Ақтөбеде Мәскеуден Қырғызстанға бет алған автобусқа қарақшылық шабуыл жасалды. Әзірге оқ атқан адамдар ұсталмады.
Оқиға 6 сәуір күні сағат 00:55-те тіркелді. Белгісіз біреулер қарумен «Мерседес Бенц» микроавтобусына қарақшылық шабуыл жасады. Қала маңындағы Ақшат ауылына апарар тасжолда болған оқиғаны полиция тексеріп жатыр. «Ақтөбе қаласындағы Солтүстік айналма жол Ақшат ауылына жақын. Мұнда қарақшылық шабуыл жасалып, жолаушыларға оқ атылған. Олардың алтын бұйымдары мен ақшалары тоналды. Қырғызстан азаматына тиесілі микроавтобус Мәскеуден Қырғызстанға бет алған екен. Оқиға орнына жедел жәрдем бригадасы жетіп, көмек көрсетілді. Зардап шеккендер ауруханаға жатқызылды», — деп хабарлайды облыстық ІІД баспасөз қызметі. Айта кетейік, қарақшылық шабуыл оқиғасына байланысты сот алды тергеу жұмыстары басталды. Жедел тергеу тобы құрылып, құрамына білікті полиция қызметкерлері енгізілді. Тергеу облыстық ІІД мен прокуратураның бақылауына алынды.