Жылдың басқа мезігіліне қарағанда жаз айларында жер телімдері мен саяжайларды сату, сатып алу көбейеді.
«Сауда мұраты – ұту» екені рас. Алған жер телімі заңсыз болып шықпас үшін сатып алушы нені білуі керек? Учаскелік жерді сатып аларда қандай талаптардың орындалғаны дұрыс? Осы жөнінде бірер кеңес:
► Жер төңірегінде туындайтын дау-дамай өте көп. Сатып алған жеріне үй салайын деп барса оның басқа иесі шығып тұрған жағдайлар да, құжат бойынша басқа, көрсетіп берген жері бір басқа болып шығатын жайлар да кездескен. Осындай жағымсыз жайлар орын алмас үшін учаскелік жер сатып алатын тарап, сатушымен бірге жердің барлық құжаттарын алып жер комитетіне бару керек. Онда жер аумағын өлшеумен айналысатын (съемка) бөлім бар. Сол жерден техникті ертіп, сатып алатын жерді қайта өлшетіп, қазығын қақтырып алуы керек.
Сондай-ақ мұрағатта тұратын картотекаға қарап, ол жердің кімге тиесілі екенін де анықтап білуге болады. Осындай жолмен сатып алғанға дейін өзіңізді сақтандырып қоюңызға болады. Екіншіден, халыққа қызмет көрсету орталығына барып, учаскелік жердің банкте кепілдікте тұрған-тұрмағаны жайында анықтама алу керек. Оны жер иесінің өзі алады. Осы анықтаманы алғаннан кейін ғана нотариусқа барып сатып алғанын рәсімдейді.
Саяжайға байланысты туындайтын дау-дамайлар да жиі кездеседі. Көп жағдайда саяжай иесінің қолында ескі мемлекеттік актісі болады. Ондай құжаттар бүгінгі күнге жарамайды. Содан соң олар қолында саяжай кітапшасы болса, сол жердің иесімін деп санайды. Алайда ол меншік иесінің құжаты ретінде жарамайды, ол тек саяжай серіктестігіне жататынын дәлелдейді. Осы мәселеге байланысты мынаны айтып кеткен жөн: Бұндай саяжайларды уақытысында өткен жария ету кезінде заңдастыру керек еді. Жылжымайтын мүлікті жария ету комиссиясының шешімі негізінде меншік иесіне 49 жылға жер учаскесіне уақытша (ұзақ мерзімге, қысқа мерзімге) өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беретін актісі (госакт) берілетін. Яғни жерді жеке меншікке емес уақытша пайдалануға құқығы берілетін. Ал уақытша пайдалануға берілген жерді сату үшін Шымкент қаласының жер қатынастары бөлімінен жер учаскесінің жалға алу құқығын сатып алу-сату келісім шартын алып, халыққа қызмет көрсету орталығына тіркетеді. Тек содан кейін ғана сатуға құқығы бар.
Бұл бір-ақ рет берілетін құжат. Одан кейінгі иелері сату үшін ондай құжат алып әуреге түспейді. Жер телімін сатып алатындарға құжаттарының дұрыстығына көз жеткізгеннен кейін нотариусқа шартты рәсімдеуге баруыңыз керек.