jasqazaq.kz

Ақпаратқа қол жеткізудің ашық арнасы

25 мамыр 2018, 11:44

Сәрсенбі күні еліміздің оңтүстік астанасында XV Еуразия Медиа Форумының салтанатты ашылу рәсімі болды. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың форумға жіберген құттықтау хатында былай делінген: «Эволюцияның 15 жылы: құбылмалы дүние және бізге өзгеріс әкелген әлем» атты күн тәртібі форумның рухын дәл көрсетіп тұр. Бұл журналистер мен сарапшылар қауымына ғаламдық ақпараттық кеңістіктегі көкейкесті мәселелер бойынша пікір алмасуға, өз ұстанымын айқындауға мүмкіндік береді».

 

Мемлекет басшысы ақпаратқа қол жеткізудің ашық арналарын жетілдіріп, үздіксіз диалогты қамтамасыз ету қажет деп санайды. Бұл өз кезегінде пайда болған барлық түйткілді шешуде ынтымақтастық орнатудың өзекті шарты болып табылады. Сондай-ақ Елбасының құттықтауында «Еуразия Медиа Форумы – барлық көкейкесті мәселелерді талқылаудың тағы бір мүмкіндігі. Кәсіби құрам мен форумның нәтижелілігі барлық қатысушыларға пайдалы болып табылатын сындарлы пікір және тәжірибе алмасуды қамтамасыз етеді. Барлық қатысушыларға жемісті пікірталас пен жарқын әсер тілеймін» делінген.
Дәурен Абаев ақпарат және коммуникациялар министрлігі атынан ЕАМФ Ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаеваға форум үшін ризашылығын білдірді.
Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек 2002 жылы дәл осы Алматыда Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен Еуразия Медиа Форумының жұмысы басталғанын еске салды. Ол осы басқосудың бүгінде сан қилы заманауи түйткілді талқылап, Батыс пен Шығысты бір-біріне жалғайтын, танымал диалог алаңына айналғанын атап өтті.
Форумды ашқан Д.Назарбаева соңғы он бес жылда әлемнің экономика, технология және ақпаратты жеткізу салаларында күрт өзгергенін атап өтті.
Ол «16 жыл бұрын осынау әсем қаламыз – ғажайып Алматыда біз тұңғыш Еуразия Медиа Форумының жұмысын бастадық. Күні кеше сияқты еді. Бірақ әжептәуір уақыт өтіпті. Сол кезде дүниеге келген балалар қазір жоғары сыныптың оқушылары. 50 жылдық мерейтойын атап өткендер бүгінде – зейнеткерлер» – деді.
Интернет, әлеуметтік желілер және өзге де коммуникациялық сервистердің қарқынды дамуы кәдуілгі жүйені күрт өзгертті. Девайстар мен гаджеттердің салыстырмалы қолжетімділігі медиа оқиғаларына жүздеген миллион адамның тікелей қатысуына мүмкіндік берді. Желі авторлары – блогерлер пайда болды. Олардың кейбірі танымалдық жағынан дәстүрлі басылымдардың көрнекті журналистерімен бәсеке түсуде. Өз кезегінде басылымдардың таралымы азайды. Телевизияның бұрынғыдай үстемдігі жоқ. Өйткені смартфоны бар кез келген адам өзі репортаж жасап, тіпті деректі фильм түсіре алады. 2005 жылы пайда болған ауқымды You Tube видеохостингі авторлардың ұжымдық студиясына айналды. Мұнда олар өз бағдарламасын, видеоблогын, сюжетін орналастырып, миллиондардың аудиториясына ұсынады.
Оның пікірінше, тежеусіз ақпарат ағыны түрлі проблема туғызады. Сондықтан технологиялық жаңалықты пайдаланғанда жауапкершілік танытқан жөн.
Д.Назарбаева «Медианы жедел модернизациялау, цифрландыру өзімен бірге түрлі түйткілдерді де алға тартты. Интернет кеңістігіне оп-оңай кіру өзін танытқысы келетін дарынды адамдарға ғана емес, небір авантюристерге, қылмыскерлерге, түрлі насихатшыларға, терроризм теоретиктері мен практиктеріне, араздық пен өшпенділікке шақыратындарға да жол ашты. Әлгі тролль деп аталатын ақпарат соғысының көзге көрінбейтін жауынгерлері, сондай-ақ жалған жаңалық – фейк жасайтындар қып-қызыл бәлеге айналды. Мойындаған жөн, бұлардың қасында таблоид тәуір дүние сияқты болып көрінеді» – деді.
Соңғы он бес жылда халықаралық ахуал да ушығып кетті. «Қырғиқабақ» соғыстың белгілері кейде нағыз ұрыс қимылдарынан хабар беретіндей боп көрінеді. Мемлекеттер басшыларының сөз ауаны да өзгерді. Мұның бәрі медиада көрініс таппай қоймайды.
Сенат депутаты «Мен суреттеген картина тым аянышты болып көрінуі де мүмкін. Бәлкім, солай шығар. Онда ол осы форумда сөз сайысы, жоққа шығару мен пікірталас тақырыбына айналсын. Меніңше, біздің форумның өткен 15 жылдағы басты жетістігі де сол – шынайы да әділ, сонымен қатар жалған саяси ұстамдылылыққа жанаспайтын жайсыз пікір білдіру мүмкіндігі болып табылады», – деп форумдағы өз сөзін түйіндеді.
Алқалы жиында шетелдік және отандық медиа-сарапшылар халықаралық қарым-қатынас эволюциясындағы БАҚ-тың рөлін талқылады. Модератор болған RizKhan Produktions компаниясының (БАӘ) басшысы Риз Хан осы жиын халықаралық қарым-қатынастардың «ғаламдық салқын леп» жағдайында өтіп жатқанын еске салды.
БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің басшысы Давид Чикваидзе террористер мен қылмыскерлердің қатысуымен қазіргі қақтығыстардың аралас сипат алғанына тоқталып, «Қазақстан жауапкершілігі зор және салиқалы елдердің бірі болып табылады. Ол халықаралық құрылымдарда жетекші рөлге ие», – деді.
Еліміздің сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов өз сөзінде Қазақстанның қақтығысқа тартылған немесе қарама-қайшылық жағдайында тұрған елдерге үлгі көрсетіп, әлем картасында қауіпсіз инвестициялап, жергілікті қонақжайлықтан рахат алуға болатын ашық мемлекет барын паш ету мүмкіндігіне ие екенін айтып өтті.
«Соңғы 10-15 жылда дискриминация, лаңкестік әрекеттер өте көп болды. Сондықтан біз түрлі мәдениет пен діндерге өзара төзімді болу мәдениетіне тәрбиелеуге тиіспіз», – деді Ахмет бин Мұхаммед Әл Жарван, БАӘ ұлттық федералдық кеңесінің мүшесі, бейбітшілік пен толеранттық бойынша жаһандық кеңес президенті.
Мерейтойлық Форумның спикерлері арасында мемлекет қайраткері, бұрынғы премьер-министр, Италия парламентінің сенаторы (Тоскано) Маттео Ренци, ВВС телеарнасының редакторы, «Эмми» сыйлығының иегері Гэвин Хьюитт, ЕҚЫҰ-ның БАҚ-тағы сөз еркіндігі бойынша өкілі Арлем Дезир, американдық саяси технолог, президент Барак Обаманың екі бірдей сайлау науқанындағы белді кеңесшісі Роджер Фиск, Жапонияның тұрақты энергетиканы дамыту институтының директоры Тецунари ИидаHBO кабельдік және спутник тележелісінің VICE News Tonight шетелдік жаңалықтар бөлімшесінің басшысы Норин Жамиль бар.
Айта кетейік, Jas qazaq газеті Медиа Форумның ақпараттық серіктесі болды.

Елдос Өмірзақ

27 маусым, 15:14
Заманауи медициналық технологиялар дені сау балалардың өмірге келуіне арналған
27 маусым, 10:53
Түркістан: Кентауда модульді капсулалармен жабдықталған демалыс аймағы ашылады
26 маусым, 19:27
Түркістан қаласының жалпы өңірлік өнімі 159,5 млрд теңгені құрады
26 маусым, 19:13
Түркістан: Жылыжай агробазасы - барлық саланы біріктіретін ауқымды бастама
25 маусым, 16:42
Түркістан: Ағын су тапшылығын еңсеру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр
25 маусым, 15:56
Түркістан: Саурандағы индустриалдық аймақтар кәсіпкерлікке серпіліс береді
25 маусым, 15:45
Түркістан: 130 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, 100-ге жуық жоба жүзеге асуда
25 маусым, 14:58
Алматы қаласында жаңа отбасылық емхана пайдалануға берілмек
24 маусым, 16:32
Chevron -ҚМГ: Сенімді серіктестік жолымен