Бүгін Сенатта Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысы болды. Жиыннан соң jasqazaq.kz тілшісі Сенат депутаттары Икрам Адырбеков пен Ләззат Қиыновтан Әзірбайжан халықаралық банкіне салынған Зейнетақы қорының қаржысы туралы сұрады.
«Мұны бәріміз білгіміз келеді»
Икрам АДЫРБЕКОВ Сенат депутаты:
— Зейнетақы қорындағы қаржыны пайдалану жөніндегі ақпарат халыққа түсінікті әрі ашық болуы және халықтың бақылауында болғаны дұрыс. Бұл – халықтың қаржысы. Онда барлығымыздың да жинақтаған қаржымыз бар. Мәселен, менің де сонда жинақтаған қаржым бар. Сол себепті шамалы шыдамдылық танытуымыз керек. Өйткені бұл мәселемен Ұлттық банк те, үкімет те терең айналысып жатыр. Олардың зерттеулері бойынша нақты бір шешім, жауап болатын шығар. Соның қорытындысын күтейік. Шамалы күтсек, бір жауабын алармыз. Бұл – бәрімізге де керек жауап. Оның қорытындысы бойынша Парламенте де осы мәселе қаралатын шығар.
— Бұл қаржының екі ел арасындағы байланысқа әсері бола ма қалай ойлайсыз?Бұрынғы елші ретінде не айтар едіңіз?
— Шынын айтқанда, бұл қаржының Әзірбайжан халықаралық банкіне кімнің шешімімен, кімнің ұсынысымен, қандай зерттеулерге сүйеніп салынғанын білмеймін. Оны тиісті мекемелер анықтай жатар. Бұл жайт екі ел арасында үлкен мәселе туғызады деп ойламаймын. Негізінде, банк қарызына байланысты мемлекеттің кепілдігі тұратын болса, ешқандай қорқудың қажеті жоқ. Ол қаржыны салған кезде Әзірбайжанның қаржы министрлігі немесе үкіметі кепілдік берген болар деп ойлаймын.
«Мені басқа мәселе алаңдатады»
Ләззат ҚИЫНОВ, Сенат депутаты:
— Бұл мәселемен айналыспағандықтан, толық ақпарат бере алмаймын. Депутаттардың әрқайсысының айналысатын тақырыбы бар. Мәселен, мемлекеттік қарыз, ұлттық банктің жайы т.б. мәселелер бар.Барлығын бір өзің қалай анализ жасайсың? Сондықтан бір мәселенің соңына түсіп, соны аяғына дейін жеткізген дұрыс. Әр дептуттың өзінің жақсы білетін сұрақтары бар. Әркім өзінің жақсы білетін мәселесімен айналысқаны дұрыс.
— Ендеше қазір сізді мазалап жүрген қандай мәселе?
— Мені мазалайтыны – мемлекеттік қарыз мәселесі. Квазимемлекеттік сектордың кредитіне кім бақылау жасап жатыр? Қалай бақылау жасап жатыр? — деген мәселелер айтылып жүр. Шынында да, квазимемлекеттік сектордың қарызы – ол да мемлекеттік қарыз. Өйткені олар компаниялар, мемлекеттік ұйымдар. Ертең жеме-жемге келген уақытта мемлекет жауап береді. Сондықтан осы жайтты қатты қадағалап, бақылауға алу керек. Кез-келген адам алам деген жерінен ала бермеу керек. Өйткені, ең соңында мемлекетке қарызды қайтару керек болады. Қайыру керек болған уақытта ол бюджеттен қайтады. Бюджет деген – халықтың ақшасы.
— Нақты мысалдар келтірсеңіз…
— Өткенде бір сараптаманы оқыдым. Ол бойынша 540 миллиардқа жуық мемлекеттік қарыз бар. Мүмкін оның плюс, минус қатесі бар шығар. Соның өзінде ол аз ақша емес. Енді соның үстіне кредитті ала беретін болсақ, қарыз көбейе береді. Сондықтан мұны бақылауға алу керек. Менің ойлап жүргенім – осы жайт.
— Мұның қасында 71 миллиард теңгенің әңгімесі ұсақ-түйек болып қалады дейсіз бе?
— Енді доллар болса, біраз ақша. Бірақ жаңағыдай үлкен-үлкен цифрлар да бар.
Айбарша Жақсылық
Астана қаласы