әбдурахман ханды осыған көндірмек боп түрлі қоқан-лоққы жасайды, «көп ақша береміз» дейді. Таң қалдыру үшін жартасты тесіп, салынған жолды (туннель) көрсетеді. Мұндай кереметтен қандай әсер алғанын сұрайды. Ағылшындар сол арқылы өздерінің тау халқынан көш ілгері екенін паш еткісі келді.

Әбдурахман ханның сондағы айтқаны: «Егер өткір қанжарыммен арқаңызды тесіп, тілгілеп әдемі ойық жасасам, менің бұл өнеріме сіздің тәнті болуыңыз екіталай». Мұның астарында ешкімге бас имеген ауған саясатының сипаты байқалады. «Қазір сендер күштісіңдер. Бірақ ту сыртыңа пышақ тақалғанда, өзіңді қоярға жер таппассың» деген Темір Әмір.
Ұлыбритания ауған топырағына табан тірей алмай, ақыры кетіп тынды. Бірақ ағылшынның ащы тәжірибесі бір ғасырдан кейін жаңа өріс іздеп, жан-жағына көз алартқан алпауыттарға сабақ болмады…

Кездейсоқтық шығар, бәлкім. Дегенмен күнтізбедегі он бес санының ауған елінің тарихында орны айрықша. 1986 жылғы 15 ақпанда кеңес жауынгерлері кетті. Арада 35 жыл өткенде, 15 тамызда Америка бастаған Батыс елдерінің әскері мен дипломаттары елдің бұрынғы басшысы Хамид Карзаидің есімін иеленген әуежайға асығыс жиналды. Елшілік ғимаратының төбесіне қонған тікұшаққа мініп жатқандар Сайгонды еске түсіреді. Жарты ғасырдай бұрын американдықтар Вьетнамнан осылай кеткен еді.

Сол күні американдықтар құрған қуыршақ үкімет құлап, президент Әшраф Ғани «жан сауға» деп шетке қашты. Құр қол емес, әрине. Қап-қап ақшаны ұшаққа лықа толтырып әкетті. Сыймағаны сол жерде қалды деседі. Кетерінен бірер сағат бұрын «Ел үшін, жер үшін жаным пида» деген Әшраф Ғани қазір Оманда саяси баспана сұрап жүрген көрінеді.

Ал ертеңіне күллі әлем Қабыл әуежайындағы жантүршігерлік қасіретке куә болды. Жатжұртқа жетуге ұмтылған мыңдаған бейбақ ұшу алаңында тұрған ұшақтарға лап қойды. Бір-бірін таптап, езіп-жаншығандар. Аспанға оқ атылды. Он шақты адам көз жұмды. Әуе кемесінің дөңгелегіне жармасқандар биіктен құлап, мылжасы шықты. Жолы болған 640 ауған бір жүк ұшағының еденіне отырып, бұлыңғыр болашаққа аттанып бара жатты.

Сарапшылар ауған еліндегі астаң-кестеңді Талибан қозғалысына қарасты қарулы жасақтың найзағай жылдамдықпен уәлаяат орталықтарын бірінен соң бірін алып, бас шаһар Қабылға келуімен байланыстырады. Мұны күтпеген өзгеріс деуге келмес. Өйткені американдықтар былтырғы тамызда тәліптермен келіссөз жүргізді. Тіпті Қатар мемлекетінің астанасы Дохада Талибан өкілдігінің ашылуына да рұқсат берілді. АҚШ президентінің арнайы өкілі Залмай Халилзаттың күні кеше тәліптердің жоғары лауазымды өкілі Абдул Ғани Бәрәдәрмен жүздесіп, американдықтардың ауған жерінен кетуіне қатысты мәселені пысықтағаны да күні кеше. Көптеген уәлаяат билігінің Талибанға соғыссыз беріліп, үкімет әскері қолданған қисапсыз американ қару-жарағы мен қымбат әскери техниканың мүжаһидтерге оңай олжаға айналуы да тегін емес.

Миллиондаған доллардың дүниесі қалып бара жатқанына, әсіресе, бұрынғы президент Трамптың іші ашитын сияқты. Ол «Түзу бір шегені де қалдырмас едім» дейді сын садағын соңғы сайлаудағы қарсыласына кезеп.

Американдықтарды кетуге мәжбүр еткен себеп өлім-жітімнің көбеюі немесе Батыс демократиясының ауған топырағын жерсінбеуі емес. 2001 жылдан бері мұнда АҚШ-тың 3,2 мың жауынгері оққа ұштты. Бұл 7 жылда 13 мың әскерінен айырылған Кеңес Армиясының қаралы көрсеткішінен төрт есе кем. Ал қаржылай шығын шаш етектен. Кейбір деректер бойынша,
1 триллион доллардан асады. Тек ауған әскерін жасақтап, жауынгерлік қабілетін арттыруға 90 миллиард доллар жұмсалған. АҚШ президенті Жозеф Байден Қарулы Күштердің барлық қажеті өтеліп, берік әуе қорғанысы жүйесі құрылғанын, тіпті жауынгерлер мен тәртіп сақшыларының жалақысына дейін төлегендерін айтады. 300 мың қолдың өзінен төрт есе аз тәліпке неге төтеп бере алмағанын айта келе, ең бастысы, «әскерге соғысуға деген жігер мен құлшынысты беру мүмкін емес қой» дейді.

Осы арада ел мен жерге қызмет ету сияқты қасиетті ұғымды да ақшамен бойға сіңіру мүмкін емес екенін айтқан жөн. Күні кеше мұхиттың арғы жағынан келген қаржыға құрылған мемлекеттің майлы жілігін ұстап, жақсылығын көрген мыңдаған шенеунік, әскери қызметкер, заңгер, аудармашы, тағысын тағылар туған топырақты тәрк етуге асық.

Американ билігі Ауғанстанды демократияландыру үшін бармағанын, басты мақсат жер-жерде тыйым салынған «Әл Қаида» ұйымын жою болғанын алға тартады. Көптеген сарапшылар мұндай пікірмен келісе қоймайды. Оларға салсақ, 2001 жылғы 11 қыркүйектегі әуе шабуылын ұйымдастырды деген әлгі ұйым да, Үсама бин Ладин де көп өтпей тіршілігін тоқтатқан. Есесіне, әлеуметтік желіні кезіп жүрген дерекке жүгінсек, американдықтар ауған жерінде феминизм тамыр жайсын деп миллиондар бөлген көрінеді. Ал семинар мен тренинг өткізгіш түрлі бейресми ұйымдар, құқық қорғаушылар мен белсенділерге қанша ақша жұмсалғаны олардың өздеріне ғана аян.

Америка Құрама Штаттарының әлемдегі ең бай ел екені белгілі. Дегенмен Вашингтондағылар қисапсыз қаржы мен мол ресурстың өзі мәдениеті һәм менталитеті мүлде өзге өлкеде Батыс құндылықтарын орнықтыра алмайтынын, қалың бұқараға емес, ат төбеліндей шоғырға арқа сүйеп, түпкі мұратқа жете алмайтынын түсінгендей. Содан болар, Сэм ағай әскерін Бабыл өлкесінен (Ирақ) де әкетпекші. Жат жұрттағы жауынгерді әкетуді құптамайтындар да баршылық. Қарша бораған қатқыл мәлімдеме, ашу-ызаға толы сыни пікірлер соның айқын дәлелі. Осы орайда қауіпсіздігіне қоса, шат-шадыман тіршілігі үшін Америкаға қарыздар Еуроодақ елдеріндегі қайсыбір саясаткерлердің Ақ үй әкімшілігін сынауы тіпті орынсыз.

Соғыстан соқтасы шыққан, қырық жыл бойы қантөгіс пен қайғы-қасірет хакім болған өлкені келешекте не күтіп тұр? Тап басып айту қиын. Ақпарат кеңістігі мен әлеуметтік желіде таусылмайтын тұжырым, бітпейтін болжам. Шындыққа жанаспайтыны, қисынға келмейтіні де жетерлік. «Қарулы содырлар мен босқын нөпірі лап қояды» деп үрей шашуға тырысқандар да табылды. Еліміздің сыртқы саясат мекемесіне «Шымкентке екі мыңдай ауған азаматы келді» дейтін ақпаратты жоққа шығаруына тура келді. Біз осы елдің өткені мен бүгінін жете зерттеген, «Ауған түйіні және Орталық Азиядағы қауіпсіздік проблемалары» (1993), «Ауғанстан тарихы» сияқты аса құнды еңбектердің авторы, танымал тарихшы һәм саясаттанушы Сұлтан Әкімбековтың пікіріне жүгінуді жөн көрдік. Ол Талибан қозғалысының жаппай рақымшылық жариялап, ешкімнен өш алмайтынын, әйел затының білім алу, еңбек ету құқығы шектелмейтінін мәлімдеуін былай түсіндіреді: «Расында тәліптердің қазіргі іс-әрекетін ұстамды деуге келеді. Бұл билікті алғанша. Содан кейін негізгі қарсыластарын қарусыздандырады. Саяси үрдістің қалай өрбитіні сол кезде көрінеді. Екінші бір мәселе – сыртқы күштер арасында тәліптерге қатысты белгілі бір мәміле бар. Әрине, мұны тежеуіш фактор деп есептеген жөн».

Сонымен қатар, американдықтар кеткен соң пушту, өзбек, тәжік, хазар, исмайылшылар сияқты елдегі ұлттық және діни қауымдар арасындағы ежелгі бақталастық пен текетірестің қайта бас көтеруі де ғажап емес.

Білікті де білімді маманның пікірінен түйгеніміз, Ауған түйінін шешуде сыртқы күштердің рөлі шешуші мәнге ие. Өйткені қырық құрау елдің өсіп-өркендеуі бейбіт тіршілікке тікелей байланысты. Бұл ұлттық экономиканың дамуына, шетелдік инвестицияның келуіне кеп тіреледі. Сондықтан жаңа билік ғаламдық қауымдастықпен қалайда тіл табысуы қажет. Ықылас-ынта табылып жатса, Ауғанстанға алпауыт компаниялар қаржысын алаңсыз салса, мұнай, мыс, және темірдің мол қоры игеріліп, Үнді мұхиты арқылы әлемдік базарға төте жолмен апаратын Транс – Ауған, ТAPI (Түрікменстан – Ауғанстан-Пәкістан –Үндістан) секілді өте тиімді өткел (транзит) жобалардың мекеніне айналар еді. Зобалаң зорлықтан, қақтығыс-қырғыннан қажыған халық қаруды тастап, күрек ұстар еді.

Тек жалғыз өрісті жүйеден көп өрісті дүниеге көшіп жатқан ғаламшардағы бір-бірімен бәсекелес алыптар, өз өңіріндегі тегеурінді күшке айналған түрлі мемлекеттер осы процеске кедергі туғызбаса.

Срайыл Смайыл,
саяси шолушы

30 қыркүйек, 22:33
Заңсыз қаруды тапсыру – игі іс
30 қыркүйек, 19:47
Мал шаруашылығы – өрісті сала
30 қыркүйек, 16:35
Қазақстан - АҚШ: Инвестициялық ынтымақтастықтың басым бағыттары
30 қыркүйек, 16:04
Түркістан: Жастарға заңгерлік кеңес берілді
30 қыркүйек, 16:03
Түркістан: Қылмыс пен жаза
30 қыркүйек, 13:20
Түркістан: Полиция жастар мен жасөспірімдерге түсіндіру жұмыстарын жүргізді
30 қыркүйек, 12:55
Назерке Тәнекеева: Қолдау бар. Тек тәуекел етіп, кәсіп бастау керек
29 қыркүйек, 22:52
Су үнемдеудің сәтті тәжірибесі
27 қыркүйек, 16:46
Түркістан: Жан-жақты іс-қимыл - мал ұрлығына тосқауыл