Наурыз мерекесі күндері Ақтөбеде «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу шарасы өтті. Барлығы 2,5 мың әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді.
Ақтөбелік полиция қызметкерлері мереке күндері күшейтілген тәртіпте жұмыс істеді. Бар болғаны 4 күннің ішінде 153 қылмыс тіркелді. «Мереке күндері іздеуде жүрген 9 күдікті ұсталды. Сонымен қатар, бұрын тіркелген 15 қылмыс ашылды. Көбі ұсақ қылмыс. Барлығы 2,5 мың әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді. Олардың арасында қоғамдық орындарда мас күйінде жүргендер, ұрлық жасағандар бар. Далада үй-күйсіз жүрген 25 адам уақытша бейімдеу орталығына орналастырылды»,- деп хабарлады облыстық ІІД баспасөз қызметі. Мереке күндері жол ережесін бұзғандар да аз болмады. Барлығы 1,5 мыңнан астам жүргізуші жол ережесін бұзды. Мас күйінде рульде отырғандар мен жылдамдықты асырғандарға айыппұл салынды.