jasqazaq.kz

«Астана» «Шахтердан» жеңіліп қалды

05 мамыр 2018, 22:40

Бүгін футболдан ел біріншілігінің сегізінші турында қос бірдей күтпеген нәтиже тіркелді.

Теміртауда Қарағандының «Шахтері» осыған дейін жеңілмей келе жатқан «Астананы» қабылдады. Бұл ойынның тағдырын бір ғана гол шешті. 70-минутта қақпаның жақтауына тиіп, кері серпілген допты тоқтатып, қайта тепкен «Шахтердің» құрамындағы черногориялық легионер Дамир Кояшевич өз мүмкіндігін пайдалана білді. Бір қызығы, Д.Кояшевич кезінде «Астана» құрамында ойнаған болатын. Сөйтіп бұрынғы клубынан осылайша «өш алды». «Астананың» сүрінуі мұң екен, турнир кестесінде елордалықтарды өкшелеп келе жатқан Алматының «Қайраты» мұны мүлт жіберген жоқ. Алматылықтар Талдықорғанда жергілікті «Жетісу» командасын 3:1 есебімен тізе бүктірді. Биылғы чемпионаттағы алтыншы жеңісін тойлаған «Қайрат» 20 ұпаймен көш басындағы «Астанаға» жақындай түсті. Елордалықтардың қоржынында 22 ұпай болғанымен, олар бір ойынды артық өткізді. Демек, чемпиондық атақ үшін талас қыза түсті деген сөз. Тағы бір күтпеген нәтиже «Тобыл» (Қостанай) мен «Қайсар» (Қызылорда) командалары арасында тіркелді. Осыған дейін үшінші орында келе жатқан, биыл Еуропа лигасына жолдама алған қостанайлықтар өз алаңында қызылордалықтардан (0:3) ойсырай жеңіліп, жанкүйерлерінің алдында жерге қарады. Есесіне Шымкентте Павлодардың «Ертісін» 1:0 есебімен ұтқан «Ордабасы» командасы 16 ұпаймен үздік үштікке қайта оралды. Төртінші, бесінші сатыдағы «Тобыл» мен «Шахтердің» 13-тен ұпайлары бар. Бұл турда «Атырау» мен «Ақтөбе» командалары 1:1 есебімен тең тарқасса, Петропавлдың «Қызылжары» өз алаңында «Ақжайықты» (2:1) ұтты. Айта кетейік, тоғызыншы тур ойындары Жеңіс күні — 9 мамырда өтеді. Бұл күні «Ақтөбе» — «Жетісу», «Ақжайық» — «Атырау», «Астана» — «Қызылжар», «Қайсар» — «Шахтер», «Ертіс» — «Тобыл», «Қайрат» — «Ордабасы» командалары өзара кездеседі. Соның ішінде әзірге алтыншы орында келе жатқан батысқазақстандықтар алдағы кездесуін Оралда, П.Атоян атындағы стадионда өткізеді. Бұған дейін «Ақжайық» командасының қосалқы стадионындағы жасанды алаң жарамсыз болғандықтан, оралдықтар өз алаңындағы ойындарын Ақсай қаласында өткізіп келген болатын. «Қарашығанақ» стадионында Владимир Мазярдың шәкірттері ел біріншілігінде үш матч өткізіп, соның екеуінде жеңіске жетіп, біреуінде тең түсті. Ал Қазақстан кубогы үшін ойында дәл осы атыраулықтарға есе жіберді. Енді алдағы бәсекенің де қызу өтетіні анық.

 

Бүгін, 15:14
Заманауи медициналық технологиялар дені сау балалардың өмірге келуіне арналған
Бүгін, 10:53
Түркістан: Кентауда модульді капсулалармен жабдықталған демалыс аймағы ашылады
26 маусым, 19:27
Түркістан қаласының жалпы өңірлік өнімі 159,5 млрд теңгені құрады
26 маусым, 19:13
Түркістан: Жылыжай агробазасы - барлық саланы біріктіретін ауқымды бастама
25 маусым, 16:42
Түркістан: Ағын су тапшылығын еңсеру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр
25 маусым, 15:56
Түркістан: Саурандағы индустриалдық аймақтар кәсіпкерлікке серпіліс береді
25 маусым, 15:45
Түркістан: 130 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, 100-ге жуық жоба жүзеге асуда
25 маусым, 14:58
Алматы қаласында жаңа отбасылық емхана пайдалануға берілмек
24 маусым, 16:32
Chevron -ҚМГ: Сенімді серіктестік жолымен