Өздері болса бір сәрі, бір емес, бірден төрт баланы қарулы қақтығыс ортасына алып кететіндей қандай мұқтаждық болды екен? Атырау облысы ішкі істер департаменті криминалистік полициясы таратқан ресми бағыттаманы көргенде, әуелі ойымызға келгені осы сұрақ болды.
Сирия аумағына қашып шыққан отандастарымыз туралы бұған дейін де жарияланып жүр. Десе де, бұл оқиғаның трагедиясы сол, исламның атын жамылған лас тірлікке ата-анасы бейкүнә сәбилерді араластырып отыр.
Осыдан тура үш жыл бұрын орын алған оқиғаның қысқаша желісі мынадай. Қыстың соңғы айы, алтыншы ақпан болатын. Ләззат (түрлі себептермен кейіпкердің есімі өзгертіліп алынды – Авт.) күйеуімен бірге ілесіп, қаланың қақ ортасындағы көп қабатты үйде орналасқан пәтерін өз еркімен тастап шығады. Құзырлы мекемелер таратқан құпия мәліметте алғашында Атырау – Ресей сызбасынан басталған жасырын сапардың Түркия аумағына аяқ іліктірумен жалғасқаны айтылады. Кейін кейіпкеріміз Түркия арқылы Сирия аумағына кедергісіз өтіп, лаңкестерге қосылған. Осы кезде небары 25 жастағы өрімдей келіншектің қолында төрт бірдей кәмелетке толмаған баласы болған. Ең кішісі үшке енді толған, одан кейінгісі төртте, үлкендері жеті-сегіз жас аралығындағы алтын асықтай үш ұл мен бір қызын саналы түрде қарулы қақтығыс нүктесіне алып өткен Ләззат сол кезде өз шаңырағын өз қолымен ортасына түсіргенін білмеген еді…
Қазіргі таңда еліміздің құзырлы мекемелердің өзі Ләззаттың және ол алып кеткен сәбилердің тағдыры туралы қандай да бір ақпараттан бейхабар отыр. Алды биыл онға толуы тиіс балалардың жер басып жүрген-жүрмегені де белгісіз. Осы сұрақтарға жауап алу мақсатында, Ләззаттың анасының байланыс нөмірін тапқан болатынбыз. Кездесу мүмкін болмады. Бірақ, «Шапағат» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының теологтары шалған телефон қоңырауы кезінде, қайғыдан қан жұтқан ана көз жасына тұншығып, мардымды жауап бере алмады. Сонша жылдан бері анасы туған қызының дауысын естімеген болып шықты. Ләззат Сирия аумағына өткен 2015 жылы ғана қайын енесіне бір-екі рет қоңырау шалған екен. Одан кейінгі тағдырларының қалай болғаны белгісіз. Теологтармен сөйлесуге аса бір құлық таныта қоймаған ананың қан жылаған жүрегі езіліп тұрды. Іштен шыққан шұбар жыланның қайғысы асқар таудай әкені де жықпай қоймапты. Күні бүгінде Ләззаттың әкесі ауыр сырқатпен күресіп жатыр…
Әдетте, сарапшылар жат ағымға негізінен оқымаған, жұмыссыз бос жүрген жастар барады деп жатады. Біз бұл пікірмен жүз пайызға келісе алмаймыз. Себебі, Ләззат Атыраудағы №15 орта мектепті аяқтаған соң, жергілікті политехникалық колледжге 2005 жылы оқуға түседі. Сол оқу орнын 2009 жылы экономист мамандығы бойынша тәмамдап шығады. Құзырлы мекемелер Ләззаттың колледж қабырғасында жүріп, салафилік ағымға өткіп кеткенін айтуда.
Өткен жылы Атырау облысы дін істері басқармасы жиырма тоғыз атыраулықтың шет мемлекеттердегі күмәнді оқу орталықтарында жүргенін жариялап, бес атыраулықтың ДАИШ лаңкестік ұйымының қатарында соғысып жүргенін мәлімдеген болатын. Еліміз бойынша отты аймаққа өз еркімен кеткендер саны әлі күнге дейін нақтыланбай келеді. Қалай десек те, деструктивті ағымдардан сақтану – әр үйдің табалдырығына жеткен ортақ мәселеге айналып отыр…
Баян ЖАНҰЗАҚОВА, Атырау облысы
Сіз не дейсіз?
Хайролла КӨШҚАЛИЕВ,
Атырау облысы дін істері басқармасының басшысы:
Ол салафизмді өз еркімен қабылдаған
Адамның дінге деген сенімін мысықтабандап жүріп радикализмге алып келетін салафизм ағымының құрбандары көп ақ. Бірақ, бұл оқиғаның өкінішті тұсы – үлкендердің қате таңдауы, жалған сенімі бүлдіршіндей сәбилерді балалық шағынан, алаңсыз бейбіт өмірден және болашағынан айырып отыр. Қазіргі таңда 2007, 2008, 2011 және 2012 жылы туған балалардың иә өлі, иә тірі екені белгісіз. Сәбилердің өз елімізде алаңсыз жер басып жүрер күнінің туарына үміттенемін. Осы жерде дінге қызығушылық танытқан жастарды мешіт имамдарынан, теологтардан ілім алуға шақырғым келеді.
Ләззаттың өзіне келетін болсақ, ол салафилік ағымды өз еркімен 2007 жылдың басында қабылдайды. Кейін күйеуге шығып, неке ресми түрде АХАЖ-да тіркеледі. Тұрмысқа шыққаннан кейін төрт жыл бойына Ләззат анасының дүкенінде сатушы болып жұмыс істеген. Атырау – Ресей – Түркия – Сирия сызбасымен болған сапар осылайша тұтас бір шаңырақтың ортасына түсуіне әкеліп отыр…