Жемқорды аяуға болмайды

14 ақпан 2020, 11:17

Елімізде жемқорлық мәселесі тыйылмай тұр. Жоғары-төменгі қызметтегілердің парамен ұсталғаны туралы ақпаратқа құлақ үйренгені соншалықты, еш мән бермейтін де болдық. Енді бұған қалай тосқауыл қоя аламыз? Бұл төңіректегі түйткіл жақында Мәжілісте қаралып, жемқорлықпен күрес туралы заңға өзгерістер енгізу мәселесі қарастырылды. Осы орайда депутат Владислав Косарев заңды қатаңдату керектігіне тоқталды. Біз Владислав Борисовичпен қоғамның қас жауына айналған жемқорлықты жоюдың мүмкіндіктері төңірегінде сұхбаттастық.

Jas qazaq: Владислав Борисович, сіз жемқорлыққа қатысты жақсы мәселе көтердіңіз. Әсіресе сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевтан өз жетістіктерін айтып, мақтана бермеуді өтіндіңіз. Шынында да, осындай мақтаншақтық біздің дамуымызға кедергі болып отырған жоқ па?
В.Косарев: Біріншіден, Jas qazaq газетінің оқырмандарымен амандасып алғым келеді. Сонымен қатар менің қызметімді бақылап отырған басылымға алғысымды білдіремін. Сөз басында ашып алғанымыз дұрыс, сіздің сауалыңыз Мәжілісте талқыға салынатын екі мәселені қозғайды. Біріншісі – жемқорлыққа қарсы заңға түзету енгізу, екіншісі – тұтынушылар құқығын қорғау. Екінші мәселені талқылау кезінде заң жобасын таныстырған сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев түскен пайданы әділетті бөлу керек деген сауалыма жауап берудің орнына, сәтті іске асқан жоба мен оң нәтижелер туралы айтты. Бірақ әдемі сандар мен сенімді есеп беру үнемі шындықты көрсете бермейді. Бұл жерде ауылда сиыр сауып, сүтін жинап тер төккен адам сүттің бір литріне 80-90 теңге алса, дүкендегі сүттің бағасы 200 теңгеден жоғары. Бұл жерде пайданы кім көп тапқаны көрініп тұр. Пайда өндірушіде емес екі арадағы делдалдарда. Ауылдық жердегі өндірушілер жердің 1,5 пайызын пайдаланып отырса да, ішкі нарықтың 75-85 пайызын сүт, етпен қамтамасыз етіп отыр. Олар малға беретін жемді өз бағасынан 8-10 есе қымбат бағаға сатып алады. Ал дәнді жемдер әлемдік нарықта 1,5-2 есе қымбат. Бұлай өндірісті дамытуға болмайды. Өйткені, олар күнін әрең көріп жүр, банкрот болып қалмау үшін банктер мен қаржы ұйымдарынан қарыз алады. Біздің мемлекеттік органдар әсірелеп айтуды, сіз жоғарыда айтқандай, бос мақтануды меңгеріп алған. Мұндай құбылыс біздің дамуымызға кедергі келтіреді.
Jas qazaq: Біздің елде кез келген кәсіпорынның «крышасы» барын да ашық айттыңыз. Осыған қатысты мәселені кеңірек әңгімелеп берсеңіз?
В.Косарев: Мен мұны ешкімге құпия емес деп ойлаймын. Ол үшін біздің шенеуніктерге жылы орындарынан тұрып, халықтың арасына барғаны жөн. Әр кездескен адам кімге не тиесілі, кім қалай пайда тауып отырғанын айтып береді. Қазір кәсіпорын ашу – қиынның қиыны. Қаншама кезеңнен өтуің керек, әрине, тегін емес. Ал егер көмек қолын созған адам болса, ол кәсіпорынды ұзақ жылға қарыз қылып қояды. Ал инвесторға қараңыздар, олар өз пайдасын жібермейді. Тіпті борышкерін қаржылай байлап қояды.
Jas qazaq: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ірі қылмыстарды ашып жатқанын айтады. Бірақ жемқорлар неге азаймай тұр?
В.Косарев: Біздің қоғамда жемқорлыққа қарсы агенттік жарнамалағандай, жемқорлыққа қарсы иммунитет қалыптасты деп ойламаймын. Жемқорлық – қауіпті деп айтуымыз бір бөлек, ал оған жол ашып жағдайын жасап беру бір бөлек әңгіме. Бізде қалай болатынын қараңыз. Алдымен, ұры шендіні ұстаймыз. Ол кінәсін мойындап, айыппұл төлейді. Болмаса 1-2 жыл отырып, бостандыққа шығады. Сондай-ақ қоғамда жемқорларды беделді, табысты батырға айналдыру үрдіске айналды. Өйткені, ол жазасын өтесе де, өзінің бай-қуатты өмірін жалғастыра береді. Біздің елде жемқорлыққа қарсы заң барынша қатал. Бірақ жемқорлар мен қазынаға қол сұққандар азаймай отыр. Оларды ауқымды айыппұл мен ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы да қорқытпайды. Жемқорлықты азайту үшін бұл құбылысқа қатысты қөзқарасымызды өзгертуіміз керек деп ойлаймын. Жемқордың мойындауы нақты салдарға әкелмейді, оларды қоғамның сатқыны етіп көрсетуіміз керек. Ол үшін жемқорды Отанын сатқандармен теңестіру керек.
Jas qazaq: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәселелер бойынша түзетулерді таныстыру кезінде «Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамалық құжаттарды бірінші рет қабылдап отырған жоқпыз. Менің ойымша, егер де коррупциямен күресетін органдар кімнің кімге сыйлық бергенін және кімге қонаққа барғанын қадағалап отыратын болса, ондай органдар өздерін жоғалтады» дедіңіз. Бұл тіпті ұсақталып кеткенімізді білдірмей ме?
В.Косарев: Сіз менің келтірген мысалдарымды мұқият тыңдаған сияқтысыз.
Кез келген заңбұзушылық ұзақ-түйектен басталады. Алайда бұларға да көз жұма салуға болмайды. Бізде гүл сыйлаған адам, ұрлық жасаған адамнан да қатаң жаза алуы мүмкін. Сондықтан, біздің жемқорлармен күресушілер ұсақ-түйекті қуып кетті. Бұл да жемқорлықтың гүлденіп отырғанының бір көрінісі. Өйткені, жемқорлықпен күресушілер ең маңыздысына назар аудармай отыр. Олар қылмыстың қаншалықты ашылғанын айтады. Ал қомақты ақша алған жемқорлар, бұрын қалай өмір сүрсе, қазір де солай өмір сүріп жатыр. Оларға ешкім тиісе алмайды.
Jas qazaq: Заңды қатайту керек дейміз. Бірақ қалай, қаншалықты қатайтуға болады?
В.Косарев: Жоғарыда атап өткенімдей, біздің елдегі жемқорлыққа қарсы заң қатал. Егер қатаңдатылған болса, онда сыбайлас жемқорлықпен күресетін әділет органдарына қатысты заңды қатайту керек. Сонымен қатар жемқорлыққа жол ашатындарды да, сыбайлас жемқорлықты қолдайтын адамды да қатал жазалау керек.

Сұхбаттасқан
Мақпал Ноғайбаева

26 сәуiр, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
26 сәуiр, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады