Қазақ халқы ықылым заманнан-ақ жесірін қаңғыртпай, жетімін жылатпай, қиындыққа тап болған жандарға шамасы жеткенше көмегін көрсетіп келе жатқан халық. Соңғы уақытта «адамдардың жүрегі қатайып бара жатыр» деген пікір қалыптасса да, қазақы болмысымызды жоққа шығармай, айналасына мейірім шуағын шашып жүрген азаматтардың қатары күн санап көбейіп келеді. Солардың бірі – Түркістан өңірінің бүлдіршіндеріне «Армандар орындалады» жобасы арқылы қуаныш сыйлап жүрген Әсел Бимырзаева есімді қазақ қызы.
Ол осы жобасы үшін былтыр облыс бойынша жылдың «Үздік белсендісі» атанып, «Алғыс күні» мерекесіне орай Астанада өткізілген «Қайырымдылық керуені» V республикалық конкурсында «Мейірім жолында» номинацияна ие болған. Қала мектептерінің бірінде мұғалім болып жұмыс істейтін ол кейбір тұтас ұжымдар атқара алмайтын істі бір өзі іске асырып жүр. Өмірге деген құлшынысы керемет ұстаздың қолдаушылары да уақыт өткен сайын артып келеді. Осы орайда жоба авторын сөзге тартып, бірқатар сауалымыздың жауабын алдық.
– Әсел Махамбетқызы, алдымен өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз?
– Мен Тараз қаласында туылғанмын. Балалық шағым Арыс қаласында өтіп, сол жерде мектеп бітірдім. Содан соң Түркістандағы халықаралық қазақ-түрік университетінде жоғары білім алып, осы қалаға келін болып, қызмет жолымды №17 Ататүрік мектебінде мұғалім болып бастадым. Қазіргі уақытқа дейін сол білім ұясында орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беремін.
– Қазір «Армандар орындалады» жобасын іске асырып келесіз. Бұл идея қайдан, қалай пайда болды?
– Шынымды айтсам, басында бұл ойым іске асып, жоба кең етек алады деп ойламадым. Былтыр «Балалар жылы» аясында көптеген іс-шаралар өтіп жатты. Қарап отырсам, ол іс-шаралардың көбі дені сау балаларға арналған спорттық сайыс, байқау сынды жобалар екен. Ал, ерекше балаларға арналған жұмыстарды байқамадым. (Әрине, бұл жерде біреуге күйе жаққым келіп тұрған жоқ.) Сөйтіп, өзім де ерекше баланың анасы әрі ерекше балаларға сабақ беретін мұғалім ретінде бір жобаны қолға алсам деп ойладым. Оқу жылының аяғына жақындаған мамыр айы болатын. Үйден білім алатын бір оқушыма барып отырғанда «Сен нені армандайсың? Кім болғың келеді?» деген сұрақтарды қойдым. Сонда ол дәрігер болғысы келетінін, осы уақытқа дейін лаваш жемегенін және кинотеатрда көпшілікпен отырып кино көргісі келетінін айтты. Сол кезде менің ойыма бірден «Біз өзі қандай адамбыз?» деген сұрақтар келіп, дымым шықпай, өзімді кінәлағандай болдым. Себебі, өз балаларымды әрдайым киноға апарып, қыдыртып жүремін. Ал, арбаға таңылған ол баланың анасы жалғызбасты болатын. Өздері төртінші қабатта тұрады. Соған қарағанда сыртқа көп шықпайтын болып тұр ғой. Сөйтіп, ол үйден шығып, өз үйіме барғанша жылап бардым. Жеткеннен кейін, жолдасыммен ақылдасып едім, «анасынан рұқсат сұра» деп кеңес берді.
Нәтижесінде, анасының рұқсатын алып, баланы «Ханшайым плаза» деп аталатын ойын-сауық орталығына апарып, қалаған тамағын әперіп, киноны да бірге көрдік. Сол кезде ол бала маған қарап: «Әсел апай, шынымен армандар орындалады екен ғой!» деді. Осы сөз маған қатты әсер етіп, үйге бара салысымен осы жобаның жай-жапсарын құруға кірісіп кеттім. 2022 жылдың маусым айында әлеуметтік салаға жауап беретін мекемелерден 10 ерекше баланың тізімін алып, олармен тілдесіп, армандарын хатқа түсіріп, демеушілердің көмегімен алғашқы іс-шараны өткіздім. Бастапқыда маусым, шілде, тамыз айларында, яғни жазғы демалыста ғана өткіземін деп ойлағанмын. Бірақ, тамыз айына келгенде 5-6 адам хабарласып, «маған бір хат дайындап қойшы» деп айтып жатқасын, арғы жағындағы 4 адамды табу қиындық тудырмады. Солай-солай жоба қолдау тауып, бұл іспен айналысып келе жатқаныма бір жылдай уақыт болып қалыпты.
– Осы іске кірісер кезде қандай да бір кедергілер болды ма? Қандай қиындықтарды еңсере алдыңыз?
– Әлбетте, қиындықсыз іс болмайды. Мысалы, бастапқыда бала хаты табысталған кей демеушілер тура іс-шара жақындаған кезде телефон тұтқасын көтермей, хат-хабарсыз кеткен жағдайлар болды. Сондай сәттерде «енді не істеймін?» деп қатты алаңдадым. Дегенмен, балалардың несібесіне қарай ойламаған жерден демеушілер табылып, мәселе оңынан шешіліп жатты.
– Жобаны жалғыз өзіңіз ұйымдастырып, өзіңіз жүзеге асырып жүрсіз ба? Әлде «кадрдың сыртында» жүрген жандар да бар ма?
– Бұл жобаны өзім бастадым дегеніммен, жолдасым және үлкен ұлым мен қызым әрдайым қасымда жүріп, көмектерін көрсетіп келеді. Сонымен қатар, іс-шара ұйымдастырар кезде облыстық жастар ресурстық орталығы, қала әкімдігі мен мәдениет бөлімі қолдау көрсетуде. Сондай-ақ, осы жобаны естіген қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков: «Сіз балаларға сыйлық беріп қоя салмаңыз. Мен олардың электрокармен, «Керуен сарайдағы» қайықтармен серуендеуіне мүмкіндік жасайын» — деп ұсыныс айтқан кезде төбем көкке жеткендей қуандым. Себебі, балалардың 80 пайызға жуығы «кесенеге барып дұға жасап, қайықпен серуендегім келеді» деп айтып жатады.
– Демеуші табу қиындық тудырмай ма?
– Шыны керек, осыған дейін демеуші табу тұрғысынан қиналған жоқпын. Дегенмен, арасында жауапсыз қалдыратындар, сөзінен тайқып кететіндер кездесіп жатады. Жағдайын дұрыстап түсіндіретіндер де бар. Бір айта кетерлігі – осы уақытқа дейін өзім танитын, әлеуметтік желі парақшасында достықта бар бірнеше Мәжіліс депутаттарына хабарласқанымда, біреуі де ұсынысымды кері қайтармады.
– Қазіргі қалталы азаматтардың қайырымдылық жасауға деген ықыласы қандай?
– Бүгінде жаны жомарт, жүрегі мейірімді азаматтар көп. Бірақ, барлығы бірдей қайырымдылық жасауға құштар деп те айта алмаймын. Тіпті, демеушілерге қатысты «ой, бұлардың бәрі өзіне реклама жасап жүр ғой» деп тиіскендері де болды. Рас, кей азаматтар атын айтпауды өтінсе, енді бірі «менің атым аталмай қалды» деп жатады. Ал, маған демеушілер атын шығару үшін немесе мақтану үшін қайырымдылық істей ма, қызық емес. Ең бастысы – қоғамдағы ерекше балаларға қуаныш сыйлау.
– Жергілікті билік өкілдері қолдау көрсетіп жүр ме?
– Жаңа ғана айтқанымдай, қала әкімі мен орынбасары, әкімдік қызметкерлері, баспасөз қызметі мен облыстық қоғамдық даму басқармасы әрдайым қолдарынан келген көмегін аямайды.
– Осы уақытқа дейін шамамен қанша балаға қуаныш сыйладыңыздар? Сіздің ойыңызша, бұл жоба қай уақытқа дейін жалғасады?
– Жалпы, өткен жылдан бастап жоба арқылы 170-тен астам баланың арманын орындаған екенбіз. Демек, еліміздің осыншама азаматы қайырымды іске үлес қосты деген сөз. Бастапқыда қала көлемінде іске асырылған жоба қазір облыстық деңгейге көтерілді. Мәселен, өткен жолы Отырар, Бәйдібек аудандарынан ерекше балалар алдырдық. Олардың арасында Түркістанды мүлдем көрмеген балалар да болды. 22 маусым күні кезекті іс-шарамызды өткіземіз. Оған Арыс, Кентау қалалары мен Ордабасы ауданының ерекше балалары қатысады деп жоспарланған. Жалпы, осындай игі іс-шараға бейжай қарамайтын жомарт жандар табылып тұрса, мен шамам жеткенше бұл істі жалғастыра беремін және ауқымы кеңейе береді деп ойлаймын. Қазір осы жоба аясында бірнеше іс-шара өткізіліп жататынын да естимін. Ол да қуантарлық жағдай.
– Іште қалып бара жатқан ойлар бар ма?
– …Жалпы, мен он жылдан астам уақыт бойы ерікті ретінде қоғамның дамуына азды-көпті үлес қосып жүрмін. Жасырмаймын, алғаш рет жалғызбасты, көпбалалы аналарға көмек беріп көрдік. Кейін жағдайымыз асып-тасып тұрмағандықтан қиналыңқырап жүрдік. Өзіміз пәтер жалдап тұратынбыз. Мен жұмыссыз болатынмын. Жолдасым: «Қайтесің, шаршайсың ғой. Оның үстіне әр жағдайы төмен отбасын көріп қайтқан сайын мұңайып қала бересің, жүрегіңе жақын қабылдайсың» — деген сөздерді жиі айтатын. Кейін менің алған беттен қайтпайтыныма көзі жетті ме, тек қолдау көрсетіп келеді. Ал, мен үшін ол кісінің қолдауы өте маңызды.
…Әр жұма сайын тұрақты түрде көмек бергісі жандар қаржы салып тұрады. Мен ол дүниені өз мақсатына жұмсап, есебін беремін.
…Жеке кәсіппен айналысу ойымда да жоқ. Мұғалімдік қызметім ұнайды. Шәкірттерім жетістіктерге қол жеткізген сайын, төбем көкке екі елі жетпей тұрады.
…Осы қайырымдылық акциясын желідегі достарым «Ақниет», «Әселдің ақниеті» деп атап кетті. Желіге жазба қалдырудағы мақсатым – көмек бергісі келетін жандарды құлағдар ету. Нәтижесінде тек Түркістандағы ғана емес, Шымкент, Кентау қаласынан көмек сұраған жалғызбасты аналарға да көмек көрсете алдық.
…Тағы бір ерекше оқиғаны айта кетсем. Бір күні облыстық полиция департаментінің бастығы, генерал Мұрат Талапұлымен байланысқа шықтым. Сонда ол кісі көмек көрсететін баланың үйіне барып, арманын орындағысы келетінін айтты. Содан, бұл ойы орындалып, бүлдіршінге батасын беріп, өзі де баланың 90 жастағы әжесінен бата алып қайтты.
…Балалар әрдайым үлкендердің қамқорлығы мен қолдауын сезінулері керек. Зорлық-зомбылықсыз, бақытты балалық шақты бастан өткізулері үшін қоғам болып белсенділік таныту өте маңызды. Ерекше күтімді қажет ететін балалардың қоғаммен етене араласып, өзіндік орындары бар екендіктерін жете түсінулеріне жағдай жасау назардан тыс қалмауы қажет. Қолжетімді, әрі ыңғайлы білім алуларына жағдай жасау, қоғаммен бірге жайлы өмір сүруге талпындыру, қамқорлықты сезіндіре отырып, балауса жүректеріне мейірім дәнін себу – біздің басты міндетімізге айналғаны абзал.
…Жалпы, қайырымдылық акциясын ниет білдірген демеушілердің арқасында жүзеге асырып жүрмін. Ол кісілерге алғысым шексіз!
– Өнегелі ісіңіз және сұхаттасқаныңыз үшін шын жүректен алғыс білдіремін! Балалардың барлығы бақытты, азаматтардың жүрегі жылы, тілегі ақ болсын!
Сұхбаттасқан: Бауыржан Мейірханұлы,
Түркістан қаласы