Бүгінде тіл мәселесі мен ұлттық мүдденің дамуына үлес қосып жүрген азаматтарымыз аз емес. Біраз жылдан бері шәкірт тәрбиелеп, «Ділмар» шешендік өнері сайысын республикалық деңгейде дамытып жүрген Абай атындағы республикалық мектеп-интернатының «шешендік өнер» пәнінің мұғалімі, «Шешендік өнер» оқу бағдарламасы мен «Ділмар» сайыс жобасының авторы, «Ділмар» республикалық клубының президенті, журналист Жарқын Сәленұлымен әңгімеміз ана тілімізді дамыту төңірегінде өрбіді.
— Жарқын Сәленұлы, 30 жылдан бері тіл мәселесін шешу керек деп қисапсыз сұқбат беріліп, мақалалар жазылып, ерінбегеннің немесе екінің бірі ойын айтып, пікір білдіруде. Алайда нәтижелі іс істейтіндер көп емес. Сіз де журналист ретінде көптеген ұсыныс пен ақыл айтушының бірі болдыңыз десем қателеспеймін. Ал сіз не тындырып жүрсіз?
— Өте дұрыс ой айттыңыз және сауалыңыз да орынды. Бұл сұрақты әрбіріміз өзімізге қойып есеп беруге тиіспіз. Олай болса жауапқа көшейін. Шынымен де күні бүгінге дейін 20 жылға таяу уақыттан бері тіл мәселесі мен ұлттық мүдде тұрғысынан саналуан пікір, ақыл айтып, жазып, ұсыныс жасаушылардың қатарындамын. Дегенмен бүкіл қазаққа пайдасы тиетін нақты атқарған жемісті істерім да жоқ емес. Мәселен, бір буын жаңа ұрпақты қазақы тәрибемен тәрбиелеген «Электронды қазақ үй» ұлттық өнімінің жер шарындағы қазаққа пайдалы болғанын мақтанышпен айта аламын. Одан бөлек, 2012-2016 жылдары жиырмаға таяу жоғарғы оқу орны, колледж бен мектепке танымал дәстүрлі әншілерді ақысыз түрде кездесеуге апарып жастардың санасына ұлттық тәрбие сіңіруге, рухын асқақтатуға қызмет еттім. Ең бастысы, 2018-жылы кәсіби журналистикадағы мақсат-міндетімді тоқтата тұрып, өзім айтқан ақыл мен ұсыныстарды нақты іске асыру үшін Алматы қаласындағы Абай атындағы республикалық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына шақырылған жұмысқа тәуекел етіп бардым. Аталған мектепте «Шешендік өнер» пәнінен дәріс беру арқылы жүздеген жасты отанын жан-тәнімен сүйетін озық ойлы, білімді, мемлекетшіл, көшбасшы тұлға болуға баулыдым, білім мен тәрбиені қатар дарыттым. Себебі, жарыса айтып жүрген «Жаңа Қазақстан» дегеніміз өздігінен және жылдам құрыла салмайды. Оны санасы жаңарған, ұлтының, жұртының мүддесін өз басынан жоғары қойып, қамын ойлайтын, ата-баба мұрасы мен аманатына адал, таза, арлы, мол білімді, заманауи мүмкіндіктерді игерген, жан-жақты дамыған азаматтар ғана құрады және қызмет етеді. Біз сол мақсатты іске асыратын буынды дайындап жатырмыз. Осы арада алаштың ардақтысы Мағжан Жұмабайдың бір сөзін еске сала кеткенім жөн сияқты: «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға(қазақ жанына) үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады».
— Ал сол өзіңіз айтқан жаңа ұрпақты тәрбиелеу үшін қандай нақты істерді істедіңіз?
— Алғашқы сауалыңызға жалпылама шолу түрінде жауап бердім. Енді соңғы жылдарда жасаған жұмысым бойынша нақты ақпарат берейін. «Шешендік өнер» пәнін мектептегі барлық оқушыларға оқыту арқылы жаңа ғана өзім айтқан білім мен тәрбиені қатар дарытып азат ойлы азамат қалыптастыруға барымды арнап келемін. 2018-жылы Абай мектебіне дәріс беруге барған кезімде «Шешендік сөз өнері» пәні – мейірім-махаббатын арнап тәрбиелейтін әке-шешесін күтіп шырылдап жатқан жетім сәбидей еді. Мен сол сәбиді барынша баптап-баулып, қаз-қаз басқызып қатарға қосып азамат еттім. Яғни, Жиренше шешеннің 6 жасар ұлын «азаматым» дегені секілді аталған пән де еңсесін тіктеп, азамат болды деген сөз. Ол үшін күні-түнімді, жүрек қанымды, уақытым мен қаражатымды сарқа жұмсадым. Жарты сағаттық түстен кейінгі және демалыс күніне қойылатын, сағаты жетіспейтіндерге бере салатын, мән-маңызы мен қадір-қасиеті жоқ пәндер қатарынан алып шығып негізгі пәндермен қатар оқылатын деңгейге жеткіздім. Қорытылмайтын, баға қойылмайтын пән болғандықтан сана-сезімі мен таным-түсінігі төмен кейбір мұғалімдер мен оқушылардың немқұрайлы қарап көзін жойғысы келетін пасық әрекеттерінен күресе жүріп қорғап қалдым. Бір емес екі рет мамандармен бірге арнайы оқу бағдарламасын жасап, оқыту барысында түрлі тәсілдер мен әдістерді қолдандым. Нәтижесінде мектебіміздің ғана емес өзге де білім беру мекемелерінің қызметкерлері, ата-аналар мен зиялы қауым маңыздылығын түсініп өз баласын немесе туыстарын арнайы жетелеп әкеліп оқытатын пәнге айналды. Алайда, әлі де болса бұл пәннің мән-мағынасы мен мақсатын, жетістігі мен ерекшелігін түсіне алмай жүрген мұғалімдер мен оқушылар бар. Олардың сауатын, түсінігін арттыру жұмыстары тынбай жүргізілуде.
Мәселен, «11-сынып оқушыларына бұл пәнді оқытудың қажеті жоқ, олар ҰБТ тапсырады» деген пікір басым. Әрине грант иегері болған жақсы, оны қолдаймын. Алайда өмір ҰБТ мен аяқталмайды. Қайта ҰБТ дан кейін күреске, талас-тартысқа толы, маңдайыңнан сипап аялайтындары аз алмағайып үлкен өмір басталады. Бәріміз көріп жүргендей қатігездігі, жаманшылығы көп сол өмірдің күрескері, нәтижеге жетуге ұмтылған бәсекеге қабілетті азаматы болу үшін «Шешендік өнер» пәні арқылы даритын даналыққа толы тәрбие мен білім ауадай қажет. Өйткені, ұлы дала ойшылдары қалдырған бай мұрада бізді адастырмайтын, адамдықтан, адал жолдан тайдырмайтын ізгілікке толы ата жолы бар. Оны заманауи біліммен ұштастыра алсақ ғана мол жетістікке жетеміз. Осы тұрғыда сүйіншілі жаңалығымыз бар. Атап айтқанда, СДУ-дің профессоры, «ЖОО-ның үздік оқытушысы», көптеген оқу құралдары мен әдістемеліктердің авторы, ұлағатты ұстаз Жұмақаева Береке апаймен бірлесе отырып 7-11 сыныпқа арналған «Шешендік өнер» пәнін оқытудың жаңа бағдарламасын жасап шықтық. Онда сөзтаным, тұлғатаным, тарихитаным, мәденитаным, т.б қамтылады. Оқушыларды жас ерекшелігіне қарай тәрбиелеп және білім беріп дамытады. 10-11 сыныпқа барғанда оқушы түрлі ортада, әралуан тақырыпта, бірнше жанрлық ерекшелікте тіл және сахна мәдениетін сақтай отырып еркін сөйлеп, өз ойын анық, дәл, дәлелді жеткізіп, алған білімі мен тәрбиесін өмірде қолданатын, жан-жақты дамыған көшбасы тұлғаға айналады. Биылдың өзінде осы бағдарлама бойынша еліміздің 8 өңіріндегі оннан астам пектепте аталған пән бейіндік және үйірме ретінде оқытыла бастады. Ал республикалық Абай мектебінде алғаш рет 8-9 сыныптарға аптасына 2 рет, ал 10-11 сыныптарға аптасына 1 рет оқытылатын деңгейге жетті. Осы деңгейге жетуге қолдау жасаған Абай атындағы РММИ-дің барлық кездегі басшысына, соның ішінде соңғы кездегі мол мүмкіндіктерге барынша жол ашып көмектескен мектеп-интернатымыздың қазіргі директоры Нүсіпжан Жеңіскүл Темірханқызына рақмет айтамын. Пәнді нәтижелі оқытып, «Ділмар» үйірмесінің жұмысын табысты жүргізуіме тілеуқор, қолдаушы болған әріптестеріме де алғысым шексіз!
— «Ділмар» үйірмесі деп қалдыңыз, әлеуметтік желіден үйірме мүшелерінің белсенді жұмысын байқап қалдым. Қандай жетістіктеріңіз бар?
— Сіз секілді қырағы байқампаздар «Ділмардің» жұмысына әрқашан тілектестігі мен қолдауын білдіріп отырады. Биыл ұлттық рухани мұрамыздың шырақшысы болған – «Ділмар» үйірмесінің құрылғанына 5 жыл толды. Осы кезеңде үйірмеміз бір мектептегі оқушыларға ғана емес, еліміздің түкпір-түкпіріндегі мыңдаған оқушының ұлттық құндылықты бойына сіңіре отырып дамуына үлес қосып үлгі болды. Атап айтқанда, қарапайым үйірмеден республикалық «Ділмар» шешендік өнерді дамыту клубы деңгейіне көтеріліп, ондаған шағын үйірменің жұмысын үйлестіріп, жетістікке жетуіне ықпал етті. Оған үйірменің талантты, еңбекқор мүшелері тұрақты түрде жариялаған әлеуметтік желідегі белсенді жұмысы бағыт-бағдар берді. Үйірме аясында бірнше республикалық деңгейде байқау, сайыс, іс-шаралар ұйымдастырылды. Үйірмемізден 8-9 сыныптарда 2 жылға жуық тәлім алған Әли Мұхтарұлы Аягөз ауданынан «Аягөз-ділмар» үйірмесін құрып, аудан бойынша 30 дан астам оқушыны іріктеп алып сабақ беріп, іс-шаралар жасады. Наурыз айында Бегеш шешеннің ұрпағы Абай Таласұлының демеушілігі һәм қолдауымен Абай облысы бойынша алғаш рет облыстық шешендік өнер байқауын сәтті түрде өткізді. 10-сынып оқушысының қолынан осындай ірі істердің келуі – біз алға қойған «Көшбасшы тұлға» қалыптастыру мақсатының орындалғандығының бір көрінісі, нақты дәлелі емес пе? Одан бөлек «Ділмарда» 4 жыл мүше болып тәжірибе жинаған, мектептен, отбасынан, ұстаздардан алған білімі мен тәрбиесін үйірмедегі жұмысымен ұштастыра отырып дамытқан жас қаламгер Жалғас Серікболұлының қысқа әңгімелерден құралған «Аққұйын» деп аталатын екі кітабының жарыққа шығуын да мақтана айтуға болады. Себебі, табиғатында айтыскерлік қабілеті бар Жалғасты шешендік өнер пәнін жақсы оқып, шешендік сайыстарға қатыстырып шыңдау арқылы дамыта түстік. Нәтижесінде халқымыздың бағзы замамннан(«Скифше сөйлеу»), би-шешендерден қалған асыл мұра, айшықты дағдысы болған аз сөзге көп мағына сыйғызу шеберлігін мейлінше меңгеріп замандастарының құныға, қызыға оқитын қаламгеріне айналды. Егер осы пәнді жақсы оқымағанда, шешендік сайыстар мен үйірме арқылы еңбекқорлық, ізденісін арттырмағанда Жалғас тек көптеген айтыс ақыны сияқты айтыскер болып қалуы бек мүмкін еді.
Ең бастысы, біз оқушыларды, үйірме мүшелерін әдемі, жақсы сөйлеуге үйретіп қана қоймай ізгі істерді мейлінше мол істейтін мейірімді, жомарт, кісілігі мол тұлға етіп қалыптастыруға бағыттаймыз. Соған сай түрлі қызықты тапсырмалар береміз. Оның бәрін тізбелемей-ақ қояйын. «Ділмар» клубының инстаграм, ютуб арналарынан көріп алсаңыздар болады. Тағы бір бағытымыз, үйірме мүшелерінің жазу шеберлігін дамытамыз. Осы уақытқа дейін үйірмеден республикалық «Ұлан» газеті мен «Ақжелкен» журналдарының жас тілшілерін(Нұрай, Ақерке) дайындадық. Өткен жылы кәсіпкер, атымтай жомарт Дулат Тұрсынұлының демеушілігімен үйірме мүшелерінің шығармашылығы топтастырылыған «Дарынның ділмарлары» кітабын шығардық. Біздің үйірмеден тәлім алып тәжірибе жинаған оннан астам оқушы мұғалімдік мамандықты таңдады, олар келешекте шешендік өнердің одан әрі жаңғырып-жандануына, мектептерде пән ретінде оқытылуы мен үйірме ретінде дамуына сүбелі үлес қосатынына сенімдімін.
-Айтпақшы, жыл сайын республикалық деңгейде шешендік сайыстар өткізіп жатасыз, оның пайдасы мен нәтижесі қандай?
-Дұрыс айтасыз. Бірнеше жылғы журналистік майдандағы, білім беру саласындағы тәжірибелерімді жинақтай келе «Ділмар» шешендік сайыс жобасын жасап, оқушылардың сөйлеу шеберлігін дамытуға тиімді түрде қолданып келемін. Дәл осы уақытқа дейін жалпы білім беру ұйымдарында 5 рет республикалық «Ділмар» шешендік өнер байқауы өтіп, оған еліміздің әр өңірінен 139 оқушы қатысты. Ал желілік Абай мектептері арасында 4 рет өткен «Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысы…» шешендік өнер байқауына 76 оқушы қатысып, сөйлеу шеберлігін сайыс үстінде сабақ алып шыңдады. Абай облысында бір рет облыстық, 2 рет аудандық, Алматы облысы Талғар ауданында 2 рет аудандық, Райымбек ауданында 1 рет аудандық деңгейде осы сайыс тұжырмдамасы бойынша шешендік байқау өтті. Демек, 200 ден астам мектеп оқушысы шешендік өнер байқауына қатысса, іріктеуінде бірнеше жүз оқушы сайысып тәжірибе жинады деген сөз. Сондай-ақ, осы жобаның негізінде студенттер арасында 2 жыл қатарынан «Атамұра» корпорациясының жалпы көлемі 3 миллион теңгелік демеушілігімен шешендік өнер байқау өтіп, 24 студент сөз сайысына қатысты. Өткен жылы өткен байқаудың бас жүлдесі 500 000 теңге болды. Биылғы күзде 3-рет студенттер арасында өтетін байқауға үшінші жыл қатарынан ұлт жанашыры, қоғам қайраткері, атымтай жомарт азамат Рақымғали Абрарұлы демеушілік етіп, 3 миллион теңге бөліп отыр. Бұл жастарды шешендікке бағыттау мен баулуда бұрынды-соңды болмаған жағдай. Осы орайда барлық кезеңде, түрлі уақытта өткен шешендік сайыстарға қалтасынан қаржы бөліп, халқымыздың бегзада өнерінің дамуына сүбелі үлес қосып мырзалық танытқан азаматтарға, атап айтқанда, Рақымғали Абрарұлына, 3 жыл қатарынан демеуші болған «Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорына», кәсіпкер азаматтар Ержан Қожахмет, Дулат Тұрсынұлы, рухтас достарым Олжас, Алмас, Әсет, Ерсерік, Жақсылықтарға, республикалық Абай мектебінің мұғалімдері Жақыпжанов Ғани ағамызға, Қизат Тілеубердіұлына, үйірменің тәлімгері Марат Әбдіраманхан, рухани тұрғыдан қолдау жасаған Жұмақаева Береке Дәулетханқызына, Кәмінұр Тәлімұлына, белгілі диктор Аманжан Еңсебайұлына, ақын Дәулетбек Байтұрсынұлына, ақын Серік Әкрамұлына, журналист, ақын Бақыт Жағыпарұлына және барлық аттары аталмаған тілеуқор, жанашырларыма айрықша алғыс айтамын! Республикалық деңгейде игілікті істің іске асуына мүмкіндік сыйлап жол ашқан, Оқу-ағарту министрлігіндегі басшылар мен мамандарға, республикалық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығына да рақмет айтып әріптестігіміз арта түседі деп сенемін. Сондай-ақ, жақсы істердің жалпыға жетуіне дәнекер болған БАҚ өкілдеріне, бүгінгі сұқбатты ұйымдастырған сіздерге де ризашылығымды білдіремін.
-Рақмет. Биығы жоспарларыңыз қандай?
-Әрине жоспар көп. Осы күзде студенттер арасында 3-рет «Ділмар» байқауы өтеді. Желілік Абай мектептері арасындағы 5-реткі байқау Көкшетаудағы Абай мектебінде жоспарланған. Әзілхан есімді мырзалығы бар ағамыздың демеушілігімен VI республикалық «Ділмар» шешендік өнер байқауы қараша айында республикалық Абай мектебінде өтпекші. Кәсіпкер азамат, құрдасым Дулат Тұрсынұлының демеушілігімен оқушыларымыздың шығармалары топтастырылған тағы бір кітап осы күзде оқырман қолына жетеді деген ойдамыз. Ал биылғы жылғы алғашқы іс-шарамыз – Абай атындағы РММИ-де ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай ұйымдастырылады. Оған 9-10 сынып оқушылары қатысады. Яғни, бабалар мұрасын, шешендік өнерді күнделікті өмірде тиімді қолдануға бағыттау, халық қазынасын жинау және нәсихаттау ісіне белсенді түрде атсалысқан үздіктер «Аманат» ұлттық байқауының қорытындысы бойынша марапатталады. Осылайша, біз ұлт ұстазы, қайраткер тұлға Байтұрсынұлы Ахмет атамыздың аманатына адал, ізін басар ізетті ұрпақ ретінде қалыптасып келе жатқанымызды нақты іс-әрекет арқылы көрсеткіміз келеді. Басқада жақсы жоспарлар жасалған. Іске асу кезінде өздеріңізді шақырамыз. Келіп, ақпараттық қолдау жасасаңыздар қуанып қалар едік. Өйткені, ұлт мұрасы мен мұраты бәрімізге ортақ…
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Мақпал Махаметқызы