jasqazaq.kz

Ақпараттық соғыс. Қайтпек керек?

18 сәуiр 2023, 14:44

Сарап

Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Ақпараттық доктринасын бекітті. Отандық медиа саланың өсіп-өркендеуі, текетіреске толы бүгінгі дүниеде бәсекеге қабілетті болуы тұрғысынан алғанда, сөз жоқ, аса маңызды құжат. Жарлыққа сәйкес, енді Үкімет үш айдың ішінде доктринадағы мақсат-міндетті жүзеге асыруға бағытталған іс-қимыл жоспарын дайындап, бекітуі тиіс.

Аталған құжатта медиа кеңістігімізді сырттан төнген сын-қатерден, ақпараттық ықпалдан қорғау жайы да қамтылған. Бұл ретте, әсіресе, біздің өңірді алаңдатқан гибридтік соғыстың табиғатын түсіну, оған дайын болып, көрінбейтін ұрыстың кесір-кесепатына тосқауыл қою – бүгінгі кезеңнің көкейкесті міндеті. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Әзірбайжанда өткен жаһандық жиында бүгінде өршіп тұрған мылтықсыз майданға тоқталған еді. Ол осыған орай: «Гибридтік соғыстар мен инфодемия біздің күнделікті өміріміздің бір бөлігіне айналды. Бұл ақпараттық қауіп және ақпараттық соғыстың шегі жоқ», — деді.

Осында айтылған «инфодемия» сөзінің қолданысқа енгеніне көп болған жоқ. Ол эпидемия, атап айтқанда, коронвирус секілді көзге көрінбейді. Тажалдың қаншалықты қауіпті екенін пандемия кезінде білдік. Жұқпалы індет ағзаға шабуыл жасаса, инфодемия сананы құрсаулап, жаулап алуға ұмтылады. Қазақы тілмен айтқанда, өшігіп, қарауылға алғанын мәңгүрттендіруге тырысады. Бұл — ежелден бар тәсіл. Шыңғыс Айтматовтың әйгілі шығармасындағы кейіпкердің басына кәдімгі қойдың қарнын кигізген. Ал бүгінгінің қаруы – сөзбен көгендеп, сананы улау. Сол арқылы айтқанына көндіріп, жетегінде жүргізу.

Гибридтік соғыста жойқын соққы – жалған ақпарат (fake news) тарату. Жай елеусіз, зиянсыз өтірік емес, жеке адамның бойында, жұрт арасында үрей мен қорқыныш туғызуды көздейтін кесір. Мұндайда жұрт абдырап, есі шығып, оқыс әрекетке баруы мүмкін. Таяуда Түркияда әлдекімдер «көрші елдегі су қоймасы жарылып, алапат тасқын бізге қарай бет алды» дейтін суыт хабар тарады. Зілзала болған аймақ сол маңға жақын болғандықтан, тұрғындар да, тау-тау үйіндіні аршып жатқан құтқарушылар да бас сауғалауға мәжбүр болды. Fake news-пен күресушілер өтірікті дереу теріске шығарды. Арам пиғылды арандатушыны да анықтап, атын атап, түсін түстеді. Айта кеткен жөн, түріктер жалған ақпаратқа төтеп беруде біраз тәжірибе жинақтады. Осы мақсатпен арнайы құрылған Жалған ақпаратпен күрес орталығы бар. Осы орталық шығаратын «Dezenformasyon Bülteni» («Жалған ақпарат» жаршысы) жергілікті және шетелдік БАҚ-та және әлеуметтік желіде жарияланған өтірік деректі дер кезінде әшкерелеп отырады.

Жылдам жоққа шығару. Сарапшылар жалған ақпаратпен күресте әуелі осы тәсілге жүгіну керектігін айтады. Әйтпесе, кеш болып, іс насырға шабуы мүмкін. Бір жақсысы, біздегі ресми орындар, әсіресе, әлеуметтік желі арқылы таратылатын «қисық хабар» бойынша дер кезінде үн қататын болды. Айталық, әлемжеліде «Жаңаөзен тұрғындары үшін Астанада виза тәртібі енгізіледі» деген хабар тарағанда Елорда әкімдігі мұны сол сәтте теріске шығарды. Сондай-ақ мамандар түрлі қауесетке сеніп, ұялы байланыстан құр қалған қала тұрғындарына ешқандай радиациялық қауіп жоқ екенін түсіндірді.

Соңғы мысал пандемия кезінде осы саладағы «жаңа технология қорқынышты кеселге ұшыратады» деп бірқатар елдердің тұрғындарын шошытып, дүрбелең туғызған ақпараттық-психологиялық шабуылды еске түсіреді. Гибридтік соғыс алпауыт компаниялар мен олардың арқасында тұрған ірі мемлекеттер арасындағы ымырасыз текетірестен туындағаны белгілі. Осыдан көрініп тұрғандай, фейк-жаңалықты жұдырық қып жұмсайтындардың нысанасы — төтенше ахуал қалыптасқан сәтте ақ пен қараны ажыратуға мүмкіндігі бола бермейтін қалың бұқара. Көбіне тапсырыспен жұмыс істейтін гибридтік соғыстың «жауынгерлері» қаралау, үрей себу тәсілдері арқылы жұрттың жергілікті билікке сенімін азайтуды, реті келсе, оған қарсы шығуды уағыздап, үгіт-насихатын жүргізеді. Оның қалай іске асырылатынын кейбір елдердегі «түрлі-түсті төңкерістерден» көрдік. Бір оқ шығармай, жаулап алуды көздейтін мылтықсыз майданның қаупі де осында жатыр.

Медиа кеңістікте басталып кеткен осы соғысқа дайын тұру үшін не істеу керек? Зерттеушілердің ұсынысы мынадай: біріншіден, қауіп- қатерлерді айқындау; екіншіден, қауіп-қатерді жіті талдау, жетік білу; үшіншіден, қауіп-қатерге қарсы тұратын стратегия мен тактикалық амалды қалыптастыру; төртіншіден, күресті жүргізе білу үшін оқу-әдістемелік бағдарлама жасап, оны жетілдіру, білікті де білгір мамандарды даярлау.

Ақпарат кеңістігіндегі күрделі кезең бізге — БАҚ өкілдеріне де зор міндет жүктеп отыр.

Срайыл Смайыл

14 мамыр, 15:53
Ерғали Көшеке: Алматы облысында дінаралық татулық – тұрақтылық кепілі
14 мамыр, 14:15
Бижан Анарбеков: Расширение сферы применения государственного языка — наша общая задача
14 мамыр, 14:13
Туркестан: Продолжается модернизация систем электроснабжения и уличного освещения
14 мамыр, 14:11
В Туркестанской области продолжается модернизация систем водоснабжения
14 мамыр, 14:06
Туркестан: В Сайрамском районе развивается промышленное производство
14 мамыр, 13:44
Түркістан Ислам әлемінің мәдени астанасы мәртебесіне ұсынылды
14 мамыр, 12:56
Туркестан: Активно реализуются проекты по развитию социальной инфраструктуры
14 мамыр, 12:54
В Туркестанской области растёт объём высокотехнологичной медицинской помощи
13 мамыр, 18:38
Туркестан: «Келешек мектептері» - школа нового формата