Астанада батуттың астында қалған балалардың бірі әлі де ауыр хәлде, аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Кішкентай қыз баланың бас сүйегіне зақым келген. Қалған төртеуінің беті бері қарағанымен, олар да дәрігерлердің бақылауында. Оқыс оқиға өткен аптаның жұма күні болған еді. Қатты желден батут аударылып, бес бала ауруханаға жеткізілген болатын. Ал қалалық төтенше жағдайлар департаменті оқыс оқиғадан кейін дереу батут ойын алаңы орналасқан жердің бәрін тексеруге кіріскен. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Батуттың астында жаншылып қалған балалардың бірі біраз күн ес-түссіз жатып қалған. Жағдайы қиын. Дәрігерлердің диагнозы – бас-ми жарақаты. Біржан Досмайылов, №2 балалар ауруханасының бас дәрігері: — Қазір реанимация бөлімшесінде бақылауда. Адам танып,сөйлей бстады. 4 баланы басқа бөлімдерге ауыстырғаннан кейін белгілі шығар жағдайларының дұрысталып келе жатқаны. Қалған төртеуінің ем-дом қабылдау үшін палатаға ауыстырылғаны болмаса, олар да біраз уақыт бақылауда болады. Кішкентайлардың тағдырын тәлкекке салған қайғылы жәйт өткен аптаның жұма күні, сауда үйлерінің бірінің жанында болған еді. 23 м/с жылдамдықпен жүйткіген қуатты жел ойда жоқта батуттың ойран-топанын шығарды. Осы оқиғадан соң ғана төтенше жағдай мамандары алаңдарын шұғыл тексеруге кіріскен. Еркін Отарғалымұлы, Астана қаласы ТЖД бөлім басшысы: — Мысалы, осы демалыс күндерінде департаменттің оперативті тобымен батуттар орналасуы мүмкін жерлерде рейдтік шаралар жүргізді. Осы рейдтік шаралар барысында батут иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қауіпсіздік ережелері бар жадынамалар таратылды. Ескертпе таратып, алдын ала тексергені болмаса, ешкімді жазалай алмайды. Өйткені, дәл батут алаңқайларының жұмысын ешқандай мемлекеттік орган қадағаламайды. Яғни, жеке кәсіпкерлікпен айналысуға рұқсат ететін құжаты бар көрінген адам қалаған жерінде батут құрастырып ала берсе болады. Мәселен мына жігіт менің батутым мызғымайды деп мақтанып жүр. Жұрттың резіңке ойыншығы төңкеріліп жатқанда, мұнікі орнынан тапжылмапты. Иван Байрамов, батут ойын алаңының администраторы: -Осыдан бірер күн бұрын жел қуаты 23 м/с-қа жеткенде батуттың үстіндегі бүркіті біраз теңселді. Қабырғалары қисайды. Сол күні Жаннұрдың жанындағы батут аударылып қалды. Ал бізде қозғалған жоқ. Өзінің айтуынша, тексеріп келген төтенше жағдай мамандары сенікінен қауіп жоқ деп, қағазға мөр басып, рұқсатын беріп кеткен. Негізі ереже бойынша, дауылды ескерту жарияланған сәтте бүкіл даладағы батут атаулы қызметін тоқтатуы керек. Бірақ, пайданы көздеген кей ойын алаңдары жұмысын бейғам жалғастыра берген. Ал аударылып қалған батуттың қожайынына қатысты қазір «Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет түрін ұсыну» дерегі бойынша тергеу жүріп жатыр. Қатаң жазаға тартылатын болса, 12 миллион теңге айыппұлға жегіліп, өзі 5 жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін.