Су бетіне шыққан майшабақтарға тұрғындар қатты алаңдаулы. Ал қауіптің қайдан келгені белгісіз.
Себебін анықтау үшін экологтар судан сынама алып, зертханаға жөнелткен. Жалпы, балықтың бұлайша қырылуы өңірде бұған дейін болмаған жағдай екен. Ауа жетпей жатыр деп жорамалдаған жергілікті тұрғындар мұздың бетін ойып әлек. Қосшы ауылының тұрғындарын дүрліктірген мына көрініс. Мұз бетіндегі ойық жерге майдашабақтар қаптап шыққан. Мұны көрген ауыл жұрты күрек-сайманын ұстап күн-түн демей қатқан мұзды сындырып жатыр. Болжам бойынша су жәндіктеріне ауа жетпей қалған. Соған жорыған ауыл әкімі ерікті тұрғындарға бас болып, мұздың бетін оюға кірісіпті. Сұлтан Орақбай, Қосшы ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы: — Еріктілер көмектесіп жатыр. 100 шақты ойық қазылды. Ол жұмыс әлі де істеліп жатыр. Қосымша суды оттегімен қоректендіріп, сондай жұмысты бастайын деп жатырмыз. Бұл Сарқырама өзенінің суынан қалыптасқан көлшік екен. Ондағы қазылған ойықтар бітеліп қалмас үшін тиімді әдіс – қамыс тығып қояды. Яғни, су қатса да ауа астыңғы жағына қамыс түтігі арқылы барады. Бірақ, айналаны әппақ қылған қарлы боран жағдайды қиындатып жіберген. Еткен еңбек еш кетіп, шұңқырлардың біразы қайтадан жылтыр мұзға айналыпты. -Біз қазір Сарқырама су тоғанының үстінде тұрмыз. Судың бетіне қалың мұз қатқан. Ал мына тұрған қамыс түптері мұздың бетіне жасалған ойықтарды білдіреді. Бірақ, оның да көмегі шамалы сияқты. Себебі, түбіне қайтадан сіресіп, мұз қатып жатыр. Ал ақтүтек боран сәт сайын үдеп барады. Көлшіктің өзі еш жерде ресми тіркеліп, ешкімнің қарамағына бекітілмеген. Ал қауіптің неден келгенін анықтау үшін облыстық жануарлар дүниесі инспекциясының мамандары судан сынама алып, зертханаға жіберіпті. Бірақ, мына жағдайдан бастарын арашалағысы келгендей, шаруаның бәрін жергілікті басшылыққа сілтеп отыр. Мұхит Рамазанов, Ақмола облыстық орман шаруашылығы, жануарлар дүниесі инспекциясының бөлім басшысы: -Жануарлар дүниесін қорғау, молайту және пайдалану заңының оныншы бабының 1, 2, 12, 5 тармақтарына сәйкес, ол жұмыстардың барлығын жергілікті атқарушы орган жүргізеді. Ал біздің мынау инспекцияның жұмысы соны бақылау. Біздің инспекцияның тарапынан жергілікті органдарға әкімдіктерге хат жолданылған. Жалпы, Целиноград ауданы бойынша, осындай қараусыз жатқан 16 су тоғаны бар. Бәрінің жағдайын бақылап отыруға жергілікті биліктің қауқары да, қаражаты да жетпейді екен. Ал Арқаның аязынан Сарқыраманың беті күн сайын қалыңдап барады. Қырылып жатқан шабақтар да күн сайын көбейіп жатыр.
Дереккөз: КТК телеарнасы