Ақтөбе облысы, Хромтау ауданындағы Курченко тұйық көшесінде орналасқан жатақхана тұрғындары далаға түнеуге бекініп отыр.
Дөң кен байыту комбинатына тиесілі үйде тұратын 243 тұрғын апатты деп танылған жатақханадан шығу туралы келісімге қол қоймады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Ақтөбе облысының Хромтау ауданындағы кеншілер мен қарапайым тұрғындар, жастар қоныстанған жатақханаға жарты ғасырдан астам уақыт болған. Бұл жатақхананың бір жақ қабырғасы сөгілуі мүмкін деп темірмен бекітілген. Ал биыл күз келгенде тұрғындарды шығарып жіберуге шешім шығарылған. Жалғызбасты ана, жас отбасы, зейнеткер мен қарапайым жұмысшылар қоныстанған бұл жатақхананың тұрғындары бір айда пана тұтқан орнын босатуы тиіс. Ал аз қамтылған отбасылар бұл талапты орындай алмайды. Өйткені көбі 30-50 мың теңгемен отбасын асырап отыр. Хромтау қаласында пәтер жалдау 35-50 мың теңге аралығында. Ал жеке тұрғын үйлерде 25 мың теңге. «Жатақханада тұрып жатқанымызға 9 жыл болды. Екі балам бар. Өзім 30 мың теңге жалақы аламын. Басқа табыс көзі жоқ. Қазір қайда барып, кімнен көмек сұрарымды білмей отырмын. Қала әкімі Асқар Нұртазиннің қабылдауында болып едім, ол «білмеймін» деп қысқа қайырды. Біз бұл үйде 7 мың теңге төлеп тұрамыз. Біз секілді табысы аз отбасыға бұл үлкен қамқорлық болған еді»,- деді жатақхана тұрғыны Гүлжанат Жалғасбаева. Дөң кен байыту комбинаты тұрғындардың барлығын жинап алып, жатақхананы бір ай ішінде босатуды талап еткен. Әлеуметтік жағдайын айтқан тұрғындарға зауыттың қонақ үйіне барып, ақшасын төлеп тұру да ұсынылды. «Мен зейнеткермін. Жатақханада 1998 жылдан бері тұрамын. Дөң кен байыту комбинатында 17 жылдан бері жұмыс істеймін. Өз күшіммен, өз еңбегіммен жүрген адаммын. Маған кім көмек береді? Зейнетке шықсам да жұмыс істеуге тура келеді. Мен 12 сағат жұмыс істеймін, 8 сағатыма ақы төлейді. Шаршаймыз, үндемейміз. Зейнеткерді шығарып жібере ме деген үреймен жүрмін»,- деді Қарлығаш Шүренова. Бұл жатақхананың тұрғындары далаға түнеуге бекініп отыр. Тіпті «ағаш үй тігіп бер, далаға қонамыз» деген ұсыныстарын жергілікті билікке жеткізіп үлгерді. «Ит секілді шығарып жібергісі келеді. Бұл не масқара? Зейнеткерлер, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар тұрады. Қонақ үйде 14 бөлме бар, ақысын төлеп тұрыңдар деді. Ол не деген сөз? Бірнеше жыл бойы апатты деп айтып келе жатыр. Сол кезден бастан шығарып, оларды баспанамен қамтамасыз етуді жоспарлауы керек еді. Ал олар күні бүгінге дейін адамдарды шақырып, орналастырды. Кейін бір күнде жиналыс өткізіп, «шығыңдар» деп отыр. Бұл үйде 150-ге жуық бала бар. Олар ертең мектепке барады. Тамағымыз, киіміміз бар. Балама атасы ақша берген еді, ол маған беріп, «мама пәтерге төлеші» деп отыр. Мен жылап жібердім»,- деді жатақхана тұрғыны Әсия Абишева. Айта кетейік, тұрғындар жеке сарапшы жалдап, жатақхананы тексертуді жоспарлап отыр. Олар бұл жатақхана әлі 10-15 жыл қызмет көрсететіне сенімді.