Жамбыл облысындағы «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі фосфат өндіріп, дайын өнімді экспортқа шығарушы һәм ішкі нарыққа жеткізуші іргелі ұжым. Қазақстанның Еңбек Ері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің, «Химия өнеркәсібінің үздік қызметкері» төсбелгісінің иегері Мұқаш Зұлқарнайұлы Ескендіров осы ұжымды ұзақ жыл басқарып, жемісті еңбек етті. «Күнде қолға түсе бермейтін» Қазақстанның Еңбек Ерімен жүздесіп, сұхбаттасудың сәті туды.
«Уақыттың ұршығы тым қатты айналып жатқандай, тіпті 40 жастан асқанда ертең жаңа жыл келіп қалатындай сезінесің. Жұмыс бабымен жүргенде уақыт өте тығыз еді. Балаларымның қалай есейгенін, немерелердің алды қалай өскені есімде қалмапты. Өйткені іссапардан кейін іссапар күтіп тұрды. Қазір енді қауырт шаруадан мойын босады, жеңешең екеуміз немерелеріміздің қызығына кенеліп жүрміз», – дейді ағамыз.
Jas qazaq: Қазір жеке шаруамен жүрсіз, уақыт жағы еркіндеу дегендей.
Мұқаш Ескендіров: «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде табан аудармастан 40 жылдай қызмет атқардым. Шымкенттегі Қазақ химия-технологиялық институтын бітіріп келген түбіт иек жігіт желең шағымнан асқаралы алпыс жастан асқан кезге дейін фосфор өндірісінде еңбек еттім. Айтайын дегенім, жұмыс кезінде уақыт өте тығыз еді, шетелге іссапар, ел ішіндегі қат-қабат шаруа, сансыз кездесу, жиын, жиналыс дегендей өмірдің ағысына ілініп кете бересің. Қазір енді уақытымды мейлінше отбасыма, ошағыма, немерелеріме бөлуге тырысып жүрмін. Қауырт жұмыстан босаудың ұтымды тұсы ет жақындарыңа, отбасыңа көп көңіл бөлудің мүмкіндігі мол екен.
Jas qazaq: Балдан да тәтті немере, «өз балаңды өскенше, немереңді өлгенше бағасың» деген ғой қазекем.
Мұқаш Ескендіров: Жаңа студенттік кезеңді аяқтап, жолдамамен Жамбыл фосфор зауытына жұмысқа орналастым дедім ғой. Өмірлік қосағыммен отау құрып, шаңырақ көтердік, ұрпақ сүйдік. Шынын айтқанда, балаларымыздың қалай есейгені есімде онша қалмапты. Өйткені ата-әжесі қарады да, біз жұмыс істедік. Табиғаттың бұлжымас заңы ғой, қазір енді өзіміз де ата болып, ақ жаулықты әже атанып, немерелердің қызығына тоймай, қуанышына көңіліміз өсіп, марқайып қаламыз. Кейде олардың бір «шеше алмай жүрген мәселесі» болып қалады. Бала ғой, көңілі соққан затын, жүрегі қалап тұрған ойыншығын алғысы келеді. Ата-анасы кейде айтқанын екі етпей орындауға асықпайды. Содан қайтеді, томпаңдап атасы мен әжесіне келеді. Біз енді олардың қандай өтініші болса да жан салып кірісуге бейілміз. Әке-шешесіне бұйымтайын айтайын десе, қатуланып тыңдай қоймайды, сосын бізге қарай беттейді. Міне, осындай қызықты күндерімізді ел ішінде өткізіп келеміз.
Jas qazaq: Өткен жолы сұхбаттың уақытын белгілеп, уағдаласқанда жаттығу залына барып жүргеніңізді айттыңыз. «Басты байлық денсаулықтан» асқан қадірлі жоқ» деген едіңіз.
Мұқаш Ескендіров: Әрине, он екі мүшең сау болмаса, мына заманда біреуге сыя қоюың да екіталай. Қоғам өзгерді деп бәрін соған арта береміз. Адамдардың пейіліне қарай бәрі. Не көрсең де ықылас, ниетіңнен табасың. Денсаулық әркімге де қымбат. Қызметте жүргенде уақыт тығыздығынан көп көңіл бөле алмадық. Жаттығу залына барамын, жасыма сай жаттығу жасап, темір көтеріп дегендей. Жалпы дені сау ұлт қана бәсекелестік майданында өзгелерге төтеп береді. Салауатты өмір салтын ес кірген баладан бастап барлығы да ұстануы керек. Өз денсаулығың өзіңе керек, өзге ешкімге емес.
Jas qazaq: Ойыңыз дұрыс қой. Бірақ біз осы салауаттылық дегенді көзбояу тірлікке, науқаншылдыққа айналдырып алған секілдіміз. Әр өңірдің әкім-қаралары кәсіпкерлерді, атымтай-жомарт азаматтарды, байларды «байлап қойып» алаңқай салу, спорт кешенін ашуды өрістетіп келеді. Мемлекеттік бюджет есебінен салынып жатқан спорт орталықтары, алаңдары қаншама. Қарның ашатыны, солардың басым көпшілігі қаңырап бос тұрады, кейбірінің есігінде күректей құлпы бар. Мысалы, өзім тұратын «Зерделі» ықшам ауданында бюджет қаржысына төбесі жабылған жекпе-жек спорт түрлеріне баулитын шағын кешен салынды. Салтанатты ашылуына аудан әкімі, спорттың басшылары, кәсіпкерлер келіп қатысты. Ертелі-кеш жанынан өтемін, ішінде жаттығу жасап жатқан бала да жоқ, үйретуші бапкерді де көрмейсің.
Мұқаш Ескендіров: Кәсіпкер ретінде Жамбыл облысында бірнеше аулаға спорт алаңқайын салып бердім. Қазір оның жай-күйі қандай, халықтың кәдесіне жарап тұр ма, әлде сындырып бүлдірді ме, бейхабармын. Меніңше, спорттық алаңқайларды, жаттығу орындарын тек қалалықтарға ғана орайластыра бермей, ауыл халқының да қажетін өтеп, жағдай жасалғаны дұрыс. Мұның барлығы да келешектің еншісіндегі шаруа. Салауаттылықты насихаттауды, өрістетудің тетігін таба алмай жүргендіктен де жаңағы науқаншылдыққа айналып жатқаны. Спорт саласы бойынша мамандар оқуын бітірген соң жұмыссыз жүреді. Ақырында басқа саланың шылбырынан ұстап спорттан, бапкерліктен кетеді. Болмаса, төленетін жалақы да мардымсыз екендігі сылтауына сүйеу болады. Жаңағы өзіңіз айтқан жаттығу залдарын, спорт кешендерін адам аяғы сирек басуының бір кілтипаны осында. Қала берді, жекелеген спорт кешендерінің қызмет көрсету құны удай қымбат. Қарапайым халыққа тым ауыр тиеді. Күнделікті нан-суын әзер айырып, несиесін төлеп, одан тартқанын қай жыртығына жамау ете алмай жүрген қамкөңіл адамнан қалай «салауатты өмір салтын ұстан, жаттығу залына, бассейнге бар деп қалай айтасың. Балаңызды спорт үйірмесіне берсеңіз де, қалтаңызға қымбатқа түседі.
Jas qazaq: Салауаттылықпен сабақтастыра айтсақ, біздің елдің кәсіби спортының қазіргі биігі Токио Олимпиадасында қылаң берді. Өктембіз, басымбыз деген секілді өркөкіректікпен кеудемізді бастырғымыз келмейді.
Шіренгенде айылбауымыз үзіле жаздайды. Шынтуайтына келгенде, көрсеткішіміз түймедей ғана.
Мұқаш Ескендіров: Бапкерлер, сол саланың білікті мамандарының аздығынан да спорт кешендерінің есігінде құлып тұратыны.
Jas qazaq: Сіз «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры қызметінен кеткеніңізде өзіңіз басқарған ұжым (фосфор өндірісінде 6300-ге тарта адам еңбек етеді – ред.) үлкен құрмет көрсетіп, қимастықпен шығарып салғаны әлеуметтік желіде кеңінен тарады. Басшы мен ұжымның арасындағы байланыстың қандай биікте екенін бағамдадық.
Мұқаш Ескендіров: Өзім фосфор өндіретін зауытқа оқуымды бітіріп, жас маман ретінде жұмысқа келдім. Барлық еңбек сатысынан өттім. Өндірістің ішінде біте қайнасып өскендіктен әр қызметтің ауырлығын сезініп, түйсінемін. Сондықтан да өзім өткен жолда жүрген жас мамандардың әлеуметтік-материалдық шаруасының түзелуіне титтей де болса септігімді тигізсем, жел жағына пана болсам деп ойладым. Ұжымның қимастығын мен бауыр басқандық деп ұғындым.
Jas qazaq: Сіздің қызыңыз да, ұлыңыз да жоғары білімді, өз саласының білікті маманы. Өзіңізбен танысқалы байқап жүрмін, ұлыңыз да, қызыңыз да қызмет жолындағы биігіне өзінің ақыл-парасатымен жетіпті. Әкесінің қолындағы қызметі мен мойнындағы мансабын малданып жүргендер қаншама. «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деп жүрген көкезу, сыңаржақ дымбілместердің діңкелетіп жүргені және бар.
Мұқаш Ескендіров: Бала күнімнен ата-анамның бір жағына шығысып, қолғанаты болып есейгендіктен де еңбекпен жету деген ұстанымнан айныған емеспін. Аллаға сансыз шүкіршілік деймін, қызымыз да, ұлымыз да өзінің ақыл-парасатымен мектепті жақсы бағаға бітірді, жоғары білім алғанда да үздіктер қатарында болды. Қызмет барысында қандай лауазымға тағайындалса – өздерінің ақ адал еңбегі. «Біз Қазақстанның Еңбек Ерінің баласы едік» деп ешкімнің есігін қағып, мансап сұраған емес. Өзім де араға адам салып, беделімді пайдаланып, балаларым жоғары қызметте болса деп ойламаймын. Көзің ашық, санаң сергек, ақыл-парасатың толысқан, кемелденген кадрға қашанда орын табылады, қызмет тиеді. «Жетекке алған тазы түлкі алмайды» деп қазекем тегіннен тегін айтқан ба. Одан кейін «әкенің жиғаны балаға дүние болмайды» дейді. Ата-аналық парызымыз өнегелі тәрбие беріп, оларға жоғары білім алуына септігімізді тигізсек дедік. Қазір өз арбасын өздері сүйреп, тіршілік етіп жүр. Менің ұғымымда осындай ұстаным: әркім арбасын өзі сүйреуі керек. Масылдықтан арылмай өрге шығуға мүмкіндік тумайды.
Jas qazaq: Әңгімеңізге рақмет, аман болыңыз.
Сұхбаттасқан
Қуаныш Нұрданбекұлы