jasqazaq.kz

Жақынның жаттығы

25 тамыз 2017, 12:41

Қыркүйек жақындаса, Алматыдағы базар біткен қызу қарбаласқа түседі. Біреу баласына мектеп формасын іздеп шапқыласа, біреу қағаз-қарындашына тиын-тебен жеткізе алмай жатады. Өткен жексенбі күні «Барахолка» аталып кеткен қара базарға біздің де жол түсті. Құмырсқаның илеуіндей құжынап жататын базардан аяқ алып жүре алмайсыз. Баласын мектепке дайындаған ата-аналар: біреу ұлын жетектеп, біреу қызын ертіп базарды «көшіріп» жүр.

«Ялян» деп аталатын базардың шеткі қатарындағы бір саудагерге тоқтадық. Сатушы егде жастағы әйел екен. Тауарын өткізу үшін мақтауын асырып жатыр. Қытайда тігілген киімді «Түркияның өнімі», Талғар қаласындағы фабрикадан шыққан мектеп формасын «Бейжіңдегі ең мықты фабриканың өнімі» – деп жарты базарға жар салуда. Тоқтадық. Ұлыма киім іздеп жүргем. Бірақ біздің назарды аяғы ауыр, үш бала ерткен жұпыны қара келіншектің назалы дауысы бұрды.
– Қызым, былтырғы көйлегіңді киші. Биыл ініңе кәстөм-шалбар алып берейік. Ол 1-сыныпқа барады ғой. Жаңа киіммен барсын. Сен де былтыр1-сыныпқа жаңа киіммен барғансың.
– Жоқ, мама! Қыздардың бәрі жаңа киім киіп келгенде, мен былтырғы тозған көйлекпен, табаны тесілген туфлимен барамын ба? Әкем берген ақша маған да, ініме де жетеді деп едің ғой.
– Әкең бар болсын, тірі болсын ол! Оның берген ақшасы жетсе, сендерден аяп отырмын ба? Кіші ініңді қара, аяғына жаздай мына жыртық тәпішкені киіп жүрді…
Ана мен қыздың әңгімесі менің ғана емес, сондағы сатушы-базаршы жұрттың біразының назарын өзіне бұрған. «Қызың қай сыныпқа баратын еді?» – деп әлгі жарты базарды басына «көшіріп» тұрған мосқал әйел әңгімеге араласты. Сөзінен жанашырлық сезім байқалатын сияқты.
«Қызым 2-сыныпқа барады. Ұлды 1-сыныпқа дайындап жатыр едім. Ақша жетпейді. Қағаз-қарындашы түгілі, киімін ала алатын емеспін» – деп көзіне іркілген жасты жеңімен сүріп алды. Өзінің аяғы ауыр екен. Құшағында тағы екі жастағы ұлы бар. Ыстық күнде шөлдеп, қарны ашқан болу керек, ол анасының мазасын алып жатыр. «Сен де тоймадың ғой» – деп кіші ұлын жұлқып-жұлқып, дүкеннің босағасына отырғыза салды…

Базардан басталған әңгіме

Мама қаздай мамырлаған жас келіншек үш балапанын ертіп, базардан көңілсіз шығып бара жатыр. Қалтамда артық ақшам болмаса да, көмектескім келіп, артынан ердім. Қақпа алдына шығып, көлеңкеге тоқтапты. Қасына бардым. «Кешіріңізші, жаңа әңгімеңізді құлағым шалып қалып еді» – дедім, әрі ыңғайсызданып, әрі сөзімді үзіп-үзіп.
– Не әңгіме? – деп күнге тотыққан жүзін көңілсіз бұрды маған.
– Жеке өміріңізде шаруам жоқ, бірақ балаларыңызды мектепке дайындай алмай жатқаныңызға жаным ашып кетті. Қазір жомарт азаматтар көп. Егер қарсы болмасаңыз, сіздің жағдайды сондай кісілерге жеткізейін. Ұлыңыз бен қызыңызға мектеп формасын, оқу құралын алып береді. Өзіңізге де көмектеседі – дедім.
– Ондай деңгейге түсе қойған жоқпыз. Құдайға шүкір, балаларымның әкесі бар. Бір мәнісі бола жатар – деп, кіші ұлының басынан сыйпап, көлеңкеге әдейі қойылған ұзын орындыққа арқа сүйеді. Көзіне қарап едім, жанары жасқа толып, жыларман күйде әрең тұр екен.
– Намыстанбаңыз! Қайыр сұрағалы отырған жоқсыз. Бала үшін ата-ана қандай тәуекелге болсын баруы керек. Біздің жанымыз – осылармен бірге! Менің де Құдай берген қара домалақтарым бар. Алғашқы қоңырау болса, жақындап қалды. Осылар жарқырап жүрсе, одан артық бақыт бар ма? Ұялмаңыз, айтыңыз жағдайыңызды. Күйеуіңіздің денсаулығы жоқ па, ауру ма? Көмектесетін азаматтарды өзім тауып беремін – деп мен де қадалып алдым.
Бет-жүзі шаршаңқы көрінгенімен, өзі жап-жас екен. Қараторының әдемісі. Менің сөзімді үнсіз тыңдап болып «Ниетіңізге рахмет! Балаларымның әкесі бар. Ауру да емес, тірі өлік болды» – деп сөзінің соңын жұтып қойды. Үні қатқылдау естілді құлаққа.
– Өз күйеуіңізді тірі өлікке теңегеніңіз қалай? – деп аң-таңмын. Бірақ ұзақ әңгіменің басталатынын ішім сезді. «Кім өзінің Құдай қосқан қосағын тірі өлікке теңейді ғой дейсіз. Сүйгеннен емес, күйгеннен айтып отырмын. Менің басымдағы жағдайды ешкімге бермесін, жаным жаралы, көңілім назалы» – деп бір күрсінді. Сөзін бөлмедім.
Өзі айтқандай, жаны жаралы келіншектің аты – Айман болып шықты. Ол өз басындағы қиындықты үтір-нүктесін қалдырмай толық баяндады. Көңілі кірлеген адам ешкімді жатсынбайтын сияқты. Мені танымаса да, өзіне жақын тартып ашылып сөйледі. Арасында көз жасына ерік беріп, еліктің лағындай кішкентай қызын құшақтап жылайды. Ендігі әңгімені үш баланың анасы Айманның өмірінен алынған шынайы оқиғаға берейік. Өйткені, дәл осындай шаттығы бүлінген отбасылардың тағдыры, әсіресе жас отаулардың арасында өте көп.

Жастар мал бақпайды

Айман мен Самат (есімдері өзгертілген) осыдан 10 жыл бұрын бас құраған. Бірін-бірі сүйіп қосылды. Тойын Тараздағы ең мықты мейрамхананың бірінде дүркіретіп өткізеді. Жұбайлық өмірдің алғашқы жылдары ертегідей басталған…
Самат еті тірі жігіт. Соның арқасында жас отау қаржыдан таршылық көрмеді. Қайда барамыз десе – барды. Не жейміз демейді, бәрі бар. Өйткені, ол елге белгілі бір дөкейдің жеке жүргізушісі болып жұмыс істеді. Қожайыны бір күн мұнда, бір күн шетелде ұшып-қонып жүреді. Самат соның жанында. Барып кел, шауып кел емес, сенімді серігі. Ол мұның пәтер ақысын төлеп беріп, астына қымбат көлік мінгізді.
Өзі де жоқшылықта өскен жоқ, әкесінің дәулеті ағайынды Самат пен Қанатқа жететін еді. Бір отар қой, бір үйір жылқы, бір табын сиырды осы екі ұл үшін бағып отыр. Ал бұлар болса, тұз төгіп қойғандай Алматыдан шықпайды. Ауылда да жұмыс бар. Тіпті мына әкесінің жиған дәулетін жалғап, мал бағуды қолға алса, ешкімнен кем болмайтын еді. Амал қанша, екі ұл да мал соңында жүруді, ата кәсіппен айналысуды намыс көрді. Өйткені, бұлар өскен Қордай тауының құшағындағы шағын ауылда мал бағатын жастардың қалмағаны қашан? Олардың бірін де байлап ұстай алмады ауылдағы қариялар.
«Қазіргі жастар үшін жылқы бағу – ұят, қой бағу – өліммен бірдей болды. Ешкімнің ауылда қалғысы келмейді. Бәрі қалаға үйір» – дейді екі ұлын да қарашаңырақта ұстап отыра алмаған ата-ана.
Самат Алматыда жоғары білім алды. Бірақ дипломмен жұмыс істеуге құлқы болмай, қалталы дөкейдің көлігін жүргізгелі, міне, биыл 10-жыл. Айман оның жұмысының жайын жақсы біледі: қожайыны қайда жұмсаса, сонда баратынын, күн-түн демей жұмыс істейтінін, сапарға жиі шығатынын о баста түсінген. Соның бәрін біліп, көріп тұрып, тұрмысқа шықты. Шыдап жүрген себебі сол. Бірте-бірте әйел жаны үйде жападан-жалғыз қалуға да үйрене бастады.
Ал Самат болса, әйелінен гөрі қожайынымен көбірек бірге болады. Сөйтіп жүргенде, үлкен қызы өмірге келді. Одан кейін ұлы туылды. Екі қуанышы да көзді ашып-жұмғанша өтті. Бірақ мұның бәрі Айманның жанына бататын. Ал Самат сезінер емес.

Сүріну

«Сынықтан басқаның бәрі жұғады» деген рас екен. Саматқа қожайынының жүріс-тұрысы жұға бастады. Дөкей мұны мақтап: «Саматқа қарасам, жас кезімдегі өзімді көргендей боламын. Маған қатты ұқсайды. Құдай қаласа, сен де мен сияқты бай боласың. Байысаң, тоқал аласың. Әр қалада бір-бірден көңілдесің болады» – деп кеңк-кеңк күледі. Бұл соның сөзін шын көрді ме, әлде мінезі жұқты ма, соңғы кездері қожайыны берген темір тұлпарға мініп алып, түнгі клуб, мейрамханалардан қыз іздейтінді шығарды. Қазіргі қыздарда да ес жоқ: шетелдің көлігін мінген, жақсы киінген жігіт көрсе, аузын ашып, көзін жұмып, аяқ астынан ғашық болып қалады.
Бұл бұрын үйіне жиі болмаса да, қолы тигенде қонып, кір-қоңын жудырып тұратын. Балаларын ойнатып, уақытымен демалыс алып, қыдыртып тұрушы еді. Соңғы екі жылда қожайынының жұмысын сылтауратып, үйге келу түгілі, түнеуді мүлде ұмытты. Күн-түн, сенбі-жексенбі – демалыс деген атымен жоқ. Айман басында бәріне түсіністікпен қарап жүрді. Кейіндеп мінез көрсететін болған. Бірақ онысы Саматқа шыбын шаққан құрлы әсер етпеді. Ұялы телефонына қыздар қоңырау шалып жатады. Ондайда «Жұмыстағылар ғой» – деп құтылады. Бір күні бір қыздар бұған хабарласып «Саматтың мазасын алма. Ол енді менікі» – деп есін шығарды. Күйеуі оған да жауап тапты…
Адам айтса, нанбайсыз. Бірақ өмірде болған, кейіпкерлері де жанымызда жүрген оқиға бұл. Самат қожайынына ұнағаны соншалық, оған кез келген мәселені сеніп тапсырды. Бұл жұмысқа туыс-туғанын, достарын тартты. Айналасына жақындарын жиып: бірін жүргізуші, бірін күзетші, бірін аспаз қылып, өзі бәрінің үстінен қарады. Оның үстіне дөкейдің іссапары, екі әйелінің отбасылық шаруасы: балаларының мектепке, балабақшаға баруы сияқты қыруар жұмыстың бәрі осының мойнында. Самат өзіне міндеттелген жұмыстың ешқайсысын ақсатқан жоқ.
Бір күні Саматтың өзі жұмысқа алған досы басқа кәсіппен айналысатын болып, бұдан кететін болады. Бірақ ол тыныш кетпей, жеңіл жолмен ақша тапқысы келген. Содан, өзі көлігін айдап жүрген дөкейдің бәйбішесіне барып: «Күйеуіңнің тоқалы бар. Егер маған 30 мың доллар берсең, барлық дәлелімді көрсетемін» – дейді. Бәйбіше тоқал туралы білмесе де, күдіктенетін. Ақшалы, келбетті күйеуінің өзінен басқа да көңілдесінің болатынын іштей сезуші еді. Бірақ бұлтартпай­тын дәлелі болмаған соң, ішінен тынып жүрген. Мынау «іздегенге сұраған» болды. Күйеуіне келді де «30 мың доллар бер. Тоқалың екеуің туралы дәлелді сатып аламын» – деді. Күйеуі де иіс алмас екен, сұрағанын санап бере салды. Бірақ бәйбішесі әлгі жігітпен кездесетін жерге жеткенше, бұл мәселені шешіп қойыпты. Жігіттерін жіберіп, Саматтың досын тауып алады да «Ақша үшін ойымнан өтірік құрап едім. Қолымда ешқандай дерегім жоқ» – дегенді айтқызады…
Сол күннен бастап, Саматтың да сенімі кетеді. Бұрын қожайынының қасындағы ең басты адамы болса, енді тоқалын ары-бері таситын көптің біріне айналып қалды. Бұрын өзі бұйрық беріп жұмсайтын жігіттер, енді бұған қоқаңдайтынды шығарды. Еркек емес пе, намысы жібермеді. Ақыры жұмыстан кетті де қалды.

Адасу

Жаңа жұмыс табу қиынға соққан жоқ. Әлгі дөкейдің жанында жүргенде елге белгілі кісілердің түсін танып, атына қаныққан-ды. Енді солардың бірінің көмекшісінің көлігін айдайтын, «барып кел-шауып келіне» айналып шыға келді. Бұл қожайынының заңға томпақтау жүрісі көп екен. Бұл бірден сондай күрделі, қауіпті жұмыстарға тартылды. Бірақ бұрынғы қожайынында жүріп әбден ысылған Самат кез келген сынықтан сүрінбей өтіп жатты. Бірте-бірте бұл жақтағы дөкейіне де ұнап қалды. Ол мұның бала-шағасын қаланың шетіндегі бос тұрған зәулім сарайына тегін тұрғызып қойды. Айман бұған қатты қуанады. Бұрынғы екі бөлмелі пәтер үшінші балалары туылған соң, тарылып қалған болатын. Ал мына екі қабатты сарай үш баласына қалай асыр салса да жетеді. Жас ана соған мәз.
Самат өзі ойлағандай жұмыс тапқан соң, ескі әдетіне басты. Күндіз жұмыспен шапқыласа, түн баласы мейрамхана, түнгі клубты шарлап жүреді. Өзі де сымға тартқандай сымбатты жігіт қой, қызға қарап жымиса, бәрі құлай кететін сияқты. Оның үстіне, есік пен төрдей әппақ темір тұлпар тақымдаған жігітке кім қызықпасын?! Ол күнде құры қайтпайды: сұлу құшып, сауық құрып, баяғының серілеріндей жұмақ өмір кешіп жатты.
Бір күні аршыған әппақ жұмыртқадай, жүзінен балалығы кете қоймаған уыздай жас қызбен танысты. Аты Еңлік екен. Саматтың қалтасындағы бума-бума көк қағазды, астындағы қымбат көлікті көргенде, есі ауды да қалды. Он сегіз жасқа толмаған қыз сол түні-ақ Саматтың құшағында таң атырды.
Самат та оны шын сүйіп қалған кейіп танытты. Өйткені, өзі жас, өзі алдап-арбауға көнетін мұндай сарыауыз балапан бұған күнде табыла қоймас. Оның үстіне мұның дегенінің бәріне көніп отыр. «Тоқалым боласың ба?» – деп алғашқы түні тамырын басып көрген еді. Еңлік «Сендей ақшалы, сері жігітке тоқал болмағанда қайтемін?» – деп көрпемен бетін басып ұялып қалды. Бірақ Самат оған «әйеліммен ажырасқанмын» – деп өтірік айтып жүрді.

Құлау

Бұл бұрынғыдай үйіне ақша әкелуді қойды. Қатын-баласының да жайы қызықтырмайтын болған. Есіл-дерті – Еңлікте. Соның жайын жасап, әке-шешесімен, ағаларымен танысып, өзін кәсіпкер деп таныстырып, соларға көмектесіп жүрді. Еңліктің ата-анасы Алматының бір бұрышындағы «Шаңырақ» деп аталатын қалың жатақтың бірінде тұрады екен. Жалдамалы пәтер. Тозған үй. Топырақ жол… Ауқатты күйеуді кім кеудесінен итерсін? Мұның ажырастым дегеніне де қыздың ата-анасы көз жұмыпты…
Бір күні түнде Айманның ұялы телефонына бір қыз хат жазды. «Сен енді біздің мазамызды алма. Ажырасып кеткен соң, жайыңа жүр. Болмаса, үстіңнен арыз жазып, соттатып жіберемін» – депті. Бұған аяғы ауыр әйел тас-талқан ашуланады. Саматты шақырып алып, мән-жайды сұрап еді. Бұл жолы жалтарған жоқ, мойындады. Бірақ «жаздым, жаңылдым» – деп, кешірім сұрап, аяғына жығылды. Айман көнбеп еді, Тараздан қайын атасы мен қайын енесін, өзінің де әке-шешесін шақыртып, бәрінің алдында ант-су ішті. Еркек басын иіп жолына жатып алған адамды қалай кешірмесін? Кешірді. Енді түзелетін шығар деп сенді.
… Арада көп күн өткен жоқ. Самат баяғы жүрісіне қайта басты. Үйге қонбайды. Суыт жүріс, суық түс – томсырайып жүріп алды. Бір күні Айманның сіңлісі әлеуметтік желіден Еңлікті тауып алады. Сосын Еңліктің жақындарына «Мына қыз менің жездемді азғырып жүр. Қыздарыңа ие болыңдар!» – деп хат қалдырды. Оны оқыған қыздың жақындары өре тұрып, шындық іздеді. Содан Айман осы қаладағы әпке-сіңлілерін ертіп, Еңліктің үйіне барды. Үй дейтін үй емес, қалың жатақ… Шындық айпара ашылды. Бірақ Еңлік ботадай боздап «Самат маған өтірік айтқан жоқ. Ол қазір келеді. Бәріне өзі жауап береді» – деп көгеріп-сазарып отырып алған…
Сол күні түнде Самат тағы да үйіне жалынып-жалпайып, кешірім сұрап келді. «Қалған көңіл – сынған айнамен тең» – деген рас екен. Бұл жолы Айман жібіген жоқ. Тіпті көзіне жас та алмады. Бірақ сатқындыққа қалай жауап берсін? Көзі мөлдіреп үш баласы тұр. Ай-күні жетіп отырған өзінің хәлі мынау! «Енді мен үшін сенің барың да, жоғың да – бәрібір! Сен тірі өліксің» – деді де теріс қарап жатып қалды…

Түйін

Айманның балапандарын ертіп базар аралап жүргені сол түннің ертеңіндегі жағдай екен. Өмірде кездескен шынайы тағдырды, бір ғана жас жұбайлардың өміріндегі бірнеше түрлі қым-қуыт оқиғаны жазбау журналистік арыма сын еді. Сондықтан, қолыма қалам алдым. Мұндай оқиға жалғыз Самат пен Айманның шаңырағында болып жатқан жоқ, қазіргі жастардың көбінің басында бар.

Мама қаздай мамырлаған келіншек балапандарын ертіп қара базардан құры қол қайтты. Жолаушылар өтетін жолаққа жеткені сол еді, бір әппақ жип оларға жол берді. Көліктің тізгініндегі орта жастағы жігітке еркелеп 16-17 жастағы уыздай қыз отыр. Айман әлгі қызға да, жігітке де жиіркене қарады.

Жарас ШӨКЕ

27 маусым, 15:14
Заманауи медициналық технологиялар дені сау балалардың өмірге келуіне арналған
27 маусым, 10:53
Түркістан: Кентауда модульді капсулалармен жабдықталған демалыс аймағы ашылады
26 маусым, 19:27
Түркістан қаласының жалпы өңірлік өнімі 159,5 млрд теңгені құрады
26 маусым, 19:13
Түркістан: Жылыжай агробазасы - барлық саланы біріктіретін ауқымды бастама
25 маусым, 16:42
Түркістан: Ағын су тапшылығын еңсеру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр
25 маусым, 15:56
Түркістан: Саурандағы индустриалдық аймақтар кәсіпкерлікке серпіліс береді
25 маусым, 15:45
Түркістан: 130 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, 100-ге жуық жоба жүзеге асуда
25 маусым, 14:58
Алматы қаласында жаңа отбасылық емхана пайдалануға берілмек
24 маусым, 16:32
Chevron -ҚМГ: Сенімді серіктестік жолымен