
Бүгін Астанада блогер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі жалғасты, деп хабарлайды jasqazaq.kz.
Осы жолғы сот отырысына блогер Дархан Жолшыбеков пен Нұрбек Нұртаза куәгер ретінде қатысты.
Дархан Жолшыбеков Жанабыловтарды бес жылдан бері танитынын айтты. Ерлі-зайыптылар Жолшыбековтен ұтыс ойындары жөнінде ақпарат сұраған көрінеді.
Дархан Жолшыбеков:
«2025 жылдың көктемінде осындай әңгіме болды. Ол интернеттен менің лотерея өткізуге байланысты сот дауларына қатысқанымды көріп, қандай жаза алғанымды сұрады. Мен оған әкімшілік жауапкершілікке тартылғанымды хабарладым», — деді.
Жанабыловтардың адвокаты Гауhар Айтжанова куәгерге бұған дейін араларында жеке реніш немесе теріс көзқарас бар-жоғын сұрады.
Оған Жолшыбеков:
«Нақты айта алмаймын. Болды ма, болмады ма, білмеймін», — деп жауап берді.
Сондай-ақ куәгер болған Нұрбек Нұртаза жазылушыларына сатқан курстарда және Жанабыловтар ұсынған білім курстарында да спикер Әсет Ақбар болғанын айтты. Осы тұста Эльмира Төлегенова курстардың бір-бірімен мазмұны жағынан ұқсастық бар-жоғы туралы сұрақ қойды.
Нұртаза материалдарды зерттемегенін мәлімдеп:
«Мен сіздердің оқу курстарыңызды көрген жоқпын. Таныспағандықтан, ешқандай пайыздық баға бере алмаймын. Мен тек сарапшы Әсет Акбардың сөзіне сүйендім. Менің ойымша, кез келген Қытаймен бизнеске қатысты оқыту курстары негізінен ұқсас болады», – деп жауап берді.
Айта кетейік, Жолшыбеков пен Нұртаза әлеуметтік желідегі парақшаларында онлайн ұтыс ойындарын ұйымдастырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
JQ-Aqparat
Фото: Аружан Арманқызы/Kazinform