Шеті опырылған нысанды қалпына келтірудің қажеті жоқ! Қызылордада бір жақ бөлігі құлаған жатақхана түгелдей сүрілетін болды. Ал, оның тұрғындарын далада қалдырмаймыз деп сендірді шенеуніктер. Салынғанына жарты ғасырдай болған үйдің оң жағы кеше түнде жермен-жексен болған.
Құдай сақтап, нысанның үйіндіге айналған бөлігінде адам тұрмапты. Ал, келесі шетіндегі 46 отбасы түн ортасында жақын маңдағы мектепке көшірілді. Әбден шошынып қалған халыққа психологиялық және медициналық көмек көрсетілген. Төтенше жағдайдың нақты себебі анықталуда. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Төтенше жағдай кеше түнде Титов кентінде болды. 5 қабатты жатақхананың бір бөлігі әпсәтте құлап, үйіндіге айналған. Қайта бұл жолы адам шығыны болған жоқ. Өйткені, онда ешкім тұрмапты. Десе де, бөлмелерді қыруар ақшаға жөндеп, әне-міне көшкелі отырған тұрғындар бар. Олардың су жаңа мүліктері қиранды астында қалған. Сая Нұсамбекова, Қызылорда қаласының тұрғыны: — Қаншама зат ішінде қалды. Жақында жөндеу жасадық. Батарея тарттық. Енді шығынды кім өтейді? Апаттан үйдің сол жағында тұратын халық та қатты қорқып қалған. Сондықтан, түн ортасында сергелдеңге түскен жұртқа психологиялық көмек көрсетілді. Әрі 46 отбасы бірден жақын жердегі мектепке көшіріліпті. Олар тамақ және дәрі-дәрмекпен қамтылған. Десе де, мұндағы жағдайға көңілдері толмай отыр. Әсіресе, мүгедектерге қиын соғуда. Роза Кеңесбаева, Қызылорда қаласының тұрғыны: — «Мұрагер» мектебіне апарды, бұл жақта мүгедектерге жағдай жасалмаған ғой. Бір-екі сағат отырдық та, кеттік. Үйің қирап жатқанда қайдағы ұйқы? Жатақхана тұрғындары мектепте ұзақ тұрақтамайды дейді билік өкілдері. Яғни, олар жалдамалы пәтерге қоныс аударады. Оның 6 айлық ақысын мемлекет мойнына алмақ. Асылбек Шәменов, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары: — Мәслихаттың шешімі бар, осындай жағдайлар орын алғанда, осы тұрғындарды уақытша пәтермен қамтамасыз етуге. Сол бағыт бойынша біз жұмыс жасап, біз осы 46 отбасын сол бағытта орналастырып, жұмысымызды жасаймыз. Тіпті, жарты жылдан кейін мемлекеттік бағдарламамен үй беріледі деп уәдені үйіп-төкті. Сонда да, қарашаның далада қаламыз ба деген үрейі басылар емес. Өйткені, бұған дейін бөлмелерін жекешелендірмепті. Ал, опырылған нысан түбегейлі сүрілетін болды. Негізі бұл жатақхана жарты ғасыр бұрын салынған. Соған қарағанда, апатқа оның әбден ескіруі себеп болуы мүмкін. Бірақ, жазатайым оқиғаның нақты себебі енді анықталады. Белгілісі, бұған дейін үй апатты деп танылмаған. Қазір оқиға орнында құтқарушылардың жұмысы жалғасуда. Олар үйінділерді тазартып жатыр. Ал, үйсіз қалған халықтың жағдайын назарда ұстау үшін арнайы комиссия құрылды.