Қазір hype деген бәле пайда болды. Хайптан «кайф» алатындар көбейіп бара жатыр. Мәдениеттанушы Торстейн Вебленнің бүгінгі ақпараттық заман туралы айтқан мынадай бір сөзі бар: «Біз қазір бір қызық уақытқа дөп келдік. Әр адамның 15 минутқа болса да танылуға хақысы бар».
Бүгінгі таңда интернетте қаншама жалған жұлдыз отыр. Түк бітірмей танымал болғысы келеді. Біреудің мәтінін ұрлайды да, өзінің жақсы суретін салып, керемет болып жүретіндер де баршылық! Кітап дүкеніне барыңызшы! Бұрын-соңды естімеген адамның қалай өмір сүру керектігін үйрететін жуан кітаптары тізіліп тұр. Егер оның өмірбаянына үңіліп қарасаң, түк бітірмеген. Не айналысқан кәсібі, не компаниясы жоқ. Есесіне, елді аралап семинар өткізеді. Мұны қалай түсінуге болады? Ең жаманы, жалған жұлдыздарды дайындап жатырмыз. Өзі еңбектенбей, бір мақала жазбай, бір кітап шығармай халықтың батыры болып кетудің оңай жолы әлеуметтік желі болды. Өкінішке қарай, біздің қоғамның өзі де оның анық-қанығын біле бермейді. Көбі әлеуметтік желіге тіркеліп алған. Сондағысы – біреудің жазғанын оқып, мәз болып отырады. Фейсбукта ең көп дос жинаған, ең көп анайы сөз айтқан, ең көп айқайлап, «найзағай» деп пост жазғандар басты қаһарманға айналды.
Бір ғана дерек келтірейін. Instagram-да миллиондаған жазылушы тіркелген «жұлдыздарымыз» бар. Бұл әлеуметтік желінің жазылмаған заңы бойынша, бір адам бір теңгеге теңеледі. Сіз оған жарнама беретін болсаңыз, екі миллион теңге төлеуге тиіссіз. Ең бастысы, оның екі миллионды қалай жинағаны маңызды емес. Оған жарнама беру, оны насихаттау арқылы қоғамға қандай әсер қалдырып отырғанымызда шаруамыз жоқ. Біз сол бір сәтті ғана ойлаймыз. Неге? Себебі — хайп! Қазақ ондайлардың әрекетін «Атың шықпаса, жер өрте» деген сияқты әдемі мақалмен теңеген. Он бес минуттық жұлдызды сәттің зардабы арыда жатуы мүмкін. Соны ойланайық!
Айдос Сарым,
саясаттанушы