ОҚО Сарыағаш ауданы Абай ауылында зорланды деген 7 жасар баланың ісіне қатысты Бас прокуратура тарапынан тергеу-тексеру амалдары жалғасып жатыр. Бұл туралы осынау істің басы-қасында жүрген қоғам белсендісі Аружан Сайын өзінің Facebook-парақшасында жазды.
Оның айтуынша, зәбір көрдім деген 1-сыныптың оқушысы прокурорларға оқиғаның болған жерін және қалай болғанын айтып-көрсетуі тиіс.
«23 наурыз күні анасы мен баласы Абайға кетті. Тергеудің қанша уақытқа созылары белгісіз болғандықтан, пойызға немесе ұшаққа алдын ала билет алу мүмкін болмады. Сондықтан, оларды көлікпен жіберуді шештік. Ана мен баланың жанында полиция қызметкерлері, ДОМ қорының өкілдері болды. Олар кешке Абай ауылына келіп жетті. Баланың қорғаушысы Бауыржан Азанов Алматыдан Шымкентке ұшақпен аттанды. 24 наурызда олар күні бойы Бас прокуратура қызметкерлерімен жұмыс істесті. 25 наурыз күні тергеу амалдары жалғасты», — деп жазды Аружан Сайын өзінің ілеуметтік желідегі парақшасында.
Қоғам белсендісінің айтуынша, қазіргі таңда шетелден мамандар тартып, балаға экспертиза жүргізу жұмыстары ұйымдастырылып жатыр екен. Мұны баланың анасы сұраған.
«Жақсы жаңалыққа келер болсам, ана мен бала әжесімен және әпкесімен кездесіп, сөйлесті. Бала өзінің ойыншықтарын және велосипедін алып кетті, біз қуаныштымыз», — деді ол.
Оның айтуынша, қазір аталған іс бойынша жаңа деректер анықталып жатыр екен.
«Біз бұл іс бойынша дабылды хабарлар да алып жатырмыз. Аталған жайтқа қатысы болуы мүмкін балалар тарапынан ақпараттар түсіп жатыр. Біз оларды ҚР Бас прокуратурасының арнайы прокурорына хабарлап жатырмыз», — деді Аружан Сайын.
Еске салайық, осыдан бірнеше күн бұрын Абай ауылындағы 7 жасар бала туралы ақпарат бүкіл елге тарап, қоғамда қызу талқыға түскен болатын. Баланың әжесі журналистерге арызданып, өткен жылдың тамыз айынан бері немересін жоғары сыныптың оқушылары зорлап келгенін айтқан. Алайда, полицейлер де, мектеп директорлары да ешқандай шара қолданбады дейді зейнеткер.
Дереккөз: sn.kz