Айсұлу Тобақабыл: Жастарға мемлекеттің қамқорлығы орасан

01 тамыз 2023, 11:43

Мемлекетіміздің қозғаушы күші – жастар. Елімізде жастар саясатының орнықты, жүйелі жүргізілуі барлық саланың қарқынды дамуына зор серпін береді. Ел үкіметі әрбір облыс, аудан әкімдіктері арқылы жастар саясатын өрістету мақсатында, кәсіпкерлер шоғырын қалыптастыру бағытында қайтарымсыз грант, төменгі пайызбен несие беру секілді қаржылық жобаларды тұрақты жүзеге асырып отыр. Сонымен бірге жыл сайын шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бөлінетін қаражат сомасы да артып келеді. Түркістан қаласында сән салоны бар жас кәсіпкер, заң саласынан жеке кәсіпке қарай ойысып, бет бұрған Айсұлу Мұратқызы Тобақабылмен сұхбатымыз да біз айтқан жастар саясаты төңірегінде өрбіді.

— Айсұлу, алғашқы сауалды жастар саясатының орнықты жүргізілуі жайында қойсам, мемлекетіміз расында да «жұмыс істеймін, кәсіп ашамын» деген жастарға, жас кәсіпкерлерге орасан қолдау көрсетіп жатыр. Ал сіз құрылғанына бес жыл болған облыстың орталығында кәсібіңізді дөңгелетіп отырсыз. Түркістан қаласында кәсібіңізді жандандыруға мүмкіндік қалай?

– Жолдасым жұмыс бабымен Түркістан қаласына ауысқанда киелі мекенде де осы кәсібімді ары қарай жалғастырдым. Әрине, жұмысым бірден алға басып кетті дей алмаймын. Тынбай еңбек ету керек болды. Өзімізді-өзіміз таныту үшін ізденуді тоқтатқан жоқпын. Адам баласы өзінің алдына нақты мақсат қойып, соған жетуге бекінгенде ғана ісінен нәтиже шығарады. Менің соған анық көзім жетті. Ал әр саланың басын бір шалып, анаған да, мынаған да құлай кететін желікпе мінезділердің ісі қашанда шала болады. Жаңа сұрағыңызда мемлекет тарапынан қолдау-көмек көрсетілетіні жөнінде айтыңыз ғой. Мен облыс әкімдігінің қолдауымен, жергілікті «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының «Бизнес бастау» жобасында да өзімнің білімімді жетілдіріп, грантқа қатыстым. Осы арада айта кетерім, расында да, біздің мемлекетіміз жастар саясатын жүргізуде дұрыс бағыт ұстанып, жас кәсіпкерлерді қолдауға, еңбек етемін деген адамдарға түрлі гранттарға қатысуға орасан зор мүмкіндік беріп, кең өріс ашып отыр. Соны тек тиімді пайдалана алсақ екен деймін. Басқа мақсатқа, пайдасыз іске жаратпай, елге де шарапаты тиетін салаға арнап, шағын өндіріс, өңдейтін орын, не болмас, мен секілді қызмет көрсететін орындар көптеп ашылса, бәсекелестік артады, сапа да жақсарады. Өзіңіз де білесіз, шағын және орта кәсіпкерлік – ел экономикасының күретамыры. Мемлекетіміздің экономикалық әлеуеті арта түссін десек, шағын және орта кәспікерлікке мықтап ден қоюымыз қажет. Енді айтар ойыма қайта оралайын, «Атамекен» кәсіпкерлікті қолдау орталығының курсына жазылып, арнайы білім алдым. Мен бұл білімді декреттік еңбек демалысында отырғанда жалғастырдым. Оқу курсын тәмамдап, арнайы сертификат алған соң бизнес жоспарымды жазып, оны да жоғары бағаға қорғап шықтым. Бірақ соңғы сынақ, яғни комиссияның ақырғы шешімінде менің жобама грант бөлінбейтін болды. Десе де, өтпей қалдым екен деп тауым шағылып, сағым сынған жоқ. Былтыр қайта оқып, бизнес жоспарымды да дамытып, кеңейтіп, кем тұсын толықтырып жаздым да, 1 200 000 теңге грант иеленіп, сән салонына қажеті құрал-жабдықтарды сатып алдым. Тағы да қайталап айтамын, мемлекетіміз жергілікті әкімдіктер арқылы кәсіпкерлікке үйрету мақсатында көмектесуден аянып қалып жатқан жоқ. Жастар саясатының орынды жүргізіліп, қоғамның қозғаушы күші саналатын жас толқынның әлеуетін ел экономикасын көтеруге жұмсау жолында барлық жағдайды жасап отыр. Көпке топырақ шаша алмаймын, бірақ білім алып ізденгісі келетін, тереңдей түсініп, бір саланың соңында жүріп нәтижеге қол жеткізуге ұмтылатын жастар аз, Керісінше, кәсіпкерлік саласында білімі таяз, білуге аса ықыласы жоқ жандар келеді де, алғашқы қиындыққа төтеп бере алмай қолын бір сілтейді. Болмаса, кәсіпкерлікті қолдау мақсатында алған грантының қаражатын басқа бағытқа жұмсайтындары да жоқ емес. «Мен де кәсіпкер боламын» деген жасқа мемлекеттің саясаты оң екенін, үлкен қолдау көрсететінін жақын туысымнан естіп, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына бардым. Сол жерде кеңес алдым, ақырында оқып, осындай нәтижеге қол жеткіздім. Тек кәсіпкерлікке баулу бағытында ғана емес, мектепті тәмамдағаннан кейін жоғары оқу орнына түсе алмай қалған жас болса, жергілікті әкімдік арқылы жұмыспен қамту орталығына барса көптеген мамандықтар бойынша оқыту курстарына жібереді, жұмысқа орналасуына да орасан септігін тигізеді. Көрдіңіз бе, елімізде жастар саясатының орынды әрі жүйелі жұмыс істегенінің бір көрінісі деп осыны айта аламыз. Өзімнің басымнан өткен бір мысалды айтайын, мен визажист, стилист боламын деп жеке оқытушылардың курстарына жазылып, қомақты қаражатымды төлеп оқып, үйрендім. Дұрыс па, дұрыс. Ал қазір «Атамекен» кәсіпкерлерді қолдау палатасына келсе, тегін оқытады, қай саланы меңгергің келеді, сол бағытта білікті мамандар үйретеді, теориялық практикалық дәрістер өткізу арқылы өзіңнің қалаған мамандығыңа сай бейімдеп оқытады. Өкінішке қарай, жастардың көпшілігі оңай олжаға бірден кенелуді көздейді. Ен байлыққа белшеден бата кетсек деген таяз түсінік алдымен тұрады. Адам бірінші өзінің жұмыс істеу қабілетін таныта алғанда ғана жетістікке жетеді.

– Негізгі мамандағыңыз бойынша заң қызметкері екенсіз. Стилист, визажист болуға не итермеледі?

– Адам жақсыға ұмтылып, бойына сіңіріп, жамандық атаулыдан жирену мақсатында тіршілік етсе, ғұмыры салиқалы болмақ. Менің ұғым-түсінігім осындай. Сіздің сауалыңызға алыстан орағытып жауап беруімнің де өзіндік себебі бар. Дұрыс айтасыз, менің негізгі мамандығым – заңгер. Жолдасым да, өзім де осы салада жұмыс істедік. Жолдасым әлі де мемлекеттік қызметте еңбек етеді. Ал өзіме келер болсам, Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 4-крусында оқып жүргенде «Өзін- өзі әрлеу» деген курсқа арнайы жазылып, қосымша білім алдым. Сосын түрлі жиындарға, отырыстарға, тойларға барғанда өзімнің шаш үлгімді өзім жасап, боянуды да кәсіби меңгеріп алғандықтан, еш қиналмастан опа-далапты жаға алатын деңгейге жеттім. Бұл курсты оқудағы мақсатым, қалай дұрыс бояна аламын, сырт көздің сынына ұшырамаймын ба деген күдік, күмәнді жеңу үшін, қорқынышымды сейілту үшін жазылдым. Курсты тәмамдаған соң өзімді ғана емес, айналамдағы құрбыларымды, үйдегі жеңгелерімді де бояндырып, әдемі ету менің қолымнан келді. Сырт көзге еш сыны да, міні де жоқ жұмысым өзіме де ұнады. Осылайша университетті тәмамдап, заңгер мамандығын алып, сот-сараптама бөліміне іс өндіруші болып жұмысқа орналастым. Күнделікті жұмысқа өзімді-өзім әрлеп боянып барамын. Әріптес қыз-келіншектердің де қызығушылығы оянды. «Айсұлу, сен мамандықтан адасып келген жоқсың ба біздің ортаға, сенің жүретін биігің сән салондары, қолыңнан іс келетін шеберсің» деп мақтауымды да асырғандай болатын кейде. Бірақ олардың да сөзінің жаны бар. Өзім де жоғарыда айтқандай, курсты оқығанда келешекте осы саланы жандандырып көрсем қайтеді деген ой туындады.

– Жолдасыңыз қарсы болмады ма, дегенмен де төрт жыл бойы заңгер саласында оқып университетті тәмамдаған соң басқа мамандыққа ойысуға екінің бірі келісім бере бермейді ғой. Оның үстіне сот сараптамаға жұмысқа да орналасқан екенсіз.

– Сенесіз бе, жолдасыма осы ойымды айтып едім, бірден құптады. «Екеуміз де мемлекеттік қызметкер болсақ, күнұзақ үй бетін көрмейміз, балалардың болашақта тәрбиесі де ақсайды, елімізде кәсіпкерлікке бет бұрам деген жастарға мемлекет тарапынан жасап жатқан қолдау, көмек өте көп. Сен де бағыңды сынап көр» деп керісінше қолдау сөзін айтып, демейтінін білдірді. Осылайша тәуекел деп білек түрініп кірістім. Визажист, стилист мамандығын әлі де тереңдей игеру үшін қосымша ақылы курстарға жазылдым да, шеберлігімді шыңдай түстім. Стажер болып мемлекеттік жұмысқа орналасқанда ашығын айтайын, еңбекақымыз тым мардымсыз болды. Салон бизнесін дамытайын деп жұмыстан шықтым, өйткені күнделікті табысымыз тәуір еді.

– Сұлулық салоныңызды бірден ашу мүмкін болмаған шығар?

– Әрине, әр саланың, әрбір бизнестің қылдан да нәзік астары, өз қиындықтары мен кедергілері болады. Сондықтан да оны ұзақ зерттеуің қажет. Мен де бірден салон ашуға білімім мен білігім жетпейтінін, әлі де тәжірибе жинап, шыңдала түсу қажет екенін ұғындым. Сөйттім де, адам аяғы көп жүретін, клиенттер жиі бас сұғатын базардағы шаш қиятын, бояндыратын сән салондарында жұмыс істеп, қолымды жаттықтырдым, ысылдым, тәжірибе жинадым. Бірақ уақыт өте келе базардағы сән салонында мен өзімнің дами алмайтынымды, жетіктікке жету қиынға соғатынын ұғындым. Сөйтіп тағы да курсқа жазылып, елімізге танымал беделді маманнан арнайы тәлім алдым. Боянуға, жасандыруға қажетті косметикалық тауарды сатып алдым, оқуға да тым қомақты қаражат шығындалды. Енді базарға қайта барғаныммен менің қоятын сабағыма клиенттер келмейді. Содан соң элиталық сұлулық салондарына ұсыныс айтып жүріп, жұмысқа орналастым. Табысым да арта түсті, жұмысымды да өзімнің жан қалауыммен оқығандықтан беріліп еңбек еттім. Бірақ салонның иесі тым мазасыз кісі еді, қит етсе айыппұл салып, еңбекақымыздан қиып, берекемізді қашырды. Сосын қолымды бір сілтеп кетіп қалдым. Одан кейін о баста өзімді оқытқан «Өзін-өзі әрлеу» курсын насихаттайтын орталықта жұмыс істедім, білмегенімді үйрендім. Осы орталықта жүріп өнер адамдары, эстрада әнгшілерінің концертінде әрлеуші болып қызмет еттік.

– Жастарға, өзіңіздің замандастарыңызға, оның ішінде сіз секілді визажист, стилист болғысы келетін, осы мамандықты игеруге құштар жандарға қандай кеңес айтар едіңіз?

– Ең алдымен табандылық қажет. Оқығанда да ізденісті тоқтатпаған жөн. Бірден таудай табысқа кенелемін деген де дұрыс емес. «Білім инемен құдық қазғандай» дегендей, бұл салада да табысқа жетудің жолында, шыңына шығудың бағытында асқан төзімділік қажет. Кез келген визажист болсын, шаштараз болсын, тәжірибе жинауға баса мән беруі қажет. Әбден ысылған соң ғана ірі табыс әкелетін ортада жұмыс істесе, ісі өнімді болады, тұтынушылардың талабынан шыға алады.

— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Қуаныш Рахмет,
Түркістан қаласы

02 мамыр, 16:01
Түркістан: Жер қойнауын заңсыз пайдалануға қатаң тосқауыл қойылады
30 сәуiр, 13:48
Нұрбақыт Теңізбаев: Халықтың үні қашанда маңызды
29 сәуiр, 15:09
«Ұлттық қор – балаларға»: Алматы облысы алдыңғы лекте
29 сәуiр, 11:52
Нұрлан Дәулетбаев: Алматыдағы тұтынушылар құқығын қорғауға үлес қосамыз
26 сәуiр, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
26 сәуiр, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді