jasqazaq.kz

Жартысы-жатақхана, жартысы-мектеп

30 наурыз 2018, 12:04

Өткен аптада Астананың қақ ортасында 10 отбасының мектепте тұрып жатқаны туралы ақпарат жарық көрді. Біз жартысы – мектеп, жартысы баспана болған ғимаратқа барып, мектеп басшысымен және сондағы тұрғындармен сөйлесіп қайттық.

Қалалық №34 мектептегі жағдай 2001 жылдан бері шешімін таппай отыр. «Қырық кісі – бір жақ, қыңыр кісі – бір жақ» болып, директор мен жатақхана тұрғындары соттасып әлек. Білім ордасы Сарыарқа ауданында орналасқан. Кезінде кәсіптік-техникалық лицей болған қос қабатты ғимараттың бір бөлігі ұстаздарға қызмет баспанасы ретінде беріліпті. Әр бөлмені бір-бір ұстаздың атына рәсімдеген. Алайда 2000-жылдардың басында кәсіптік лицей басқа ғимаратқа көшіп, бұрынғы нысанға мектеп қоныстанады. Мамыражай күн кешіп жатқан ұстаздардың жағдайы сол күннен бастап қиындады.
№34 мектептің басшылығы тұрғындар мекендеген дәліздің есігін бітеп, кіре берісті гараждан шығарып берген. Ол аздай, су, жылу, кәріз жүйесінен де біржола ажыратып тастапты. Ғимаратқа жөндеу жасаған кезде де, қызметтік бөлмелердің тұсын сол күйі – сыртындағы қара сылағымен қалдырып кеткен. Қаланың қақ ортасында «өркениеттен» жұрдай қалған тұрғындар суды сырттан тасып, айналадан дәретхана қазып алыпты.
Ғизат Шәріпова есімді тұрғын жатақханаға 1997 жылы көшіп келген. Отағасы кәсіптік мектепте жұмыс істепті. Осы даумен жүргенде жұбайы өмірден өтіп, аядай бөлмеде Ғизат апай екі баламен қалған. Асыраушысынан айырылып, пәтер кезегіне тіркелген ол №34 мектептің басшылығымен екі рет соттасады. Екеуінде де тұрғындардың пайдасына шешіліпті. Сот «бөлме иелері көшірілетін болса, білім ордасы оларды баспанамен қамтуға тиіс» деген шешім шығарған.
Ал мектеп директоры Дидар Рахымберлина «Білім беру ұйымының жатақхана тұрғындарына баспана әперетін мүмкіндігі жоқ. Оны қала әкімдігі шешеді» деп азар да безер. Оның да айтар уәжі көп. Үстінен неше түрлі арыз-шағым түскен. Тіпті қызметтік бөлме иелері коммуналдық шығынын төлемей, мектепті қарызға белшеден батырыпты. Мектеп басшысы:
– Тұрғындар мектеп балансындағы бөлмелерде отыр. Бұл кісілер жекешелендіріп алған жоқ. Тиісті құжатымыз бар. Бұл мәселе қалалық мәслихатта да қаралып жатыр. Осы дау-дамай үшін жуырда депутаттар алдына тағы барамын», – деді.
Алайда жатақхананы паналаған тұрғындар біраз жыл жылусыз отырғанын алға тартады. Аягөз Ескендірова есімді келіншек «40 градус аязда да жылусыз отырған күніміз болды. Жарық жоқ, балаларымыз Астананың ортасында шамның жарығымен сабаққа дайындалды» деп қынжылады. Қазір жылу мен жарық берілген. Бірақ бөлмелер тұрғындардың атына рәсімделгенімен, коммуналдық шығынын мектепке төлейді. Қалай есептеліп жатыр, ол жағы беймәлім.
Мектеп пен тұрғындарға ортақ ғимараттың жыры жергілікті билікке жақсы таныс.Талай жылдан бері «қамданып жатырмыз» деген желеумен жұбатып келеді. Осы мәселе бойынша Астана қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Дулат Жекебаевқа хабарластық. Ол «Жатақхана тұрғындарына пәтер алып беру білім басқармасының құзыретіне жатпайды. Біз оқушылардың қауіпсіздігіне алаңдаймыз. Бар үміт енді қалалық мәслихаттың жұмысына байланысты» деп тағы бір мәселенің шетін шығарды.
50 жыл бұрын салынған ғимаратта қазір 100-ге жуық бала оқиды. Жатақхананың үстіне бастауыш сыныптар орналасқан. Мектеп басшылығы да, тұрғындар да осыған алаң. Өйткені қызметтік бөлмеде тұрып жатқандар ас пісіру үшін газ баллонын қолданады екен. Алда-жалда газ пешінен ақау шықса, жазатайым жағдай бола ма деп жанын шүберекке түйіп жүр.
Оқушылардың қауіпсіздігіне алаңдаймыз деген білім басқармасы басшысының орынбасары сөз арасында «Мектеп ғимаратында білім саласына қатысы жоқ мекеме, пәтер, жатақхана сияқты нысан болмау керек» дегенді айтып қалды. Бірақ жатақхана тұрғындарының білім саласына қатысы бар ғой. Кезінде кәсіптік-техникалық лицейде еңбек еткендер мен солардың отбасылары өмір сүріп жатыр. Сондықтан арнаулы орта оқу орындары да білім басқармасына өгей емес. Ал 17 жылдан бері сот пен мектеп басшылығының арасында шырылдап жүрген 10 отбасының уәжі мынау: «Жағдайы жоқ мекенді еріккеннен паналап отырған жоқпыз, барар жеріміз жоқ. Егер баспана мәселесі шешілсе, бір күнде қалмас едік».
Олардың ендігі үміті – қала әкімдігінде.

Бейсен НАРЫНБЕК,
Астана

25 маусым, 16:42
Түркістан: Ағын су тапшылығын еңсеру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр
25 маусым, 15:56
Түркістан: Саурандағы индустриалдық аймақтар кәсіпкерлікке серпіліс береді
25 маусым, 15:45
Түркістан: 130 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, 100-ге жуық жоба жүзеге асуда
25 маусым, 14:58
Алматы қаласында жаңа отбасылық емхана пайдалануға берілмек
24 маусым, 16:32
Chevron -ҚМГ: Сенімді серіктестік жолымен
24 маусым, 15:51
Бақытжан Төлімбет: Түркістанда балалар арасындағы суицидтің алдын алу жұмыстары дұрыс жолға қойылған
24 маусым, 14:23
Түркістан: Түлкібаста жалпы өңірлік өнім 29,9 млрд теңгеге жетті
24 маусым, 14:07
Түркістан: Масылдыққа жол бермеудің жолы – жұмыспен қамту
24 маусым, 14:02
Түркістан: Ауыл мектептері жаңғыртылып жатыр