Бақыр үшін базар жағалағандар

25 қыркүйек 2020, 12:47

Арбакеш аға

Алматы. Ірі сауда базары. Ығы-жығы адамдардың арасынан көкөніс тиеген арбакеш көзіме бірден түсті. Өйткені көбінесе арба сүйрейтін жігіттер жастау келеді. Ал мына кісінің жасы елуден асқан. Жанына бармас бұрын сырттай біраз бақылап тұрдым. Таңқурай тиелген бірнеше қорапты иесінің көлігіне дейін жеткізіп, жүк салғышына салып берді. Ақысын алды да арбасын базардың ішіне қарай қайта сүйреді. Әңгімеге тартпақ болып қасына келген сәтімде:
– Аға, боссыз ба? Тапсырыс бар. Мына көкөністерді тиесеңіз болады, – деді базардың кіре берісінде тұрған саудагер қыз.
– Көп зат сияқты, 500 теңге төлей ме? – деді арбакеш ағай. Бұл тапсырысын да орындап алсын, қайта клиентінің бірден табылғаны дұрыс емес пе деп біраз кідірдім.
Арбакеш ағай жүгін тиісті орнына жеткізіп беріп, көлеңке жерге тұра қалды. Жанына барып әңгімені неден бастарымды білмей:

– Ағай, жұмысыңыз ауыр емес пе? Шаршамадыңыз ба? – дедім.
– Жұмыстың ауыр-жеңіліне қарайтын заман емес қой, қызым, – деді бүгінгі заманның тынысын көрсеткендей.
– Менен бірдеңе сұрағың келіп тұр ма? Біраздан бері маңайымда жүрсің, – деп күлімсірей қарасын.
Мамандығымды түсіндіріп, өзі сияқты еңбек адамын іздеп жүргенімді, сұхбаттасқым келетінін бірден айттым.
– Базардағы арба сүйрейтін адамнан сұхбат алғаның қызық екен, – деді күліп.
Есімі Бекболат екен. Осыдан 5 жыл бұрын Өзбекстаннан көшіп келіпті. «Балаларым ержетіп «жоғары білімді Қазақстанда алғымыз келеді» деген соң Алматыға қоныс аудардық. Алғашында қиындау болды. Әйелім асханаға еден жуушы болып орналасты. Өзім құрылыста жұмыс істедім. Ұлым мен қызым сырттай оқуға түсіп, қосымша жұмыс істеді. Балаларымыздың есейіп қалған кезінде келгеніміз дұрыс болыпты. Олар да бір жағымызға шығып төртеуміз төрт жақтан еңбек еттік. Тиын-тебенімізді жинап, Ұзынағаштан жер алып, үй салдық. Қазір ұлым үйленді. Кемпірім немере бағып үйде отыр. Мен жұмыссыз отыра алмайтын адаммын. Құрылыста ауыр болған соң, оны қойдым. Күн суытқанша арба сүйрей тұрамын, күн жылы кезде ақша жиып қалу керек. Қыста бір жерге күзетші болып кіріп алармын», – деп бір ақтарылды.
– Күнделікті табысыңыз қанша?
– Әр күні әрқалай. Шамамен күніне 6-7 мың теңге табамын. Арбаны жалға аламын, базардың алашағы, тамағымды есептемегенде, үйге 4-5 мың теңге апарамын. Кейде одан да көп болып қалады, – деп алақанын ысқылап қойды.
Осы сәтте «Ағай боссыз ба? Заттар бар» – деп бір жігіт жүгіріп келді. Бекболат ағай келесі тапсырысына қарай аяңдады. Кетіп бара жатып «Біздің күнделікті жұмыс осы. Мені осы жерден табарсың. Ең бастысы, қандай жұмыс болса да қашпай істеу керек», – деді.
Арбакеш аға келесі тапсырысына қарай бет алды.

«Шәй сатам, шәй сатам!»

Базар ішін аралап келе жатырмын. Бір кезде: «Шәй ішкенді білесіңдер, ақысын төлейтін кезде танымай қаласыңдар!» деп айғайлап, термос толы арбасын сүйретіп бір келіншек өтіп бара жатты. Айналасындағыларға кейіп барады. Шәйдің ақшасын сұрап еді, бір-екі саудагер: «кейінірек келші, саудамызды әлі ашпадық» деп теріс қарап отырып алды. Көңіл-күйі түскен келіншек күңкілдей түседі. Киім-кешек сататын саудагер қыздардың қасынан өтіп бара жатыр еді.
– Әлия апай, ыстық шәйіңіз бар ма? – деді әлгілер.
Апайымыздың жүзі бірден жарқ етсін.
– Шәймен бірге тәтті де алыңдар, тек ақшасын бірден төлеңдер. Қарыз деген енді жоқ, – деді.
– Жарайды, апай, төлейміз ғой, – деп қыздар апайдың шәйі мен тәттісін алды. Осы кезде менде ол кісінің қасына барып, бір стақан шәй сатып алдым.
– Әлия апай? Есіміңізді қыздардан естіп алдым. Туыс апайым базарда шәй сатқысы келеді. Ол үшін біреуге жолығу керек пе? – деп әңгімеге тарттым.
– Базарда шәй сату оңай емес, жұмыс қиын. Төлейтін арендамыз бар. Оның үстіне қасқыр болуың керек! Әйтпесе, ақшаңды ала алмай жүресің, – деді.
– Сонда мына шәй, тәттілер сіздікі емес пе? – дедім таңырқаған кейіп танытып.
– Әрине, менікі емес, барлығын арендаға аламын. Жұмыс біткен соң есебін өткіземіз.
Шәй сататын апаймен бірге ілесіп, әңгімеге тартып келемін. Сөз арасында «Қай жерденсіз? Бұл жұмысқа қалай келдіңіз? Табыс табуға бола ма?» деген сауалдарымды бірінен кейін бірін қойдым.
Әлия апай жұмыс барысын түсіндіріп берді: «Қызылорданың Төретам деген жерінен боламын. Ауылда жұмыс жоқ. Жолдасым қайтыс болды. Бір ұлым мен енемді алып Алматыға көшіп келдім. Осында атамыздың туыстары тұрады. Соларды жағалап тұрып жатырмыз. Көршіміз осы базарда шәй сатады екен, екі жыл бұрын кіргізді. Базар сыртында асхана бар. Сол жерден барлығын арендаға аламыз. Кешкісін есебін өткізіп, өзімізге тиесілі үлесімізді қанағат етеміз де қайтамыз. Қарызға таратып жіберсең, ақша да аз, сондықтан қолма-қол есептескен дұрыс. Оның үстіне, әр шәй сатушының өз аумағы бар. Өзгенің клиентін алып кету деген жоқ. Таңғы және түскі шәйді таратып шыққаннан кейін сағат төрттің шамасында ақшамызды жинап аламыз. Мұндағы саудагерлердің бәрі таныс. Бірі бірден төлесе, екіншісі ұмыттырып, «әне-міне» деп жүріп алады. Қазір тегін ешнәрсе жоқ қой».
– Ойбуу, сенімен әңгімелесіп кетіппін ғой, жұмысымды жалғастырайын, – деп кетуге ыңғайланды. Кетіп бара жатып, «шәй сатқысы келетін апайың сол асханаға келсін, «хозяйкамен» жолықтырайын», – деді менің алғашқы сауалымды есіме түсіріп.
Ал өзі термос толы арбасын сүйретіп әр қарай кетті.

Кітапқұмардың таразысы 

Тағы бір ерекше кейіпкерді іздеп келе жатырмын. Базар ішіндегі ығы-жығы адамдардан алыстап, көпір үстіне келдім. Бұл жерде де сауда қызу. Саудагерлер тауарын жерге жайып сатады. Арасында қайыр сұраған тіленшілер де отыр. Бірақ осылардың арасынан ерекше көзіме түскені қолында кітабы бар жігіт. Ол қолындағы кітабын алаңсыз оқып отыр. Қайыршы деуге келмейді. Өйткені жанында 50 теңге деген жазуы бар таразы тұр. Соған қарағанда салмағын білгісі келген жұрт ақысын беріп, әлгі таразыға өлшенеді. Әлгі жігітті сырттай бақылап біраз тұрдым. Ары-бері өткен адамдардан салмақ өлшетуге деген қызығушылық байқалмады. Ал мен бақылап тұрған жігіт кітабынан бас алмай отыра берді. Соған қарағанда кітапқұмар сияқты. Жанына келіп салмағымды өлшеп, ақшасын бердім. Ол байқар емес. Кітабына үңілген күйі әлі отыр.
– Сіз, бұлай отыра берсеңіз, ақшаңызды төлемей кете береді ғой, – дедім 50 теңгені қолына беріп жатып.
– Төлемесе мойнына қарыз болады, – деді кітаптан бас алмастан.
– Қандай кітап оқып отырсыз? Мен де кітапқұмар едім, – дедім сөзге тартып.
– Оралхан Бөкей, «Біздің жақта қыс ұзақ». Оқып па едіңіз? Оралханның жазғандары күшті. Оқыңыз, кеңес беремін, – деді жымиып.
– Әрине, ол кісінің біраз шығармасын оқыдым. Бірақ мына кітабын кездестірмеппін, – дедім.
– Біздің үйде кітап көп. Әсіресе, бұрынғы авторлардың. Біразын тауыстым. Анам кітап жинағанды жақсы көреді. Әлі күнге оқиды, – деді.
Өзін Арман деп таныстырған жігіттің жасы 36-да екен. Мінезі ашық. Ақкөңіл. Аңғал. Денсаулығына байланысты жұмыс істей алмайды. 3-топтағы мүгедектік бойынша үкіметтен көмек алады. Әйтеуір, жоқтан бар. Арман өзінің жұмысы туралы қысқаша әңгімелеп берді: «Үйдегілерге кішкене болса да пайдам тисе деймін. Жұмыс істегім-ақ келеді. Бірақ сәл қимылдасам, алқынып қаламын. Мұнда жұмыс істейтін досым бар. Ол осында телефон сатады. Екеуміз Абай ауылынан келеміз. Ол маған таразы сатып алып берді. Кітап оқитынымды жақсы біледі. Әрі кітап оқимын, әрі табыс табамын. Мұнда келгеніме көп болған жоқ. «Осы аумаққа қараймыз» деп бір-екі адам келген, кейін мазаламайтын болды. Бәлкім, саудагерлерді сындырып жүрген шығар. Менің табысыма ортақтасқылары келмеді».
Күнделікті қанша табатынын айтпады. «Бұйырғанын аламын» деп әңгімесін аяқтады. Оқымысты жігіт өзі жайлы сұрағыма ашылып ешнәрсе айтқысы келмеді. Біз әңгімелесіп тұрған кезде салмағын өлшеткендер болмады. Соған қарағанда табысы мардымсыз-ау.

«Әнімді есегім тыңдайды»

Базар маңынан есек арбаға темір-терсек тиеген адамдарды жиі кездестіретін едік. Олардың кәсібі мен үшін жұмбақ болатын. Өйткені есек жеккендердің көбі нәзік жандылар. Ауыр темір-терсек жиып, оны есек арбаға басып, бір жаққа апарып өткізу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Қалайда осы кәсіптің иесімен сөйлескім келіп, есек жеккен қыздарды іздедім. Ең алдымен, базар маңындағы темір-терсек қабылдайтын қоймаға барып, әлгі қыздарды сұрастырдым. Қоймадағы жігіт: «Есекпен кәсіп етіп жүрген қыздар бар. Көбінесе таңғы ондар шамасында немесе кешкі беске таман келеді. Сөйлесем десеңіз, күтіңіз», – деді. Мен барған уақыт төрттің кезі болатын. Күтуге тура келді. Біраз уақыт өтті. Күткен адам келмеді. Қоймадағы жігітке келгендегі мақсатымды айтып, «Есегімен темір өткізуге келген адам болса, хабарласыңызшы» деп телефон нөмірімді жазып бердім.
Әлгі жігіт бір күннен кейін хабарласып тұр. «Сіз іздеген қыз қазір келді. Есімі – Бақнұр. Қазір темірін өткізіп қайта жолға шығады. Қалқаман жақта кездессеңіз болады. Сіз туралы айтып қойдым», – деді. «Темірді қызған кезінде соғайық» деп айтқан жағына жөнелдім. Есек жеккен қыз мені күтіп тұр екен. Бағнұрмен танысып, мән-жайды түсіндіріп, өзі туралы, кәсібі туралы әңгімелеп беруін өтіндім.
– Бұл кәсіппен айналысқаныма екі жылдай уақыт болды, – деп бастады ол әңгімесін. – Нүкістен келгенде сатушы болып жұмыс істеп көрдім. Еден жуып, жалдамалы жұмысқа да шықтым. Бірақ қайда барсаң да ақыңды төлемей, басынатындар көп. Ауылға қайтқым келмеді. Бір танысымның әпкесі есекпен металл жинап жұмыс істейді екен. Сол кісі үйретті. Бастапқыда бірге жүретінмін. Қазір өзім жалғыз жүре беремін. Есегіме де бауыр басып қалдым. Таныс біреу-міреу танымасын деп бетімізді тұмшалап аламыз, – жымиды.
– Күніне қанша ақша табасың?
– Көл-көсір ақша таппасам да, өзіме жетеді, – деді күлімсіреп. – Жұмысым өзіме ұнайды. Ешкімге тәуелді емеспін. Ақыңды да ешкім жемейді. Қанша еңбектенсең, сонша табасың. Тек есегімізге дұрыстап қарап, иесіне жалақысын уақытылы төлесек болғаны.
Бағнұр есегі мен арбасына бір рет барып келуге 1000 теңге төлейді. Ал уақыты жетіп екі «рейс» жасаса, онда қосымша ақы төлейді екен. Өйткені олардың жұмысында белгілі бір шектеу жоқ. Тек жануарды қинап, босқа болдыртуға болмайды. Тапқан табысы да жинаған темір-терсегіне байланысты. Іске жарамай қалған тоңазытқыш, кір машина сынды заттардың бөлшектері қымбатқа бағаланады екен. Табысы жинаған затына байланысты.

Жиырма бестен асқан шымыр денелі ару өзінің арманымен де бөлісті. «Негізі ән айтқанды ұнатамын. Мектепте оқып жүргенде концертке жиі қатысушы едім. Осындағы оқу орнының біріне 2 жыл қатарынан тапсырдым. Грантқа түсе алмадым. Ақылы бөлімде оқуға шама қайда? Бағасы удай. Сондықтан ғой әр кәсіптің басын бір шалып жүргенім. Әнімді есегім ғана естиді», – деп бір күліп алды.

Қарабазар. Асыққан-аптыққан жұрт. Біреуге біреу қарамайды. Бәрі тіршілік үшін тырбанып жүр. Бізге кездескен төрт адам да осы жерден нәпақасын айырады. Төртеуі төрт түрлі. Илегендері тіршілік деген бір терінің пұшпағы.

Мақпал Ноғайбаева

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген