Аз қазақты оралман және жергілікті деп бөліп, әлеуметтік араздықтың отын үрлеп жатқандар көп. Арам пиғылын ішке бүгіп ақпарат таратып жатқан БАҚ солармен бірге үн қатуда. «Өйтпесеңдер бүйтеміз, бүйтпесеңдер сүйтеміз» – деп дәурігіп, орынсыз талап қойып, көзі қызып жүргендердің қапыда кеткен марқұмдарға қатысы да жоқ. Арзан атақ, парықсыз пиар, беделсіз рейтинг үшін айғайлауда.
Дәл осы сәтте еліміздің оңтүстігінде, бастысында және өзге де өңірлерінде ірі жол апаттары болып, ондаған адам ет турағыштан өткендей мылжа-мылжа болды. Олар да қапыда кетті. Ешкім де қашан өлетінін білмейді. Әлгі шуылдақтар оларға қайғырып жатқан жоқ. Бұлардың өлімі туралы айтудан пайда жоқ. Әлеуметтік араздық тудыруға, пиар жинауға реті келмейді. Ал мынау Қытайдан көшіп келген үш қандастың мезгілсіз қазасы оң жамбасқа келетін оқиға. Полицияны да, билікті де, ұлтшылдарды да, діншілдерді де сынап-мінеп қалуға таптырмайтын сылтау. Неткен төмендік, қандай арсыздық?!
Ендеше, қанды қол қылмыскердің үш арысты өлтіруін — Қазақстанды үрейлі ел етіп көрсетуге пайдалану — одан үлкен қылмыс. Ұлттық қауіпсіздікке төнген қатер. Сондықтан қауіпсіздің орындары елге үрей себушілерді де жауапқа тартуы тиіс.
shyn.kz