Қазақ эстрадасында топтан кетіп, өзінің дара жолын тапқан өнер иелері көп. Солардың бірі – Ұшқын Жамалбек. Кезінде «Алашұлы» тобында өнер көрсеткен дарынды әнші, талантты әрі ерекше композитор, музыкалық кеңесші Ұшқын Жамалбектің жеке шығармалышық жолға түскеніне де 1 жыл толды. Today.kz орындаушылық қабілетімен де, сазгерлік қырымен де тыңдарман көңілінен орын алған әнші-сазгермен сұқбаттасып қайтты.
– Ұшқын, қайырлы күн! Өзіңіздің тынымсыз әртіс екеніңізді жақсы білеміз. Шығармашылығыңызда қандай жаңалық бар? Әңгімеміздің әлқиссасы осы болсын.
– Қазір жалпы шығармашылықтың үрдісі жүріп жатыр деп ойлаймын. Жеке шығармашылыққа кеткеніме 1 жылдан асты. Жаңа әндер жазып жатырмын, жаңа бейнебаяндар түсіріп жатырмын. Бірнеше кинолардың саундтрегін жазу туралы ұсыныс келіп жатыр. Соған орай шығармашылық жұмыстарымызды жүргізіп жатырмын.
– Жақында ғана Мәдина Сәдуақасовамен Маңғолиядағы қандастарымызға концерт беріп, гострольдік сапардан оралдыңыз. Маңғолия жеріне неге Мәдина Сәдуақасовамен бардыңыз?
– Мәдина Сәдуақасовамен барған себебім, біріншіден ол кісіні Маңғолиядағы қандастарымыз концерт беруге шақырыпты. Содан кейін Мәдина «Жалғыз бармаймын, барсам бір әншімен барамын, екеуміз барамыз» деп маған келді. Ойына бірінші мен түскен сияқтымын. «Репертуарымызды жаңартайық, бірге жұмыс істейік, сосын барайық» деген ойын айтты. Студияға келді. Өзім де шығармашылықты жақсы көретін адам болғандықтан оған қарсылық білдіргенім жоқ. «Барсақ, барып қайтайық» деп 14 наурыз бен 17 наурыз аралығында 3 қалада 4 концерт бердік. Қобды аймағы, Баян-Өлгей және Ұланбатыр. Баян-Өлгейде 2 концерт бердік. Халықтың ықыласын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қазақтың жақсы сөзі бар ғой «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы кісі аттан түсіп, сәлем береді» деген. Соның нағыз үлгісін көрдік. Халқы да өнерді, өнерден бөлек қазақтың мұрасын, ата салт-дәстүрін, көне заманғы біздің әуендерімізді сағынатыны жүректерінен, іс-әрекеттерінен айқын көрінеді. Аяғымызды жерге тигізбеді. Өте жоғары деңгейде қарсы алды. Айтады ғой «Егер өзіңнің жұмысыңды жақсы көрсең, ешқашан жұмыс істемейсің» деп. Кейде мүлдем жұмыс істеп жүрген жоқпын деп уайымдап кетемін.
– Биыл күзге жеке концерт бергіңіз келетінін жеткізген екенсіз. Күзде концерт бола ма?
– Кесіп айтқан ештеңем жоқ. Ол әрбір әншінің ойында бар. Оған жоспарлау керек. Мен өзімнің әншілігімді, өнерімді ешкіммен салыстырмаймын. Өзімнің басқаша деңгейім, көзқарасым бар. Соған сәйкес, өзімнің музама сәйкес деңгейдегі концерт беру – арманым. Менің концертім екіге бөлінетін шығар деп ойлаймын. Біріншісі, өзімнің шығармашылық концертім, тек қана өзім ән айтамын. Екіншісі сазгерлік. Биыл бола ма білмеймін. Бірақ дайындық үстіндемін, ой үстіндемін. Бас-аяғын тауып алу керек болып тұр.
– Димашқа арнап бір емес екі ән жазған екенсіз. Димашпен араңызда қандай байланыс бар?
– Димаш екеуіміздің музатануымыз ұқсас. Негізі әншілердің арасында бар шығар деп ойлаймын, кейбір аккордтарды, иірімдерді жақсы көретін, әуендерін тыңдағанда тұла бойың дір ете қалатын. Сондай ұқсастығымыз бар. Жазған әндерімді Димаш жақсы көріп, «айтамын, репертуарыма қосамын» деп уәде берді. Менің берген әнім баяулау ән болды. Жалпы шығармашылығымызда үйлесімділік бар.
– Қазақ эстрадасынан кімдерді мойындайсыз?
– Қазақ эстрадасында мойындайтын, жақсы көретін әншілерім бар. Мейрамбек ағаларымыз, Музарт тобы, Роза апамыз, Мақпал апамыз. Олардың еңбектерін мойындаймын. Өнерлерімен халықтың ықыласына қалай бөленіп жүргендерін мойындаймын, қызығамын, болғым келеді сол кісілердей. Аға буындарымыз ғой енді. «Досмұқасандағы» ағаларымыз бар. Олар енді халықты мойындатқан, халықтың сүйіктісіне айналған жандар ғой. Өнер адамы болғандықтан сол кісілерді көріп, менде талпыныс болды.
– «Алашұлы» тобында жүргеніңізде сіздің айдар шашыңыз бар еді. Қазір қайда?
– Мен академияда (Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, – ред.) актер мамандығын бітірдім. Ол кезде шаш керек болды. Ұзын шаш болды. Одан алып тастадым. Түйірін қалдырдық. Барлығы жастықтың әсері ғой. Ол кезде қызық қой, бірақ қазір де қартайып тұрған ештеңем жоқ. Заманауи сән болды десек те болады.
– Әлеуметтік желіден «Ұшқын «Алашұлы» тобынан кеткеннен кейін ашыла бастады» деген пікірді көзіміз шалды. Бұл пікір дұрыс деп есептейсіз бе?
– Дұрыс деп айтсам да болады, бір жағынан. Өйткені, мен өзім қаладым ғой. Жеке шығармашылықпен айналысуды қаладым. Ұрысып қалып, келіспей қалып, кетіп қалған жоқпын. Бауырмыз әлі күнге дейін, доспыз. Адам жеке шыққаннан кейін не істесең де өзің ойлап, істейсің. Өзім істейін деп жүрген нәрселерді қолымнан келгенше істеп жүрмін деп ойлаймын. Шығармашылыққа деген талпынысым тіпті артқан сияқты. «Алашұлы» тобы кесірін тигізі деп мүлдем айтпаймын. Ол менің сахнаға шыққандағы алғашқы өнер ұям ғой.
– Былтыр жазда маған берген сұқбатыңызда «Орындалмай келе жатқан арманым – ата-анамды Қытайдан елге көшіріп әкелу» деген едіңіз. Осы арманыңыз орындалды ма?
– Жоқ, әлі орындалмады. Әлі сол арманға жұмыс істеп жатырмын. Өйткені, қазір жағдай бұрынғыға қарағанда біраз қиындап кетті. Қытайдағы менің ата-анам ғана емес, басқа да бауырларымыздың келуі өте қиын жағдай болып жатыр. Саяси жағынан. Ашығын айтсам, қазақтарға қысым болып жатыр ол жақта. Әлеуметтік желі де шулап жатыр ғой. Оны жасырып-жабатын ештеңеміз жоқ. Не үшін екенін білмеймін, бауырларымыздың төлқұжатын алып алған. Баяғы ұлы көшіміз тоқтап қалды деп ашық айта аламын. Үнемі күн бұлтты бола бермейді ғой, күн ашылатын күн болды. Сол күнді күтеміз.
– Өзіңіз қашан отау құрасыз?
– Осы арманым орындалғаннан кейін.
– Сазгерсіз. Әрі әннің орындаушысы да өзіңізсіз. Музыканы да өзіңіз әрлейсіз. Мұнша іске шабыт пен қуатты қайдан аласыз?
– Сөзімнің басында да айтып кеттім, өзінің жұмысын жақсы көрген адам «жұмыс істедім» деп айта алмайды. Ән жазуды, шығармашылықпен айналысқанды жақсы көремін мен. Менің одан энергиям таусылып кетпейді. Бір Алланың берер қуаты таусылмасын. Екіншіден, өмірден аламын. Өмірдің өзі бізге көп шабыт береді ғой, дұрыстап қарасаңыздар. Кей кезде тәубеңе келетін кездер болады. Адам өз өмірін өзі жасай алады. Жақсылықпен өмір сүрсе көңіл-күйің жақсы болады. Көңіл-күйім жақсы болған кезде жұмыс істеуден тайынбаймын. Жұмыс істеуден шаршаған емеспін.
– Сіздің Ugai орталығыңыздың тіл үйрететін курстары да ашылған сияқты. Бұл әншіліктен бөлек жеке бизнес пе?
– Иә, ашылды. Алматыда белгілі себептермен жабылып қалды. Астанада бөлімшеміз бар. Өзіміздің қандас інімізге қолдау білдіргенмін. Ол іске мен араласпаймын, тек біздің «Ugai» брендін, атауын ғана қолданады.
– Көрермен көріп үлгерген «Тар заман», «Тас өткел» тағы да сол сияқты бірнеше телесериалдар мен Азамат Сатыбалдының «Бір сен үшін» фильміне саз жаздыңыз. Сұқбаттың басында да фильмдерге саундтрек жазу туралы ұсыныс келіп жатқанын айтып өттіңіз. Қандай фильмдердің әуенін дайындап жатсыз?
– 3-4 фильмнен ұсыныс келді. Олар маған ойын айтады, мен жазып тапсырамын. Өте ме, өтпей ме белгісіз. Міндетті түрде менің әнімді алу керек деген әңгіме жоқ бұл жерде. Жақында «Караман» деген фильм шығады. Сол киноның саундтрегін жаздым. Тағы 2-3 фильм тұр. Оларды жазу үстіндемін.
– Әлемдік сахнаға шығуға деген қандай да бір жоспарыңыз бар ма?
– Жоспар емес ойым бар. Ойдан кейін жоспарға айналады ғой. Бірінші ой туу керек. Міндетті түрде шет ел сахнасына шығып, жаңа заман талабымен, елде жоқ нәрсені көрсеткім келеді. Соған дайындаламын. Алда үлкен жұмыстар атқару үшін еңбектеніп жатырмын.
– Қазір музыкадан басқа өзге дүниемен шұғылданасыз ба?
– Шынымды айтсам, қазір музыкадан басқа ештеңемен айналыспаймын. 100 пайыз шығармашылықпен айналысамын. Сосын кино көргенді жақсы көремін.
– Ұшқын, сұқбатыңызға алғыс білдіреміз. Шығармашылық табыс тілейміз.