Әлемдегі алма түрлерінің түп атасы саналатын Сиверс сорты қайта жаңғыртылмақ. Ерекше алма сортының гендік сараптамасын жасауға кіріскен АҚШ, Англия, Франция мен Қазақстанның ғалымдары бүгін Алматыда бас қосып, ғылыми тұжырымдарды ортаға салды.
Қазақстанның Іле Жоңғар Алатауының бөктерінде өсетін жабайы алманы алғаш 18 ғасырда Иоганн Сиверс байқаған. «Алма ағашына тән түрлі ауруларға төзімді жемістің бұл түрі табиғаттың қазақ жеріне берген үлкен сыйы», – дейді ғалымдар. Дәмі тіл үйіретін жабайы алманы елімізде алғашқы болып Аймақ Жанғалиев зерттейді. Оның ерекше сортын сақтап, көбейтуге бар ғұмырын арнаған ғалым қазіргі барлық алманың сорттарына бастама болған осы жабайы Сиверс алмасы екенін дәлелдеген. Норелли Джон Лоуренс, АҚШ ауылшаруашылығы министрлігінің өкілі: – Сиверс алмасын болашақта сақтауды ойластырған жөн. Себебі алманың дәл осы түрі түрлі бактерияларға төзімді келеді. Бұл жемістің адамзат үшін пайдасы зор. Енді оны сақтап, жаңа сортын алуға барынша еңбектеніп жатырмыз.