Әкім Тұрсын, дәрігер: Олар кеткен соң қайтеміз?

14 тамыз 2020, 12:21

Жұмыр жерді бір тал тарының қауызына сыйдырған аты жаман індет біздің елді де әбігерге салды. Әбігерге салды деу бергі жағы ғана. Анығында, ауру біраз кемшіліктің бетін ашты. Әсіресе, медицина саласында. Тәжкеселден қандай сабақ алуымыз керек? Білікті дәрігер Әкім Тұрсынмен әңгімемізді көпшілікті алаңдатқан денсаулық сақтау саласына арнадық.

Jas qazaq: Әкім мырза, коронавирус еліміздегі медицина саласын қайта құруға түрткі болатын сияқты. Оны Мемлекет басшысы да айтты. Сонда «қайта құру» дегенді қалай түсінеміз? «Қайта құруды» нақты неден бастау керек?

Ә.Тұрсын: «Қайта құру» дегенде, шынында да мына бұл вирус көп нәрсенің бетін ашты. Мәселен, СЭС-тің өзі денсаулық сақтау министрлігіне бағынбайтын, жеке-дара мекеме болу керек еді. Алайда бұл соларға қатысты мекеме болғандықтан, «қожайындарымен» келісіп барып әрекет етеді. Бізге осы жүйені өзгерту керек. Медицина саласында қазір «Дамумедтің» дауы шығып жатыр. Сол бойынша да қаржыландырудың формасын өзгерту керек. Мысалы, 10 мың тұрғын болса, айына емханаға 10 миллион теңге берілу керек дегендей. Бұлар сол «10 млн теңгеге көрсеткен қызметіңді базаға кіргіз» дейді. Ал олар жалған ақпарат беріп, көрсетілмеген қызметті жасалды деп көрсетеді. Бұған ешкімді кінәлай алмайсың. Дәрігерді де, медбикені де кінәлай алмайсың. Бұл жерде қаржыландырудың формасы дұрыс емес.

Тағы бір мәселе, мемлекеттік мекемелер мен жеке емханалар әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен (МӘМС) жұмыс істеуінде тең дәрежелі қатынас болу керек. Бірақ МӘМС-тен басым көп қаражатты мемлекеттік мекемелерге береді. Жеке емханаларға көп қаражат берілмейді. Айталық, онкология бойынша жеке емханаларға қаражат көбірек бөліну керек. Мұны айтсақ, таңды таңға жалғайтын түйткілді әңгіме көп.

Jas qazaq: Қалай айтсақ та еліміз бұл індетке дайын болмай шықты. Оны жасырудың қажеті жоқ. Дәрі түгілі, бетперде де жеткізе алмадық. Сіздіңше, неден кемшілік кетті: дәрігерлердің біліктілігі төмен болды ма, әлде басқару, ұйымдастыру жағынан олқылық көп кетті ме? Нақты мысалымен айтып берсеңіз…

Ә.Тұрсын: Бұл мәселеде дәрігерді кінәлау артық. Дәрігерге қойылған нақты тапсырма, нақты емдеу хаттамасы бар. Дәрігер сол хаттама бойынша емдейді, сол бойынша жұмыс жүргізеді. Мысалы, ковидті емдеуде хаттама бірнеше рет өзгерді. Дәрігер заңда көрсетілген хаттамадан ауытқымауы керек. Антибиотиктің вирусқа қарсы пайдасының жоқтығын білсе де, хаттамада көрсетілген емдеу талаптарынан ауытқи алмайды. Алайда жоғары жақтан сол хаттаманы бекіткенде жүйелі түрде қателіктер жіберді. Бұл – бір. Екінші, жүйелік қателік деген не? Денсаулық сақтау министрлігі «Хаттамада мынадай өзгерістер енгізілуі керек» дейді. Бірақ ол өзгеріс 10 күннен кейін немесе екі апта өткен соң ғана хаттамаға енеді.

Мысалы, сәуірдің басында министр «Емханаларға да инфекциялық аурухана ретінде сақтық шаралары қолданылу керек» деді. Бірақ арада 19 күн өткенде, қателеспесем, 19 сәуірде министрдің бұйрығы шықты. Оған дейін жеке емханалар министр айтты екен деп, ешнәрсе істей алған жоқ. Қосымша медициналық жабдықтар сатып ала алмады. Төтенше жағдай уақыты болса да, министрдің бұйрығы, үкіметтің қаулысы болса да, олар белгілі бір заң талаптарына сүйеніп қана жұмыс істейді. Міне, осындай жүйелік қателіктер көп болды. Соның кесірінен, қаншама емханалардың дәрігерлері өздері ауырды. Мен танитын көп дәрігер ауырды. Олар хаттаманы жақсы білетін мамандар. Сондай болса да, ем-домды үйлерінде алып, өз-өзін емдеді.

Jas qazaq: Соңғы 15 жылда санитар мамандарды дайындайтын факультеттер жабылып қалыпты. Қай оқу орындарындағы қанша факультет, қай жылдары жабылды?

Ә.Тұрсын: Бізде бұрын сан-гиг деген факультет болды. Толық атауы – санитарлық-гигиеналық факультет деп аталатын. Бірақ оны жауып тастады. Бұл жердегі қателік не? Мұндағы қателік – жүйенің еліктегіштігі. Ресей мен Қытайда бұл мамандықтар әлі күнге дейін бар. Ал біздегілер Америка мен еуропалықтарға еліктеді. Ол жақтарда мұндай мамандық жоқ. Сөйтіп біздікілер қоғамдық денсаулық сақтау факультетін ашты. Ол жерде санитар дәрігерлерді дайындамайды. Ол жерде менеджерлерді оқытып шығарады. Денсаулық сақтау саласының менеджерлері дипломдары бойынша ұйымдастыру жұмыстарын атқарады. Мәселен, бас дәрігердің орынбасары деген сияқты жұмыстарды істейді. Ол кезде осы факультетке түскендер санитар дәрігер боламын деп емес, бас дәрігер немесе дансаулық министрі боламын деген мақсатпен түсті. Міне, осындай қателік кетті.

Бұрынғы санитар-эпид дәрігерлер бар. Олар бұрынғы мектептен өткен. Бес-он жылға дейін соларды пайдалана аламыз. Бірақ олар кеткен соң қайтеміз? Санитарлық саланы кімге тапсырамыз? Негізі, әлі де кеш емес. Санитарлық факультеттерді ашып, студенттерді оқытып шығарсақ, қазіргі жасы егде тарта бастаған санитар мамандардың орнын басар еді. Аға буын мамандардың білім-білігін алып қалуға болар еді. Министр «Биыл 3-курстан бастап сондай факультеттерді ашып, санитар-эпидемиолог дәрігерлерді тез дайындап шығарамыз» деді. Оны да күтейік.

Jas qazaq: Ковидпен күресте кемшіліктің көп болуының себебі, санитар мамандардың аз болуынан емес пе?

Ә.Тұрсын: Ковидпен күресте кемшіліктің көп болуының себебі, санитар-эпидемиолог дәрігерлердің аз болуы – бұл бір ғана себебі. Мұнда бірнеше себеп бар. Ең негізгі себеп – денсаулық сақтау министрлігінің жүйелік қателігі. Бұл бүгінгі күнгі ғана қателік емес, жылдар бойғы жіберген олқылық. Айталық, цифрландырудағы қателік, МӘМС-тің қателігі, «Формация-СҚ»-ның қателігі, бюрократиялық қателік дегендей…

Jas qazaq: Қазір СЭС неге жоқ? Олардың қызметін кімдер атқарып жатыр? Ковидпен күресті санитар дәрігерлер емес, заңгерлер мен экономистер басқарып жатыр дейді. Осы қаншалықты рас?

Ә.Тұрсын: СЭС мамандары бар. Бірақ олардың қазіргі атауы – тұтынушылар құқығын қорғау мекемесі деп аталады. Олардың қызметі тұтынушылардың құқығын қорғау еді. Бірақ олардың бойында баяғы СЭС-тің менмендігі, «сэспіз» дейтін кеудемсоқтығы бар. Бірақ олар көп нәрсені қолдан шығарып алды. Мәселен, ковид кезінде тізгін осы мамандардың қолында болу керек еді. Алайда санитар дәрігерлер емес, қызметтің басында басқа мамандар жүр. Олар менеджерлер, экономистер. Алған білімдері бойынша ковид кезінде санитарлық емес, менеджерлік қызмет жасады. Санитар дәрігерлер жоқ емес, мықты мамандар бар ғой. Аз қалды. Эпидемиологиялық жағдай бойынша, олар мәселенің шешу жолдарын айтқысы келеді. Бірақ бас санитардан аса алмайды. Бас санитардың қаулысы бойынша ғана жұмыс істеуге мәжбүр. Бюрократия басым бұл жерде.

Jas qazaq: Бізде медициналық бағдарламалар мен жобалар жоқ емес, бар. Солар қаншалықты тиімді болды?

Ә.Тұрсын: Кез келген бағдарлама мінсіз, кемшіліксіз болмайды. Мәселен, «Саламатты Қазақстан» да сондай. Бірақ бұл бағдарламаның кемшілігінен гөрі, артықшылығы көп болған сияқты. Мен сол бағдарлама басталған жылдары, яғни 2011 жылдан 2016 жылдың басына дейін Алматының Алатау аудандық емханасында бас дәрігердің орынбасары қызметін атқардым. «Саламатты Қазақстанның» негізгі бағыты – көптеген аурулардың алдын алу бойынша скрининг жүргізу, яғни профилактика болды. Соның арқасында көптеген аурулардың алдын алдық. Ауруды ерте анықтап, көп адамға бұл бағдарламаның септігі тиді.

«Саламатты Қазақстаннан» кейін 2016-2019 жылдар аралығында «Денсаулық» бағдарламасы болды. Онда цифрландыруға басымдық берілді. Электронды үкіметті күшейту үшін еgov арқылы тіркелу, дәрігердің қабылдауында болу деген сияқты жақсы мүмкіндіктері бар. Бұл осы бағдарламаның артықшылығы. Ал кемшілігі ше? Мәселен, «Денсаулық электронды паспорты» болады деген еді. Онда адамның ауру тарихы, қай кезде қандай екпе алғаны, қандай аурумен қашан ауырғаны, қандай ота жасатқаны, қысқасы, ауру тарихы түгел жазылады делінген. Ондағы ақпарат ешқайда шықпайды деп айтылған. Бірақ олай болмады. Ақпарат сыртқа шығып кетті. Басқа да олқылықтар кетті. Айтайық, припискаға, яғни жалған ақпарат беру, көрсетілмеген қызметті жасалды деп көрсету. МӘМС-тен келетін 35-70 пайыз қаражат осы припискамен кетті. Ақшаны қайтар деп жатқан ешкім жоқ. Бұл жүйелік қателік. Осы жүйелік қателіктер ковид кезінде көрініс беріп жатыр.

Jas qazaq: Күзге қарай вирустың екінші толқыны басталады деп жатыр. Сонда ары қарай үшінші, төртінші толқыны жалғаса бере ме? Бұл қашан, қалай тоқтайды?

Ә.Тұрсын: Ковидтің екінші толқыны келеді. Біз ғана емес, барлық мемлекет оған дайындалып жатыр. Өйткені күзге қарай күн суытады. Тұмау-сырқау көбейеді. Әдеттегі тұмау басталғанда, соның «көлеңкесінде» осы ковид бірге асқынады. Сондықтан күзде болатын індеттің екінші толқынына сақадай сай болғанымыз жөн. Осы кезден бастап дайындықты пысықтауымыз қажет. Бәріміз сақтанып жүрсек, ауру азаяды. Алдағы қараша, желтоқсан айларында, тіпті көктемдегідей қатаң режимді карантин, төтенше жағдай жариялануы да мүмкін. Солтүстік аймақтарда тұмау күнгейден ертерек басталады. Оны да ескерген абзал. Ал ковидтің үшінші толқыны бола қоймас.
Бұл вируспен бір рет ауырған адам екінші рет жай ғана тұмау сияқты өтіп кетеді екен. Бұл жаңа вирус болғандықтан, барлық адам ауырып шығады. Сөйтіп адам бойында вирусқа қарсы иммунитет қалыптасады. Осы штамп өзгеріп, басқа мутацияға ұшырап кетпесе, екі-үш жылда барлық адам бұл індеттен құтылады. Екпесі шықса, тіпті жеңіл болады.

Jas qazaq: Әңгімеңізге рахмет!

Жарас КЕМЕЛЖАН

18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді
12 сәуiр, 12:11
Түркістан: Сайрам ауданында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өтуде
12 сәуiр, 12:10
Түркістан: Жетісай полицейлері «Заң және тәртіп» жобасын іске асыруда
11 сәуiр, 16:06
«Нөлдік төзімділік»: Түркістан полициясы 700-ден астам құқық бұзушыны анықтады
11 сәуiр, 15:50
Түркістан: Алаяқтар қашып құтылмайды