17-ші қабаттағы атыс (оқиғадан кейінгі ой)

30 сәуiр 2021, 10:43

Өткен сенбіде бір ғана адам бүтіндей бір мегаполисті аяғынан тік тұрғызды. «Бұқар жырау Тауэрс» тұрғын үй кешенінде пәтер жалдап тұратын азамат тапа тал түсте аңшы мылтығын арқалап, көшеде емін-еркін жүрген. Онымен қоймай, тұрғындардың тыныштығына жауапты қарауылдың аяғына атып жарадар етеді де, 17-қабаттағы жалдап тұратын пәтеріне мықтап бекініп алады. Содан кейін атыс басталады.

Тұрғын үй кешенінің үрей қысқан тұрғындары дәлізде қарудан дүркін-дүркін естілген оқ дыбысын телефонға түсіріп, таратып жатты. Ресми орган бүлік салушының 30 рет оқ атқанын мәлімдеді. Атқыш еліміздің күштік құрылымымен бақандай он сағат (!) бойы берілмей, келісімге де келмей, қасарысып бағады. «Бандыны қуған Хамиттің» кейпіндегі құқық қорғау органының қызметкерлері мен күштік құрылымның арнайы жасағы, кәнігі мергендер білегін сыбана кірісіп, кірпік қақпай күзетудей-ақ күзетті. Бірақ күдікті терезеден секіріп, мерт болды. Айтпақшы, оның жаннан безіп, секіріп кеткеніне басқа емес, туған бауыры сенбейді. Бұл жайында кейінірек.

Аңшы мылтығы кімдікі?

Белгілі саясаттанушы Андрей Чеботарев тұрғындардың үрейін ұшырған қанды оқиғаға қатысты өзінің пікірін айтты. Саясаттанушы арнайы операцияны жүргізген күштік құрылымның арнаулы жасағының әлеуеті мен әрекетін жан-жақты саралап, нендей сабақ алу керектігін талдап берді. Чеботаревтің талдауына назар салайық:

«Аңшы мылтығын асынып алып, алшаң басып жүрген адамның есім-сойы сол күні-ақ белгілі болды, тіпті азаматтығы да. Сөйтсек, ол Ресейдің азаматы Руслан Исаев болып шықты. Қазақстанға ертеректе келген, жұмыс барысымен. Бірақ Ресейде «ыстық нүктеден келген адам» санатында арнайы тіркеуде тұрған. Бірнеше жылдан бері Қазақстанда, Алматының тұрғыны болған «тіркеудегі тұлғаның» елге кірген кезінде Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты шекара қызметінің өкілдері бұл азаматты Қазақстанға кіргізуге бола ма, болмай ма деп неге тексермеген? Алматы қалалық Полиция департаменті көші-қон басқармасы қызметіне тіркелген көрінеді. Әзірге аты-шулы атқыштың Қазақстанға қай күні келгені, қанша уақыт өмір сүргені һәм нендей шаруа тындырғаны туралы нақты ақпарат жоқ. Исаевтің біздің елге жұмыс сапарымен келгені, «Бұқар жырау Тауэрс» тұрғын үй кешенінде көптен бері тұратыны айтылды. Оған жұмыс беруші тұлға оны көші-қон полициясына уақытша тіркеуге қоюы керек және тіркеу мерзімі біткенде ұзартуы тиіс. Ресей азаматтары үшін уақытша тіркеу мерзімі – 30 күн. Ал күштік құрылымдардың ешбірі де Ресей Федерациясының құзырлы органдарына сұрау салған-салмағаны белгісіз. Енді айыпкерді анықтау үшін бұлар бірін-бірі кінәлауға тырысады. Екі ортада тұрғындар тыныштығына жауапты учаскелік полицияны айыпты етуі де мүмкін. Исаев оқиғасы учаскелік полиция үшін де жақсы сабақ.

17 қабаттан ұшып мерт болған ресейлік тұрғын үй кешенінде пәтер жалдап тұрған. Бұл өз кезегінде тұрғын үй нарығына жауапты мекемелердің жұмысында да ала-құлалық басым екенін аңғартады. Көп адам пәтерін өзгелерге делдалдар арқылы болмаса, риэлтор қолымен жалға бергенде салық органдарына тіркелген бе, қадағалап жатқан ешкім жоқ. Адамдар үйін жалдаушының қандай адам екенінен де бейхабар, сұрамайды, анықтамайды. Алматыда жалдамалы пәтерлерде ауыр қылмыстар, әсіресе, кісі өлтіру фактілері жиі тіркеледі. Жалға берілетін пәтерлер осындай қылмыскерлерге баспана болады. Оған ертеректегі «алматылық атқыш» Руслан Күлікбаевтың ісі дәлел. Мұның бәрін де мемлекетке жабу әділетсіздік. Оңай жерден ақша жасауды көздегендер пәтерін өткізерде жалға алушылардың жеке басына, мінез-құлқына көз жұма қарайды. Исаевтің оспадар қылығы үшін көршілері бірнеше рет арызданып, шағым айтқанымен де пәтер иесі үш рет сотты болған «қонағын» жібергісі келмеуінің ар жағында қу құлқынның қамы жатыр. Қомақты сома төлейтін мүмкіндігі бар клиенттен, әрине, айрылғысы келмейді. Мұндайда пәтер жалдаушы үшін барлық жауапкершілікті үйдің иесі арқалайтын талапты орнату керек. Сонда ғана пәтеріне кімдердің қоныстанып жатқанын жіті бақылайтын болады. Қазақстандағы отандық және шетелдік коммерциялық ұйымдардың шетелден жұмыс күшін тартуы да қатаң бақыланбайды.

Исаевтің жұмыс берушілерді қай мінезі қызықтырғаны белгісіз. Бұл кім, қайдан келді, қалай өмір сүрді әйелімен соттасатындай не түлен түртті? Мұның ешқайсысына назар аударылмаған. Егер осының барлығы анықталса, жұмыс берушілер еңбек шарты туралы келісімді бұзу жайын ойланар еді. Бұл жағдайдың коммерциялық келісімі де күмәнді болса, онда бұл біздің құқық қорғау органдарының қызметіне айтылар сынды жамай түседі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті де осы олқылық үшін жауапкершілікті арқалайды. Көші-қон полициясының қателігін учаскелік полиция жуып-шайып кетсе, ештеңе емес.

«Бұқар жырау Тауэрс» тұрғын үй кешені тұрғындарының айтуынша, бұл адам үнемі ашуын алдыға салып жүретін болған. Учаскелік полиция да онымен көпқабатты үйдің дәлізінде атысып та, келіссөз жүргізіп те ештеңе өндіре алмағаны үшін жауапкершіліктен сырт айналмайды.

«Бұқар жырау Тауэрс» оқиғасы оның әріптестері мен басшыларына да сабақ болуға тиіс егер ұғар түйсік болса. Осы оқиға туралы ақпараттарға қарағанда, оның қолында аңшы мылтығы мен көп оқ-дәрі жабдықтары болған. Бұл оның қорғанысын ұзақ уақыт ұстап тұруына мүмкіндік берді. Осы арада тағы бір сұрақтың құлағы қылтияды. Исаев Ресейдің азаматы бола тұра, аңшы мылтығын біздегі қару-жарақ дүкенінен өзі сатып алды ма? Егер дәл солай болса, қару сататын дүкеннің иесі де сұраққа алынуы керек. Тағы бір болжам, ол қаруды дүкеннен емес, кез келген қазақстандықтан алуы да мүмкін. Тапанша, мылтық болмаса, автоматты ешбір тіркеу құжатынсыз, яғни заңсыз арқалап жүрген адам (әскери, полиция не болмаса қауіпсіздік формасындағы қызметкер болмаған соң) басқалардың көзіне бірден түседі. «Бұқар жырау Тауэрстің» күзетшісі отыратын орынның алдындағы бейнежазбадан анық көрінеді. Исаев оның аяғынан атқан сәтінде сол тұстан бірнеше адам өзімен-өзі бейқам кетіп бара жатады. Қоғамның бүгінгі бет-бейнесіне қарап, біздің мемлекеттік қызметті атқаратын құқық қорғау органдары ғана емес, жекелеген азаматтардың да салғырттығы, немқұрайдылығы осындай жайтқа әкеліп соғып жатқанын бағамдайсың. Атқыштың өзі ғана мерт болды, бірақ бұл Алматы тұрғындары үшін оқиға қауіптілігін төмендетпейді. Келешекте дәл осындай қатерлі оқиғалар қайталанбайтынына да кепілдік жоқ. Бұл бізге берілген үлкен сабақ һәм сигнал. Осыдан жақсы сабақ алып, етегімізді жинап, еңсемізді тіктеп, ұйқыдан оянуымыз керек».

Міне, саясаттанушы Андрей Чеботарев Руслан Исаев оқиғасынан алар бес түрлі сабағымызды жіпке тізгендей айтып берді.

Қандай адам еді?

Ресми органдар «17-қабаттағы жалдамалы пәтерінің терезесінен секіріп мерт болды» деп мәлімдеген Руслан Исаевпен қоңсы тұрған көршілерінің де пікірі жария етілді. «Бұқар жырау Тауэрс» тұрғыны, Инстаграм әлеуметтік желісіндегі aizhan_m_ аккаунтында Исаевтің көршісі болған адам оқиға орын алғанда, ПИК (пәтер иелері кооперативі) басшысының тым бейқам, қамсыз отырғанын айыптайды. Айжан осы жазбасында атқыш тұрғынның пәтер терезесіне плакат ілгенін айтып, атыс кезінде тұрғындардың желідегі чатына да шағымданған. Бірақ ПИК басшысы Исаевті топтан өшіріп тастаған. Төтенше жағдайда тұрғындарды сабырға шақырып, тыныштандыру мақсатында «мәу» демегеніне наразы.

Жалпы осы тұрғын үй кешенінің тұрғындары Исаев туралы әр қилы пікір айтады. Қанша жылдан бері тұратыны да нақты емес. Бірі үнемі ашу үстінде жүретін, дау-шарға жақын деп сипаттайды, енді бірі жақсы адам, игі істерді көп жасайтын дейді. Құдай жолындағы құлшылығын қаза қылмайтын жан ретінде суреттейді. Тағы бір көршісі Исаев ПИК басшысына тісін қайрағанын да жеткізді.

Сондай-ақ Руслан Исаев жиһаз жасаумен шұғылданған екен. Тұрғын үй кешенінің дәлізін ескі керует, диванға толтырған соң күзетшілер ПИК-тің нұсқауымен сыртқа шығарып тастаған. «Исаев пен күзетші арасында туындаған жанжалға осы себеп болған» дейді тағы бір тұрғын. Күзетшіні атып жарадар етіп, қолына бір уыс кілтті алып жоғарыға көтерілген Исаев дәліздің айнасын да, терезесін де шағып кеткен екен. Марқұмның артынан ауыр сөз, ғайбат айтуға болмайтынын білсек те, оның бүтіндей бір мемлекеттің тыныштығын қашырған әрекеті ешқашан да ақтауға келмейді.

Жанжалдың тұтануына себепкер болған күзетші қазір қалалық №7 ауруханада ем алып жатыр. Тергеу, зерттеу, сараптама жүргізу – құзырлы органдарды еншісіндегі шаруа. Оның барлығы сотта белгілі болады.

Ұшып өлгені рас па?

«Жегені жантақ, арқалағаны алтын» (Ш.Мұртаза) журналистер оқиғаның оты суымай жатып-ақ бірнеше деректердің шетін қазып шығарды. Руслан Исаевтің ертеректе Ресейде ауруханада жатқан әкесін ешкімге ескертпестен алып кетіп, адам ұрлау фактісі бойынша іс қозғалып, кейін қылмыс құрамы болмаған соң жабылған. «31 арна» тілшілеріне берген сұхбатында Русланның Ресейдегі бауыры Саид Исаев інісінің денсаулығында кінәрат барын, психикалық ауытқу болуы мүмкін екенін айтыпты. Саидтың айтуынша, Руслан Махачкаладан алдымен Мәскеуге, сосын Алматыға қоныс аударған. 12 жылдан бері оңтүстік астанамыздың тұрғыны екен. Інісі өзіне-өзі қол жұмсау мақсатында, болмаса құзырлы орган қызметкерлеріне берілмеу жолында терезеден секірді дегенге Саид сенбейді. «Бауырымның пәтеріне қарсы тұрған үйдің терезесінен оқ атқан, ол теңселе барып құлайды. Егер өзін-өзі өлтірер болса, қаруымен бірге секіре ме? Мен қалай болғанда да, бұл істің ақырына жетіп, ақиқатын анықтаймын», – дейді Саид Исаев.
Артында үш қыз, бір ұлы және ажырасқан әйелі қалған Исаев ісі біздің күштік құрылымды, заң органдарын тағы да ұйқысынан оятқандай. Қашанда «жау кеткен соң қылышымызды тасқа шабатын» әдетімізбен енді ішкі тексерістер жүреді, айыптылар жазаға кесіледі. Келеңсіздіктерді бір тазалағандай боламыз, сосын қайтадан қоңыртөбел тіршілік ағысына қайта түсеміз. Қауіп-қатердің алдын алып, тыныштық пен береке-бірлікті балталағысы келетіндердің арам пиғылын іске асырмай қағып түсіруге күшіміз келмейтіндей. Міндетті түрде осындай оқиғадан кейін ғана қозғаламыз.

Сырттан келгендерге неге бақылау жоқ?

Құзырлы орган мәліметі бойынша, былтырғы жылы елімізде ТМД елдерінен және басқа да мемлекеттерден келген шетелдіктердің қолымен 267 бір қылмыстық іс тіркелген. Оның ішінде адам өміріне қауіп төндіретін қарумен шабуылдау, алдау, ұрлау, тонау, алаяқтық фактілері бар.
Күні кеше Павлодарда Оңтүстік Африкадан келген азамат жарым түнде көршісінің үйіне кіріп, кішкентай қызды қылқындырмақ болған. Абырой болғанда, әкесі ара түсіп, арашалап қалды. Павлодарлық келіншекпен әлеуметтік желі арқылы танысып, Қазақстанға келген шетелдік қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Оның психикалық ауытқуы бар болғандықтан, арнайы орталықта мәжбүрлі түрде емделеді.

Міне, елімізге келіп жатқандардың қандай да бір тексеруден өтпейтіні осыдан-ақ көрінеді. Полиция қызметкерлерінің ел ішінде қандай адамдардың жүргенін түгендеп, қалай танып-түстейтіні де белгілі болды.

Қайбір жылы Алматыны жалғыз өзі жаяу жүріп-ақ «төңкеріп кете жаздаған» Руслан Күлікбаевтың қырғынынан кейін ғана аудандық полиция басқармасының ауласы биік дуалмен қоршалып, күзеті күшейтіліп еді.

Қуаныш Рахмет

Бүгін, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
Бүгін, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады