Астана мен Алматы қаласынан жер телімін беруде ешқандай шектеу жоқ. Бұл туралы Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясынан соң айтты. Бұл туралы jasqazaq.kz тілшісі хабарлайды.
«Жалпы осы жылы 60 мың жер учаскесіне инфрақұрылым тартылады. Жарты жылдықта, инфрақұрылым тартылған 23 мың жер учаскесі берілді. Ал қалған 37 мыңы жылдың соңына дейін берілетін болады.Биыл бұл үшін әкімшіліктерге 45 миллиард теңге бөлінді», — деді инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.
Астана мен Алматы қаласы бойынша жер телімін беруде шектеудің бар-жоқтығын сұрағанымызда, министр «Менің естуімше, ешқандай шектеу жоқ. Жер беріледі. Бұл қалалар бойынша нақты қай жерлерден берілетіндігін әкімшіліктер шешеді.Оларға (Астана мен Алматы қаласына – ред.) тек қана осы қаржы ғана емес басқа бағдарламалар бойынша да инжерлік инфрақұрылымына ақша бөліп отырмыз», — деді министр.
Министрдің айтуы бойынша, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасышеңберінде 15 жылдың ішінде 1,5 миллион жанұяға пәтер беру көзделіп отырған көрінеді.