Әлеуметтік желіде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының бас кеңсесінде түсірілген видео тарап кетті, деп xабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған видеоның ғимараттың 28-ші қабатында орналасқан дәлізде түсірілгенін байқауға болады. Ол дәліз екі мұнараны қосып тұр. Сол жерде қатты желдің салдарынан нысанның қалайша теңселіп тұрғанын анық байқауға болады. Жердегі керамикалық плитка да қозғалып жатыр. Айта кеткен жөн, «ҚТЖ»-ның бір мұнарасы 37 қабаттан тұрады. Оның биіктігі — 156 метр. Ал екінші мұнара 174 метрге дейін созылады. Ол нысанда 40 қабат бар. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі аталған видеоға қатысты түсінік берді. Компания ғимараты 2009 жылы пайдалануға берілген болатын. Жобаны арнайы ұйымдар («Мемсараптама» РМК. «ҚазНИИССА» РМК және тағы басқа) тексеріп шыққан. Конструкция бойынша ондай биік ғимараттар темірбетон каркастан тұрғызылады. Әрбір мұнараның биіктігін ескере отырып, екі нысанның арасындағы дәліздер арнайы шарнирлерге орнатылған. Ондайда қатты жел болғанда нысанның сәл-пәл қозғалып тұруы ескеріледі. Жобаға сәйкес, қатты жел соққанда ғимараттың үстіңгі жағы қозғалып тұрады. Дәліз де норматив бойынша қарастырылған нүктеде орнатылған, — делінген «ҚТЖ»-ның түсініктемесінде. Айта кетейік, бүгін қатты боранға байланысты Астанада табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Желдің қатты болғаны сонша, Агротеxникалық университеттің шатыры көкке ұшты.