Алматы: «Білім фестивалі» мамандық таңдауға жол ашты

23 мамыр 2023, 14:32

Алматыда болашақ мамандық таңдайтын мектеп түлектері мен колледж бітірушілеріне арналған ерекше іс-шара өтті. Алып шаһардың «Арбат» аталатын алаңында «Алматыдағы заманауи білім беру күндері» кәсіби бағдар беру фестивалі қаламыздағы барлық жоғарғы оқу орындарының басын біріктірді.

Фестиваль алаңдарында білім беру мекемелерінің өкілдері Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарына оқытудың өзекті бағдарламалары туралы айтып берді. Сонымен қатар олар еңбек нарығындағы белгілі бір кәсіп туралы түсіндіріп, кәсіби мансапты жоспарлау бойынша кеңестер берді.

Фестивальге келушілер түрлі бағыттар бойынша шеберлік сабақтары, көрме, тұсаукесерлер, көше қойылымдары мен флешмобтарды тамашалады. Шеберлік сабақтарында жоғары оқу орындары мен колледждердің өкілдері жастарға алуан кәсіптің ерекшеліктерін түсіндірді, оқуға түсу үшін қанша балл жинау керектігін айтты. Олар белгілі бір оқу орнына түсуге дайындық, белгілі бір салада сұранысқа ие маман болу үшін қандай дағдылар қажет екендігі жөнінде кеңес берді. Қаламыздағы 40-тан астам жоғары білім ошақтары шатыр тігіп, өздеріндегі мамандықтармен таныстырып, оқушыларды қызықтырған сұрақтарға жауап берді. Әсіресе, Ұлттық тестілеу орталығының сарапшыларына қойылған сауал көп. Орталық мамандары ҰБТ-ға қатысты биылғы өзгеріс-жаңалықтарға егжей-тегжейлі тоқталды. Тестілеуге тиімді дайындалудың қыр-сырымен бөлісіп, ақыл-кеңесін айтып жатты. ҰБТ-ға қатысатын барлық талапкерлер Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаевтың сөзіне айрықша ықылас танытып, грантқа түсу мүмкіндіктері жайында естіп-білді. ҰТО директоры талапкерлердің сұрақтарына жауап беріп, бейіндік пәндердің барлық комбинацияларына берілген өтінімдер саны бойынша деректерді хабарлады.

Рүстем Жаханов, Алматы қаласы №34 мектеп-гимназиясының директоры:

«Бүгінгі күні барлық елдер жоғары сапалы білім жүйесімен жұмыс істеуде. Өйткені қазіргі заманда елдің бәсекеге қабілеттілігі оның азаматтарының парасаттылығымен анықталады. Сондықтан білім беру жүйесі болашақтың талабына сәйкес дамуы тиіс. Оқушыларды заманауи әдіс-тәсілдермен оқытып, ой-өрісі кең, саналы, еркін азамат етіп тәрбиелеу қажеттілігі де осы себептен туындап отыр. Оның үстіне білім берудің жүйесін қарқынды дамытқан бұл үрдістің жалпы білім беретін мектептерге де енгізіле бастауы көңілді қуантады. «Білім фестивалінің» жоғары сынып оқушыларына пайдасы мол. Олар өздерін қызықтырған мамандықтар туралы біліп, болашағына жоспар құрды. Ең бастысы түлектер болашаққа жолдама алды».

Фестивальге жоғары сынып оқушыларының қызығушылық танытқаны байқалды.

Жасмин Әлібекқызы, Алматыдағы А.Байтұрсынов атындағы №139 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы:

«Мен дизайнер болуды армандаймын. Бүгін көрмеге келіп, «Сымбат» акдемиясы туралы толығырақ білгім келді. Құжаттарымды осы оқу орнына тапсырамын деп шештім. Кішкентайымнан киім тіккенді ұнатамын. Тіпті мектепке киетін белдемшені де өзім тігемін, дизайнын да өзім сызамын. Алдағы уақытта осы кәсіптің нағыз маманы атанғым келеді. «Білім фестивалінде» өзіме қажетті мағұлматтарға қанық болдым. Сыныптастарым да армандаған оқу орындары туралы біліп, бір-бірімізбен пікір алмастық. ҰБТ- туралы да толық мәліметке қанық болдық. Орталық мамандары тестке қалай дайындалу керектігін мұқият түсіндірді. Бізге мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға алғыс айтамын».

Алматының «Арбатында» өткен фестиваль барысында жоғары оқу орындарының оқытушылары, білім саласының мамандары мектеп түлектеріне кеңес беріп, оларды қызықтырған сауалдарға жауап берді. Шараға келген әрбір қатысушы Алматы қаласындағы барлық оқу орнымен танысып, қажетті мәлімет алды. Фестивальдің мамандық таңдау кезінде «тоқсан түрлі» сауал мазалайтын мектеп пен колледж түлектері үшін ерекше іс-шара болғаны анық.

Мақпал Ноғайбаева,
Алматы қаласы

26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында ұздіксіз жұмыс жүргіземіз
26 шiлде, 11:33
Мұхит Тұрғараев: Жарты жылда мыңнан астам қызмет көрсетілді
25 шiлде, 17:38
Түркістан: Есірткіге қарсы профилактикалық шаралар қарқынды жүріп жатыр
25 шiлде, 13:52
Діндер съезі толеранттылық пен тұрақтылыққа қызмет етеді
24 шiлде, 15:23
Түркістан: Басты мақсат-қылмыстың алдын алу
23 шiлде, 12:11
Түркістан: Миллиондаған қарызы бар борышкер мен мас жүргізуші құрықталды
23 шiлде, 12:06
Түркістан: «Таза Қазақстан» аясында 21 000-нан астам құқық бұзушылық анықталды
23 шiлде, 11:56
Түркістан: Шардара ауданында профилактикалық іс-шаралар жалғасуда
22 шiлде, 14:26
Түркістан: Жетісай ауданында қауіпсіздік іс-шаралары өтуде