Мәдени мұраны сақтау, мәдениет пен білім беру саласын дамыту – ұлттық сәйкестік пен мемлекеттіліктің, қазіргі әлем төрінен еліміздің лайықты орын алуының алғышарты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының – басты идеясы да осы.
Әлбетте, еліміздің мәдени саладағы жетістіктері айтарлықтай. Мәдени жобалар, ұлттық музейлердің дамуы, дарынды отандастарымыздың еліміздегі және шетелдегі жетістігі – осының бәрі заманауи тарих кезеңінде қол жеткізген жасампаз тәжірибе.
Мемлекет басшысы бүгін анағұрлым ауқымды және іргелі шаруаны қолға алуымыз керектігін мәлімдеді.
«Рухани жаңғыру» – идеясы терең әрі жан-жақты қамтитын бірегей құжат. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын негізге алып, жүйелі, бірізділікпен және ашық жұмыс істеуіміз керек. Мұндағы басты қағида – тұрғындарға мәдени құндылықтардың қолжетімді болуы.
Бағдарлама мультипликативтік сипатқа ие. Аймақтарды зерттеу, «Туған жер», «Қазақстанның киелі орындары» жобалары аясында ескерткіштерді сақтау және қалпына келтіру – бұл мәдени және экологиялық туризмді дамыту дегенді білдіреді. Демек аймақтағы экономиканың драйвері бола алады. Ал инновациялық мәдени-тарихи зерттеулер, атақты жазушылар мен ақындардың шығармаларын әлем тілдеріне аудару ғылым деңгейін көтеру ғана емес. Сондай-ақ ол қазақстандық құндылықтарды шын мәнінде ілгерілете алатын қоғамның кәсіби қабатын қалыптастыруға ықпал етеді.
Осы процестердің экономикаға, сонымен бірге театр, музей, кітапхана, архив, әдебиет пен киноөндіріске мультипликативті әсері болмақ. Бағдарлама ең әуелі білімді де мәдениетті жастарды тәрбиелеуге бағытталады. Жаһандық сын-қатерге біз ақпарат қауіпсіздігі саласында ғана емес, сырттан келетін бұқаралық мәдениет өнімдерінің, надандық, мәдениетсіздік, нашар талғамның ендеуіне қарсы тұруымыз қажет. Бұлар кейде бәрінен де қауіпті болуы мүмкін.
Сонымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудың ең басты алғышарты қандай? Бүгінгі күні нені өзгертуіміз керек?
Біз «Мәдениет пайызбен өлшенбейді» деген пікірді жиі естиміз. Дегенмен мәдениеттің сапалы өнім талап ететін сала екенін ұмытпаған жөн.
Сондықтан нақты міндеттерді белгілеп алған дұрыс. Ең алдымен ресурс базасын қарастырып, нормативтік-құқықтық актілер мониторингін жүргізуден бастау керек. Сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыратын барлық министрліктер мен мекемелер өткізетін шаралардың өлшемі мен уақытын сәйкестендіру маңызды.
Әкімшілік кедергілерді алып тастау және кешенді жоспарлауды жүзеге асыру мақсатында әрбір нысанның төлқұжаты мен оны бағалаудың актуарлық үлгісін жасау қажет. Мұнда меншік түрі, қаржыландыру көзі мен көлемі, қай аймаққа тиесілі екені есепке алынады. Бұл қандай факторлардың мүдде қақтығысына әкелетінін бағамдауға мүмкіндік береді.
Мәдени мұра нысандарына, әсіресе, киелі орындармен байланысты жобаларды жүзеге асырғанда мемлекеттік меншік формаларын белгілеу мәселесі туындауы мүмкін. Кейде аймақ шекарасы құжатқа сәйкес келмейді. Кейде жекеменшікке тиесілі аумақ арқылы өтуі мүмкін. Мұндайда рәсімдер ешкімнің құқығын бұзбай жүзеге асырылуы тиіс.
«Рухани жаңғыру» жобасының басты бағытының бірі – туристік саланы дамыту. Елімізде небір табиғаты әсем, ғажап орындар көп. Оларға туристерді көптеп тарту үшін демалыс индустриясын дамыту қажет. Туристік қызмет көрсету жағынан еліміз дүниежүзі бойынша алғашқы жүздікке кіреді. Жалпы ішкі өнімдегі үлесін арттыру аса маңызды болып тұр. Сондықтан «Рухани жаңғыру» нысандарының картасын туристік нарық инфрақұрылымына жалғай отырып жасаған абзал деп санаймыз.
Әлбетте, мәдени салада атқарылған жұмыс ауқымды. Дегенмен әлі де шешімін күтетін өзекті мәселелер бар. Айталық, мәдениет ұйымдарының қызметі жаңғыртуды, атап айтқанда, олардың ғылыми, сараптама зерттеу орталықтарына айналуы себепті еңбектің жаңа нормативтерін енгізуді қажет етеді.
Спорт саласындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің оң тәжірибесін ескере отырып, ауыл клубтары, мәдениет үйлерінің типтік жобасын дайындауға қайта оралатын кез келді.
Мәдени ұйымдардың материалдық-техникалық базасы мен құрал-жабдықпен жарақталуының мониторингін жүргізу керек. Музей мен кітапхана атаулы өз жұмысын қалай жүргізеді? Компьютермен жабдықталған ба? Кітапхана ауылда e-culture сандық ресурсын пайдалануға арналған бірден-бір интернет көзі болғандықтан, оларды тегіс компьютерлендіру ісі кезек күттірмейді. Сондай-ақ музейлерде құнды жәдігерлерді есепке алудың кешенді ақпарат жүйесін енгізу өзекті болып отыр.
Институционалдық түйткілдерді шешумен қатар, мәдени-шығармашылық саланы ұмыт қалдыруға болмайды.
Біздің ойымызша, шетелде, жеке коллекция мен архивтердегі қазақ мәдениеті артефактілерінің базасы қажет. Сондықтан ел ішінде, сондай-ақ әлем бойынша ауқымды мәдени-этнографиялық экспедиция ұйымдастыру қолға алынса, құба-құп. Оның мақсаты – қазақтың мәдени қайраткерлерінің дауысы, ән мен күйлер жазылған медиафайлдар, коллекциялық экспонаттар суреті, құжат көшірмесін қамтитын материалдарды жинау болмақ. Сондай-ақ ең үздік қазақ опералары мен симфонияларының студиялық жазбасы және оны шығару жобасы Қазақстандағы ресми рекорд-лейблді құруға серпін бере алады. Классикадан бастап қазіргі композиторларды қамтитын қазақ музыка мәдениетінің ең үздік шығармалары негізінде бейне-материалдар топтамасын шығару отандық өнерді Full HD форматында насихаттауға мүмкіндік береді. Заманауи музыкаға мемлекеттік тапсырыс түрінде қолдау көрсету саясаты қазіргі композиторлардың опера мен симфония жазуына түрткі болары сөзсіз.
Көркем әдебиеттің баспа нарығын қалыптастыру, кинематография, анимация және кинопрокатты жолға қою жаңа маркетингті қадамдар мен түрлі қаржы тетіктерін пайдалануды қажет етеді.
Қорыта айтқанда, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын тиімді жүзеге асыру – еліміздің әр азаматы үшін дамыған мәдениет пен білім кеңістігін құру жолындағы тарихи қадам. Сонда ғана біз тарихи-мәдени тамырымызды жоғалтпай, әлемдегі жаһандық үрдістерге толыққанды қатыса аламыз.
Гүлнәр Ықсанова,
Мәжіліс депутаты