Алматы: Бес айдың ішінде қала бюджетіне 854 млрд теңге құйылды

21 маусым, 10:54

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Үкіметтің кеңейтілген отырысында бюджет саясатының тиімділігін барынша арттыру қажеттігіне тоқталған болатын. Бұл – әкімдіктерге де қаратып айтылған сөз. Әсіресе, республикалық бюджеттің негізгі доноры саналатын Алматы сияқты ірі мегаполисте кіріс пен шығыс, бюджет қаражатын ұтымды және есепті пайдалану мәселесіне ерекше мән беріледі.

 Саудагерді «көлеңкеден» шығару бюджет түсімін ұлғайтты

 Айталық, Алматы әкімдігі соңғы бес жылда жергілікті бюджеттің кірісін толықтыру бағытында тұрақты жұмыс жүргізуде. Алматы Мәслихатының кезекті сессиясында Тексеру комиссиясының төрағасы Алтай Бердіқұлов келтірген мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы жергілікті бюджетке қосымша резервтерден қомақты қаражат түскен. Мәселен, әкімшілік айыппұлдарды өндіріп алудың есебінен 2023 жылы бюджетке түсімдер 14,9 млрд теңгені құрапты. Сондай-ақ базардағы саудагерді «көлеңкеден» шығару Алматының жергілікті бюджетіндегі қаражат көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Мемлекеттік кірістер департаменті (МКД) жүргізген сауда базарларын паспорттау нәтижесінде «көлеңкеден» 19 898 сауда нүктесі шығарылған.

Тағы бір резервтік көз жер салығының мөлшерлемесін қайта қараумен  байланысты. Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен, МКД-мен бірлескен жұмыс нәтижесінде мүлік салығы бойынша қосымша көздер анықталды. Сөйтіп қала бюджеті 352 млн теңгеге толықты. «Жергілікті бюджеттің күрделі қосымша ресурстары халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Ал 19 мыңнан астам сауда нүктесінің «көлеңкеден» шығуы қаланы дамытуға ұзақ мерзімді оң мультипликативті әсер береді», — дейді А. Бердіқұлов.

Қаржы басқармасы 1 млрд теңгені оңтайландырды

 Алматы Қаржы басқармасының басшысы Қанат Сухамбеков jasqazaq.kz порталына берген сұхбатында қала бюджетіне толығырақ тоқталды.

— Қанат Сәдуақасұлы, Алматы Жалпы өңірлік өнім (ВРП) бойынша елімізде көш бастап тұр. Қала, сонымен қатар, республикалық бюджеттің негізгі доноры. Биылғы наурыз айында Алматы бюджетінің көлемі 1,7 трлн теңгеге дейін өсті. Бұған қандай қаржылық факторлар ықпал етті?

—  Бұл — былтырғы жылғы бюджеттің кіріс бөлігін асыра орындау нәтижесінде, сондай-ақ бюджет қаражатын ішкі қайта бөлу есебінен пайда болған қаражат қалдықтары.  Биылғы жылға арналған бюджет  — 1 624,1 млрд теңге деп бекітілді. Сондай-ақ маусым айында қала мәслихаты сессиясында бюджет нақтыланғаннан кейін, 2023 жылы жұмсалмай қалған 1 806,6 млрд теңге қалдық қаражат қосылды.

Қала бюджеті әлеуметтік маңызы бар жобалар мен іс-шараларға, сондай-ақ қаржыландыру республикалық бюджеттен қысқартылған инфрақұрылымдық жобаларға бағытталады.

— Қаржы басқармасы биылғы жылдың алғашқы 4 айында қаланың жергілікті бюджетінің 33,5 пайызға өскенін хабарлады. Биыл бюджет кірісінің өсім динамикасы сақталады деп айтуға негіз бар ма?

— Иә, кіріс өсімінің оң динамикасы жалғасуда. Ағымдағы жылдың бес айының қорытындысы бойынша қала бюджетіне салық және басқа да міндетті төлемдердің түсімдері 854 млрд теңгені құрап, 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 33,1 пайызға өсті. Бұл корпоративтік табыс салығының 50,1 пайызға, жеке табыс салығының 18,2 пайызға, әлеуметтік салықтың 44,6 пайызға ұлғаюымен байланысты.

Осы салық түсімдері қала бюджетін қалыптастырудың негізгі көздері болып табылады. Барлық түсімнің шамамен 90 пайызы солардың үлесінде.

Болжам бойынша,  биылғы түсімдер өткен жылмен салыстырғанда  11,1 пайызға көбеюі тиіс.

— Мемлекет басшысы еліміздің бірқатар өңіріндегі су тасқынына байланысты қалыптасқан күрделі жағдайды ескеріп, сондай-ақ бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында Үкіметке, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға имидждік және басқа да ірі іс-шараларды өткізбеу жөнінде тапсырма берді. Бұл өз кезегінде бюджетті үнемдеуге септігін тигізеді ғой?

— Әрине, бұл тапсырма бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін арттыруға және артық шығыстарды жоюға бағытталған. Осы орайда Алматы қаласының Қаржы басқармасы өз құзыреті шеңберінде бюджет шығыстарына егжей-тегжейлі талдау жүргізді. Талдаудың мақсаты басым емес және қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына әсер етпейтін шығындарды анықтау болды. Бұл талдау бюджет қаражаты тиімсіз пайдаланылатын немесе маңызды мақсаттарға қайта бөлінуі мүмкін бағыттарды анықтауға мүмкіндік берді.

13 маусымда Алматы қаласының бюджетін нақтылау бойынша мәслихаттың кезекті XIX сессиясы өтті. Бюджетті нақтылау нәтижелері бойынша Алматы қаласының Қаржы басқармасы шамамен 1 млрд теңге сомаға қаражатты оңтайландырды. Бұл оңтайландыру имидждік және маңызды емес деп анықталған жобаларды қайта қарауды және қаржыландыруды қысқартуды қамтыды. Оңтайландыру нәтижесінде алынған қаражат әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, денсаулық сақтау, білім беру саласы және басқа да маңызды қоғамдық қажеттіліктер сияқты басым бағыттарға бағытталады.

Мақпал Ноғайбаева,

Алматы қаласы

16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген
15 қазан, 14:20
Армения - уақыт сынынан өткен жақын серіктес
30 қыркүйек, 22:33
Заңсыз қаруды тапсыру – игі іс
30 қыркүйек, 19:47
Мал шаруашылығы – өрісті сала
30 қыркүйек, 16:35
Қазақстан - АҚШ: Инвестициялық ынтымақтастықтың басым бағыттары
30 қыркүйек, 16:04
Түркістан: Жастарға заңгерлік кеңес берілді
30 қыркүйек, 16:03
Түркістан: Қылмыс пен жаза
30 қыркүйек, 13:20
Түркістан: Полиция жастар мен жасөспірімдерге түсіндіру жұмыстарын жүргізді
30 қыркүйек, 12:55
Назерке Тәнекеева: Қолдау бар. Тек тәуекел етіп, кәсіп бастау керек