Астанада қаласында, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Әскери музейінде «Қазақстан әскери тарихының өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті.
Оған отандық және шетелдік (онлайн форматта) белгілі ғалымдар мен тарихшылар, аталған саланың білікті мамандар қатысып, әскери тарих пен әскери өнерді дамыту және әскери мұраны зерттеу мәселелерін кеңінен сөз етті.
Конференция жұмысы келесі бағыттар бойынша ұйымдастырылды: Ұлы Даланың әскери тарихын заманауи негізде зерттеу тәжірибесі,Екінші дүниежүзілік соғыстағы ортақ жеңіскеҚазақстанның қосқан үлесі, ежелгі дәуірден қазіргі уақытқа дейінгі қару-жарақтың даму тарихы, ҚР Қарулы Күштердің жауынгерлік дәстүрлері негізінде жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу және т.б.
Алқалы жиынды Қазақстан армиясының негізін қалауға белсене атсалықсан, сол қиын кезеңде әскердің иделология саласын басқарған генерал-майор Марат Нағұманов ашты. Қарулы Күштердің ардагері жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруде осындай басқосулардың маңызды екенін ерекше атап өтіп, әскери педагогика мәселелеріне қатысты өз ойларын ортаға салды.
Содан кейін өз алған ҚР ҒЖБМ Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай Аяған Қазақстанда жасақталған әскери құрамалардың Еінші дүниежүзілік соғыс кезндегі майдан даласындағы жауынгерлік жолы мен кейінгі тағдыры туралы баяндама жасады.
ЕҰУ профессоры, «Мемориальная зона» іздестіру жасағының командирі Майдан Құсайынов мектептер мен колледжерде ерлік сабақтарын өткізудің өзіндік әдістері жөнінде әңгімеледі. Сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақал әлі де тың, сыптығырдай денесіне әскери киім қона кетеді. Майдан аға жасөспірімдермен кездескенде сол замандағы полиртрук, комдив немесе кавалерист формасын киіп, қиын-кескі шайқастардың қалай өткенінін беріле баяндайды. Жиналғандардың алдында ақсақал қолма-қол шайқаста винтовканы қалай қолдану керекетігін іс жүзінде көрсетіп берді. Мұндай кездесулердің жасөспірімдер мен балалардың жадында жатталып қалатыны даусыз.
«Atamnyn Amanaty» ҚБ Басқарма төрағасының орынбасары Әбубәкір Смайылов Жеңістің 80 жылдығы қарсаңындағы қоғамдық ұйымның қызметі туралы айтып берді. Ол баяндамасында соңғы Ұлттық құрылтайда өте маңызды мәселені көтерген Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршиннің пікірін сөзбе сөз келтірді: «Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақстандықтар туралы сенімді ақпарат алатын ұлттық платформа, яғни толық электрондық дерекқор әлі күнге жасақталмаған. Сарапшылардың пайымдауынша майдангер ата-бабаларын іздеуші ұрпақтардың саны 2 млн адамнан асады екен. Қазіргі таңда Қазақстан азаматтары, тарихшылары және шежірешілері майдангерлерді іздеу үшін ресейлік электрондық дерекқорларды пайдаланады. Тағы бір мәселе, майдангерлерге қатысты негізгі құжаттар мен деректер Ресейдің мұрағаттарында. Сондықтан еліміздегі және шетелдердегі жауынгерлердің құжаттарын, деректерін іздестіріп, цифрландырып, арнайы ұлттық портал жасауымыз қажет».
Екінші дүниежүзілік соғыстың өрті Қазақстанның батысын да шарпыды. Сталинград майданы үшін қару-жарақ, дәрі-дәрмек, оқ-дәрі мен жаралыларды таситын эшолондар Орал өңірі арқылы өтті. Әуе қорғанысы штабтарының деректеріне сәйкес фашистік авиация Шонғайға — 24, Сайқынға — 36, Жәнібекке — 40-қа жуық әуе шабуылын жасаған. Толық емес мәліметтер бойынша 300 бейбіт тұрғын мен әскери қызметші қаза тауып, шамамен 250 адам жараланған. Қазіргі уақытта сол аймақта соғыстан қалған, қалай болса солай жерленген, кемінде 50 бауырластар зираты бар, деді баяндамашы.
«Батыс Қазақстан облысы, Бөкейорда ауданында қаза тапқан жауынгерлер мен бейбіт тұрғындардың сүйектерін көтеру үшін №372 және №365 бекеттері бойында қазба жұмыстарын жүргізу мақсатында толық ауқымды экспедиция жасақтаған жөн деп санаймыз. Боздақтарды осылайша құрметпен жер қойнына беріп, бастарына белгі қойып, тарихтың тағы бір ақтаңдақ бетін жапсақ» деп сөзін түйіндеді «Atamnyn Amanaty» ҚБ өкілі.
Бұдан бөлек Астанадағы Польша елшілігінің әскери істер жөніндегі атташесі – полковник Александр Сухенек, «Хазар Әзербайджандардың Астана қаласындағы этномәдени бірлестігі қоғамдық бірлестігінің төрағасы» Махир Мухтар Оглы және т.б. ғалымдар мен ғылыми қызметкерлер конференцияның пленарлық мәжілісінде жан-жақты пікір алмасты.
Ал, Польша институты Тарихи талдау бөлімінің бас маманы – доктор Ева Ковальска, Кеңес Одағының Батыры генерал-лейтенант К. Усенбеков атындағы Қырғыз Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғары әскери институты Қосымша кәсіптік білім кафедрасының бастығы, полковник Ұлан Мырзакұлов өз баяндамаларын онлайн форматта жүргізіп, ғылыми зерттеу жұмыстараясында жаңа ұсыныстары жасады.
«Қорыта айтқанда, осындай конференциялардың жаңа ғылыми жобалардың дүниеге келуімен қатар, жас ғалымдарды тарих ғылымына баулу, ғылыми тәжірибесін арттыруына ықпал етері сөзсіз»,- деді ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Әскери музейінің бастығы, майор Дәулет Қыдыров.
Абзал Ибрагим