Алматыдағы №101 бала бақшада шу шықты. Аталған балабақшаға баратын балалардың ата-аналары тәрбиешінің лас унтиаз үшін балаларды кемсіткенін айтып шағымданды.
Бұл туралы 31 арнаға сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.
16 мамырда Мария Толкачеваның 6 жасар ұлын балабақшада дәретханадағы унитаздың суын ағызбай, былғап кеткені үшін кінәлаған. Өз кезегінде бала ақталып, өзінің мұндай қадамға бармағанын айтқанымен, тәрбиеші мұнымен тоқтамаған. Ол унитазды кімнің былғағанын табу үшін балаларды ішкиімін шешуге мәжбүрлеген.
«Топта 30 бала бар. Оның жартысы ұлдар. Топтағы 15 ұлдың ішкиімін шешіп, тексерген. Нәтижесінде унитазға дұрыс отырмаған баланы тауыпты. Ол бала унитазды өзі жуған. Ертесі күні мен тәрбиешіге хабарластым. Ол маған дауыс көтеріп, телефонды тастай салды», – дейді баланың анасы Мария Толкачева.
Марияның сөзінше, қазір баласы қорқып қалған. Тіпті, балабақшаға барғысы келмепті. Тағы да ұрысады деп қорыққан екен.
Ал балабақшадағылар бұл жайттан хабардар болып шықты. Тіпті, тәрбиешінің баланың ішкиімін шешіп тексергенін жоққа шығармады. Меңгеруішінің сөзінше, бала күтушісі дәретханада балалардың артынан жинап жүруден шаршағанын айтқан. Бәрі осыдан басталған екен.
«Тәрбиеші кімнің соңғы рет дәретханаға барғанын сұраған. Осындай әңгіме болыпты. Олар соңғы болып Глебтің барғанын айтқан. Мұнан кейін тәрбиеші балалардан ішкиімін көрсетуін сұраған. Кімнің ішкиімі былғанғанын тауып, сол арқылы аныөтамақ болған. Алайда унитазды былғаған күдіктелген бала болмай шықты», – дейді № 101 балабақшаның меңгерушісі Галина Ткачук.
Алайда ол баланы унитаз жууға мәжбүрлегенін жоққа шығарды.
«Бұл жаста бәрі оңай ұмытыла салмайды. Мұндағы психологиялық зақым бірнеше жылдан кейін сыр білдіреді. Бұл жағдайдың баланың психикасына салдары болары анық», – дейді балалар психологы Оксана Чолак.
Өз кезегінде балабақшада бірнеше жыл көлемінде жұмыс істеп келген тәрбиеші жұмыстан шығарылды.
Ал баланың анасы бұл оқиғаның анық-қанығын анықтау үшін прокуратура, әкімдік пен Білім басқармасына шағымданған.