Алматыда қызыл түске боялған өзен суынан сынама алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Қалалық Қоғам денсаулығын қорғау департаментінің басшысы Айзат Молдақасымова зерттеу нәтижесі 3 күннен соң дайын болатынын айтты.
«20 мамырда 19:30-да ТЖД желісінен осындай ақпарат түсті. Қазір Үлкен Алматы өзенінің бойын түгел шарлап шықтық. Бір жерден қызыл түс байқамадық. Бірақ, сонда да өзеннің барлық тұсынан сынама алдық. Санитарлық-химиялық құрамы бүгін кешке дейін белгілі болады. Судың бактериялық құрамы 3 күннен соң белгілі болады», — деді Айзат Молдақасымова. Департамент басшысы видеоны әлеуметтік желіге жариялаған тұлғалармен байланысып жатқанын хабарлады. «Бір ғана видеоға қарап ештеңе айта алмаймыз. Таратқан адамды таптық. Қазір ол түсірген жерден тағы сынама аламыз», — деді ол. Сонымен қатар, құзырлы органдар өзен бойында орналасқан барлық химиялық кәсіпорындарды тексеруді бастаған. «ТҚКО, лак бояу өнімдерін шығаратын, вулканизация, типография сияқты өндіріс орындары тексеріліп жатыр», — деді департамент басшысы. Мұның алдында аталмыш видео ватсап желісі арқылы таралғанын жариялаған едік.