«Кәріліктің емі жоқ» деп бекер айтылмаған. Қартаю барлық тірі азғаларға тән және оның қызметінің баяулауы сияқты құбылыстарды тоқтататын дәрі әлі табылған жоқ. Дегенмен психологтар ми тінінің тозып, оның қызметінің тежелуінен сақтануға шақырады.
Бүгінгі күні Алматыда деменция ауруына шалдыққан 856 қария психикалық диспансерлік бақылауда. Бұл науқастар ерекше күтім, бақылауға мұқтаж. Мамандар мидың зақымдануы, ақыл-есінің нашарлауы, интеллект, сөз саптауы құлдырап, барған жерді, көрген адамды, тіпті ішкен асын ұмытып қалуы Альцгеймер, деменцияның алғашқы белгілері дейді. Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығында геронтология бөлімі ашылған. Мұнда қартайғанда алжып, бала-шағасын танымайтын, өз атын ұмытып қалған қарттар емделіп жатыр. Қарттар күні біз Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының директоры Сапар Рахменшеевпен геронтология жайында әңгімелестік.
— Өзіңіз басқаратын орталықтағы геронтология бөлімінің жұмысына тоқтала кетсеңіз.
— Иә, біздің орталықта геронтология бөлімі бар. Альцгеймер, деменцияға ұшыраған адамдарды емдейміз. Қазіргі таңда Алматыда осы деменцияға шалдыққан 856 тұрғын диспансерлік бақылауда тұрады. Өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда, бұл дертпен ауыратын тұрғындар саны 10 пайызға өсіп отыр. Бұл аурудың қауіптілігі ми қызметінің нашарлауынан туындайды. Миға қоректі заттардың жетіспеушілігінен ми тіндерінің атрофиясы пайда болады. Бас ми жарақатының, алкоголизм, нашақорлық, түрлі уытты заттарды иіскеу бұл ауруды өршітіп, ми қызметінің тежелуін үдетеді.
-Көбінесе қарттар ауруын жасырады. Балаларын мазалағысы келмейді. Бұл дерттің алғашқы белгілерін қалай байқауға болады? Емдеген жағдайда нәтижесі қандай болады?
— Егер науқас емделмесе, ұйқысыздық, ашуланшақ, тіпті эмоциясын басқара алмай қол көтеретін агрессорға айналуы мүмкін. Бұл кеселдің тағы бір айқын белгісі ұмытшақтық пайда болады. Тамақ ішіп отырып, түк нәр татпадым деп шағымдануы мүмкін. Сонымен бірге өте күдікшіл болады. «Біреу мені өлтірмекші, үйімді тартып алады» деген сияқты түрлі үреймен жақындарының есін шығарады. Адамның деменцияға шалдыққанына көбінесе туысқандары, жақындары мән бермейді. Өкінішке қарай, асқыну оқиғалары жиі кездеседі. Геронтология бөлімінде осы сырқатпен ауыратын қарттарға әрқашан есігіміз ашық. Ең алдыммен мамандар науқастың ұйқысын қалпына келтіруге кіріседі. Сіркесі су көтермейтін, ашуланшақ, ренжулі күйден арылуға психологтар көмектеседі. Медициналық ем-дом арқылы тәбетінің оралуына көмектесеміз. Науқастың жағдайы оңалғаннан кейін дәрігерлер тағайындаған дәрі-дәрмекті ішіп, мамандардың бақылауында болуы керек.
— Деменцияның алдын-алу, ауруды асқындырмаудың жолы бар ма?
— Шахмат, жұмбақ шешу, өлең жаттау ми жұмысын жақсартады. Кешке тамақ ішіп болғаннан кейін серуендеу де денсаулыққа өте пайдалы. Бізде көбінесе азаматтар ата-әжелерімізді шырмауға алатын дертке кәрілік деп мән бермейді. Қарт кісілер жарықты сөндіруді ұмытып кетеді немесе тамақ ішкені есінде жоқ екенін балалары біледі. Бірақ мұның себебіне үңілмейді. Деменцияның осындай алғашқы белгілерін байқасаңыз, міндетті түрде дәрігерге, мамандардың көмегіне жүгініңіз. Алматы қаласының психикалық сауықтыру орталығының сенім телефонына хабарласып, кеңес алуға болады. Әрине, кеңес, медициналық көмек тегін. Әрі науқас туралы ақпарат құпия сақталады. Орталықтың сенім телефондары тәулік бойы жұмыс істейді. Осы номерлерге 8-708-983-28-63, 1303, 376-5660 хабарласыңыздар.
Қарияларды құрметтеу бәріміздің парызымыз. Қарты бар үйдің қазынасы бар. Өкінішке қарай, бейнеттің зейнетін көретін шақта пайда болатын кеселмен алысу науқасты қалжыратып жібереді. Оны күтіп, бағатын адамға да оңайға соқпайды. Сондықтан деменцияның белгілеріне көз жұмуға болмайды. Аталарымызға, әжелерімізге мықты денсаулық тілеймін. Ол кісілер жазып қойған хатпен тең. Қарттарымыз аман сау жүрсін.
Жазира Бегалы,
журналист