Кеше облыс əкімі Мəлік Мырзалин аймақ басшысы болып тағайындалғанына жүз күн толуы- на орай, өңірлік коммуникациялар қызметінде жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының басшы- ларымен жəне республикалық басылымдардың меншікті тілшілерімен баспасөз мəслихатын өткізді.
Бұл жолғы баспасөз мəслихаты бұрынғы қалыптасқан дəстүрден өзгеше реңде өткізілді. Облыс əкімі халықпен, оның ішінде сол халықтың сөзін сөйлеп, мұң-мұқтажын билік орындарына жеткізетін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен емен-жарқын сөйлесіп, кəдімгі Күлтөбенің басындағы ел қамын ойлаған, болашақтың бақытын болжаған жиын тəрізді алқа-қотан отырып, салиқалы сөз сабақтады. Қысылып, қымтырылу жоқ. Əркімнің адал, ақиқат сөзін айтуға əбден мүмкіндігі бар. Алдымен таяуда ғана Астана қаласында «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында өткізілген Ақмола облысының мəдениет күндері тақырыбындағы толғаныс. Ежелден əн-жырдың алтын бесігі атанған Көкшетау мен Қараөткелдің жалпақ жонын мекендеген мəдениеті мəнді, өнері асқақ қалың ел көрмеде өлмес өнердің өміршең екендігін шалқар шабытпен паш еткен. Ұзын-ырғасы бір жарым мың өнерпаз қатысқан ұлылы-кішілі шаралардың ортақ түйіні – өнердің əлмисақтан достықтың дəнекері екендігі. Ұлт мұратын үстем ететін қазақы өнердің құдіреті өз отандастарымызды ғана емес, алыстан ат арытып жеткен алыс-жақын шетелдік көрермен көңілін жаулаған. Жеңіс. Өнер жеңісі. Бұл жайында өңір басшысы қалам ұстаған қауымға аса бір разылық сезіммен жеткізді. Облыс əкімі облыстың тыныс-тіршілігі, атқарылып жатқан оңтайлы шаруалары туралы ой өрбітті. 2010 жылдан бастап Индустриялан- дыру картасы аясында 158,8 миллиард теңгенің 72 инвестициялық жобасы жүзеге асырылыпты. Бір қарағанда бір өңкей цифрлар тізілген қасаң көрсеткіш тəрізді. Бірақ, оның əр жағында қанша адамның тағдыры, нəпақа тапқаны жатыр. Осы жобалардың жүзеге асуының арқасында 6,8 мың жаңа жұмыс орындары ашылған. Əлі де 11 жоба жүзеге асырылмақшы. Ойдағы жоспар жүзеге асқан кезде 4,3 мың жаңа жұмыс орындары тағы да ашылады. Бұл дегеніңіз екі қолына бір күрек таба алмай жүргендер үшін талғажау. Шағын жəне орта кəсіпкерлік шаруасы алға басуда. 2016 жылдың сəйкес мерзімімен салыстырғанда бұл орайдағы көрсеткіш 2,5 есе көбейген. Кəсіпкерлікке дем беретін инвестиция көлемі де артып келеді. Көлем көзге ұрып, айқын көрінуі үшін тағы да өткен жылмен салыстырамыз. 2016 жылғы сəйкес мерзімге қарағанда 121,4 пайызға өскен. Осындай ілкімді істің арқасында жұмыссыздық деңгейі біртіндеп азайып, əсіресе, жастарды жұмыспен қамту оң жолға қойыла бастаған. Орташа айлық жалақы мөлшері де 7,6 пайызға өсіп, 101,3 мың теңгені құрап отыр. – Ақмола облысын негізінде аграрлық облыс деп атайды ғой. Меніңше, ауыл шаруашылығы ғана емес, біздің өлкеде өнеркəсіп те қарқынды дамуда. Ірі кəсіпорындар аз емес,–деді облыс əкімі өз сөзінде. Содан соң жуық арада іске қосылатын ірі жобалар туралы жан-жақты əңгімелеп берді. Биылғы көктемде облыстың бірқатар елді мекендері көктемгі су тасқынынан зардап шекті. Қазір сол зардаптың салдарлары жойылуда. Көптеген тұрғындардың баспаналары күрделі жөндеуден өткізілсе, кейбіреулеріне мемлекет тарапынан уақытша үй жалдап тұру үшін қаражат бөлінуде. Замандастарымыздың бойындағы бірлік пен ынтымақ осындай қиын кезде көрінеді. Су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету есеп-шотына тұрғындардан 92 миллион теңге жиналған. Материалдық көмек қаншама. Қол ұшын созған абзал жүрек азаматтар аз емес. Қаражаттың басым бөлігі зардап шеккендерге бөлінді. Шоттағы қалған ақша да осы мақсатта жұмсалады. Мұнан соң журналистердің сауалы қойыла бастады. Алдымен облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы Қайырбай Төреғожа: – Құрметті Мəлік Кеңесбайұлы! Сізге дейінгі облыс басшылары əртүрлі мамандықтардың иесі болды. Олардың арасында экономистер, ауыл шаруашылығының мамандары, құрылысшылар, тіпті, күштік құрылымның өкілдері де қызмет етті. Сіз облыс əкімі болып тағайындалған бірінші дипломатсыз. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі сізді облыс активіне таныс- тырып, тағайындағалы 100 күн өтті. Сол жолы Елбасы аймақты дамытуға байланысты бірқатар мəселелерді қойды. Ақмола облысының одан əрі дамуына қатысты сіздің көзқарасыңызды білгім келеді, – деп сұрақ қойды. – Иə, мен шынында да мамандығым бойынша дипломатпын. Кешегі кеңес заманында мұндай мамандыққа ие болу оңай емес еді. Біздің курс- тастар жыл аралатып кездесу өткізеді. Бір қызығы мұндай кездесулер Мəскеуде емес, Аста- нада өткізіліп жүр. Мен Мəскеуден Солтүстік Қазақстан облысы əкімінің орынбасары қызметіне келдім. Жергілікті жердегі жұмыспен сол кезде айналыстым. Жалпы, өзіме нақты жұмыс істеген ұнайды. Мысалы, ел игілігіне жаратылатын жақсы бір ғимарат салдың екен дейік, əлгі еңбегің қанша жыл халықтың кəдесіне жарайды ғой. Мұнан соң баспасөз мəслихатына жиналған журналистер облыс əкіміне туризмді дамыту, елді мекендерді көркейтіп, абаттандыру, көгілдір отынмен қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының жұмысын ширату, Астана- Бурабай бағытындағы күре жолдың бойындағы жолаушыларға қызмет көрсетуді жақсарту, Астана қаласы маңында демалыс орындарын көбірек ұйымдастыру тəрізді сан алуан сауалдар қойды. Облыс əкімі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің көкейінде жүрген өзекті мəселелер жөнінде қолмен қойғандай етіп тəптіштеп жауап берді. Сөз соңында ол журналистерден қашпайтынын, оларға есігінің қай уақытта да ашық екендігін айта келіп, алдағы төл мерекелерімен құттықтады.