Өткен жексенбі күні облыс әкімі Мәлік Мырзалин Астана-Щучинск автомагистралі бойында орналасқан бизнес субъектілерінің жұмысымен танысты.
Өңір басшысымен бірге аудан әкімдері, облыстық басқармалардың басшылары, «Қазақавтожол» ҰК» акционерлік қоғамының өкілдері еріп жүрді. Облыс басшысы жол бойы тамақтандыру және сауда орындарының, жанар-жағармай және техникалық қызмет көрсету станцияларының, демалыс орындары мен ақпараттық стендтердің жағдайын бағалады. Аймақ басшысы жұмыс сапарының барысында жол бойындағы бизнестің өкілдерімен кездесті. Кәсіпкерлермен болған әңгімесінде ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмені өткізуге байланысты жол бойындағы сервистің дамуының маңыздылығы мен өзектілігі артатынын атап өтті. Облысымыз отандық және шетелдік туристерді қарсы алуға дайындалуда. Щучинск-Бурабай курортты аймағының туристік демалыс әлеуетін ескере отырып, қонақтардың көбі Ақкөл, Шортанды, Бұланды және Бурабай аудандарының аумақтары арқылы өтеді деп күтілуде. Осыған байланысты тиісті аудандардың әкімдері мен облыстық басқарма басшыларына жол бойындағы сервис
нысандарын өрт қауіпсіздігімен қамтамасыз ету, санитарлық жағдайы мен эстетикалық көркі мәселелерін,нысандар іргесіндегі аумақтарды көгалдандыру мен абаттандыруды, ақпараттық стенділерді орналастыруды бақылауға алутапсырылды. Сондай-ақ, Мәлік Мырзалин мобильді байланыстың үзіліссіз жұмысын қамтамасыз ету мәселесін ұялы операторлармен бірге жөнге келтіруді міндеттеді. Ұсынылатын қызметтің сапасы да маңызды болып табылады. Облыс әкімі өз сөзінде жалпы туристік рынок өңір экономикасының стратегиялық саласы болып табылатынын ерекше атап өтіп, жергілікті кәсіпкерлерді ЭКСПО-2017 көрмесі өткеннен кейін туризмді дамытуға белсенді қатысуға шақырды.
–Жол бойындағы бизнестің тұрғындар үшін сапалы қызмет ұсынуы халықаралық шаралардан кейін де маңызды,–деді өңір басшысы. Ол өз тарапынан туризм саласын дамытуға үлкен қолдау көрсететінін айтты. Аймақ басшысы жұмыс сапарының қорытындысы бойынша жол бойындағы сервисті одан әрі жақсарту және жол бойындағы инфрақұрылымның жаңа жобаларының бастамасы жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.