Бүгін қазақ журналистикасының жотасы аласарып қалды. Ақылшы ағамыз, қадірменді қаламгер Жұмабек Кенжалин дүниеден өтті. 40 жылға тақау уақыт бойы табан аудармай журналистикаға қалтқысыз қызмет еткен қара нарымыздан көз жазып қалдық.
Өмірдің даңқы жеңіспен келмейді. Қайрат – қажырмен, үздіксіз еңбек етумен келеді. Жұмекеңнің өмірлік ұстанымы осындай болатын. Қиын да қызықты кәсібінің бабын тауып, замандас – қатарынан оза шауып, талай асуды бағындырса да қарапайым қалпынан бір сәт айнымаған қайраткер тұлға қазақ баспасөзінде жүрек қанын сарқа жұмсаған ерен еңбегімен есте қалады.
Жұмабек Омарұлы қазақ газеттерінің шынайы жанашыры еді. Басылымдардың нарықтың қатал заңына төтеп беруі үшін білгені мен тәжірибесін ортаға салып, ақыл-кеңесін аямайтын білікті медиа менеджері еді.
Қош бол, абзал аға!
Тас түскен жеріне ауыр. Отбасына, туған-туысқандарына, әріптестеріне қайғырып көңіл айтамыз.
«Жас қазақ» ұжымы