Қазақтың мейрамы деп санап, осы күнді ұлықтап тойлап жүргендер көп. Әулие Валентинді тойламай, атаулы күнді асыға күтетін жастарымыз аз емес. Осы күнді Қозы-Көрпеш Баян Сұлу күні деп бекерге қоймағаны анық. Махаббат символына айналған бұл күн жайында не білеміз?
Бұл күннің қос ғашыққа арнап қойылуы мектеп әдебиетінде оқыған жырмен тікелей байланысты. Жыр Сарыбай мен Қарабайдың аң аулап жүріп құда болып, Қозы мен Баянды күні бұрын атастыруынан басталады. Сол кезде аң аулап жүріп, ұлды болғанын естіген Сарыбай, баласын көре алмай қаза табады. Атастырылып қойған Қозы мен Баян, жүздерін көрмегенімен, бір-біріне ғашық болады. Уақыт өте келе сараң Қарабай қызын жетім ұлға бергісі келмей, бір кезде отарын жұттан құтқарған, жергілікті палуан Қодарға ұзатпақшы болады. Қос ғашықтың арасына тосқауыл болған Қодар, айласын асырып, зұлымдықпен Қозының басын алады. Қайғыдан қабырғасы қайысқан Баян, өш алу үшін қулыққа көшеді. Ол Қодарға өзіне құдықтан су алып берсе, күйеуге шығатынын айтады. Алданған Қодар Баянның шашынан ұстап, құдықтың түбіне түсе бергенде, айлакер қыз бұрымын кесіп тастайды: Қодар түпсіз тұңғиыққа құлап қаза табады. Сөйтіп Қозының кегі қайтарылады. Батыр қыз ғашығының күмбезіне келіп, өзіне қанжар салып қол жұмсайды…
Шығыс Қазақстан облысында, Аягөз өзенінің бойында Қозы Көрпеш пен Баян Сұлуға арналған мазар бар. Бұл қос ғашықтың махаббатының белгісі. Жастардың арасында да бұл күн – қазақтың ғашықтар мейрамы болып тойлануы бізді қуантады.