jasqazaq.kz

Жүйеге көшуге дайын

23 маусым 2017, 12:23

Қазақта «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген жақсы сөз бар. Сондықтан да медицина бүкіл әлем бойынша өзекті тақырып. Еліміздегі денсаулық саласы түйткілі көп, түйіні қиын саланың бірі. Бірақ мемлекет тарапынан халық үшін қолайлы бағдарламалар жасалуда. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарушы директоры Ерік Байжүнісов әңгіме-сұхбатымыз медициналық салада атқарылып жатқан реформаларға арналады.

– Бірінші шілдеден бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізіледі. Осы жүйе бізге қажет пе? Оны енгізуге деген қажеттілік неден туындады?

– Сақтандырудың қоғамда қызу талқыланатын тақырыпқа айналуы түсінікті. Себебі денсаулық мәселесі қай кезде де халық тарапынан үлкен қызығушылық тудырады. Қазір бұқаралық ақпарат құралдарында жан-жақты ақпараттық-түсіндіру жұмысы жүріп жатқанына қарамастан, оған қатысты туындап отырған сұрақ көп. Соның ең біріншісі: «Ол бізге не үшін қажет?» – деген мәселе. Бұл сұраққа жауап беру үшін бүгінгі денсаулық сақтау саласындағы қиындықтың астарына үңіліп көрейік. Дамыған елдер ішкі жалпы өнімнің 16-17 пайызына дейін денсаулық сақтау саласына бөліп отырады. Ал бюджетінен бөлінетін қаражат ІЖӨ-нің 3 пайызынан аспайды. Бұл өте аз. Медицина саласындағы толып жатқан проблеманың дені осыдан туындайды. Бюджет қаржысына аурухана салу, маманды оқыту аса қиын емес. Қазір оның бәрі бізде жасалып та жатыр. Тәуелсіздік жылдарында елімізде күрделі операция жасайтын, жүрек, буын, бүйрек т.б. алмастыратын білікті дәрігер шоғыры қалыптасып үлгерді. Емхана мен аурухана заманауи технологияның минималды стандартымен жабдықталды. Бірақ одан халықтың денсаулығы жақсарып кете қойған жоқ. Себебі азаматтардың өз денсаулығына деген қарым-қатынасы өзгерген жоқ. Пациент өз денсаулығын күтуге, сақтауға құлықсыз. Дәрігердің жалақысы төмен. Олар өзі көрсететін қызметті жетілдіруге ынталандырылмаған. Яғни тегін медицина денсаулыққа деген жаппай жауапсыздықты тудырды. Белгілі бір мөлшерде бекітілген мардымсыз жалақы медициналық қызмет сапасының төмендеуіне және кадр тапшылығына ұрындырды. Олардың еңбекақысы орташа жалақының 70 пайызынан аспайды. Медицина мамандарының жалақысы әлі күнге дейін жұмыс нәтижесіне емес, маманданған саласына, біліктілігі мен ғылыми дәрежесіне тәуелді. Осының бәрі дәрігер мамандығының беделін төмендеткені рас. Ал Еуропаның, Америка немесе Жапонияның кез келген тұрғыны жылына бір рет тексеріліп, ауруды ертерек анықтаудың оңайлығын және оның экономикалық тұрғыдан тиімділігін біледі. Дәрігер қаншалықты білікті, беделді болса, оның табысы да соншалықты көп болмақ. Сондықтан да ол жақтың дәрігері алдына келген адамды туысынан бетер күтеді.

– Ал біздегі жағдайды түзету үшін не істеуіміз керек?

– Жағдайды түбегейлі өзгерту үшін жүйеге нарықтық қатынасты енгізу қажет. Мұны елімізде табысты жұмыс істеп келе жатқан және мемлекеттік сектордағы білікті дәрігерлерді жинап алатын жеке клиникалардың тәжірибесінен байқауға болады. Сақтандыру пациентке емхананы да, емдейтін дәрігерді де таңдау құқығын береді. Өйткені, ол жүйеге ақша әкелетін негізгі қатысушы емделуші. Пациент қанша көп келсе, аурухана мен білікті дәрігер де ақшаны сонша көп алуы тиіс. Тек осындай жүйеде ғана денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымы пациенттің қажеттілігіне қарай бейімделмек. Оның үстіне, технология қарыштап дамыған заманда медицинаға көбірек қаржы керек. Міндетті медициналық сақтандыру жүйесінен басқа бұл мәселенің шешімін тауып беретін жол жоқ.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жыл сайын 100 млн жуық адамның медициналық қызмет ақысын төлеуге шамасы жетпей, кедейлік қамытын киеді екен. Сондықтан әр ел өз халқын барынша қорғау мақсатында денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың түрлі үлгісін енгізіп жатыр. Жалпы, әлемде медициналық сақтандырудың Бисмарк, Бевердж және Семашко қалыптастырған үш түрі бар. Оның алғашқысы Ұлыбритания, Швеция, Дания, Ирландия т.б. елдерде кеңінен тараған. Бюджеттік денсаулық сақтау жүйесін негізге алған бұл мемлекеттер оны сақтандыру элементімен толықтырған. Мұнда мемлекеттен бөлек, пациент пен жұмыс беруші де жарна төлеп, денсаулық саласын қосымша қаржыландырып отырады.
Германия, Аустрия, Бельгия, Нидерланд, Швейцария, Орталық және Шығыс Еуропаның өзге де елдері «бисмарктік» сақтандыру үлгісін таңдаған. Мұнда негізгі рөлді міндетті жарна төлейтін жеке кәсіпкер атқарады.

Семашко қалыптастырған кеңестік денсаулық сақтау жүйесі бұрынғы социалистік блок елдерінде, соның ішінде, Орталық Азия мен Қазақстанда сақталып қалған. Жалпы, кеңес заманында медицина экстенсивті сипатта дамыды. Барлық күш дәрігер, медбике мен ауруханадағы орын санын көбейтуге жұмсалды. Емдеу мен диагностиканы дамытуға инвестиция салынбағандықтан, кеңестік денсаулық сақтау жүйесі қаржылық және идеологиялық тұрғыдан күйреді. Мұны сонау 1980-90-жылдары отандық стационарға жатқан азаматтар ұмыта қойған жоқ. Ол кезде дәке, дәрі-дәрмек, тіпті төсек-орныңды да өзіңмен бірге ала баруға тура келетін.

– Еліміз осының қайсысын таңдады? Қай елдің үлгісін негізге алды?

– Еліміз жоғарыда атап өткен Германия, Аустрия, Бельгияда жақсы дамыған әлеуметтік медициналық сақтандыруды таңдап алды. Себебі оның әлеуметтік тұсы басым. Яғни сақтандыру жарнасын төлеуде жүктің көп бөлігі мемлекеттің иығына түседі. Әрбір дамыған мемлекет секілді еліміз де әлеуметтік жағынан аз қамтылған 14 санат үшін жарна төлейді. Ондай азаматтардың жалпы саны 10 миллионнан асып жығылады. Ал бұл Қазақстан халқының жартысынан астамы деген сөз. Мемлекет 2018 жылы орта есеппен алғанда, аталған санаттарға жататын әр азамат үшін ай сайын 5029 теңге аударады. Бюджет есебінен қаржы­ландырылатындар қатарында: зейнеткер, көпбалалы ана мен жүкті әйел, мүгедек, соғыс ардагері, кәмелет жасына толмаған балалар, бала күтімімен үйде отырған азаматтар, студенттер т.б. бар. Сонымен қатар әскерилер, арнайы қызмет пен ішкі істер органдарының қызметкерлрі де жарна төлеуден босатылған.

Жалпы, дамыған елдердің көбінде әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі өзінің тиімділігін дәлелдеді. Бірақ әр елдің өз ерекшелігі болғандықтан, бір мемлекеттің тәжірибесін көшіріп алуға болмайды. Сондықтан Қазақстанның міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үлгісін қалыптастыру кезінде оны денсаулық сақтау жүйесіне бейімдеу, салаға кері әсер ететін тәжірибелерден сақтану, әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарды қолдау мәселесіне басымдық берілді. Бірақ міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үлгісі біздікіне өте жақын елдер ретінде Германия мен Литваны атап өтуге болады.

– Міндетті медициналық сақтандыру бұған дейін де бір рет енгізілген болатын. Ол көптеген себепке байланысты сәтсіздікке ұшырады. Ал қазір біздің денсаулық сақтау саласы жаңа реформаны енгізуге дайын ба?

– Сөзіңіздің жаны бар. 1996-1998 жылдары енгізілген міндетті медициналық сақтандырудың сәтсіздікке ұшырауының бірнеше себебі бар. Оның негізгі себебі – экономиканың барлық саласын сансыратып кеткен дағдарыс. Жалпы, 90-жылдардың соңындағы жағдайды қазіргімен салыстыруға мүлдем болмайды. Ол тұста денсаулық сақтау саласында тиісті инфрақұрылым болған жоқ. Ал қазір экономикалық жағдай едәуір тұрақталды. Мемлекеттік емдеу мекемелерінің көбі заманауи қондырғымен жабдықталды. Мысалы, қазір әр емханадан табылатын ультрадыбыстық зерттеу аппаратын, томограф ол кезде тоқтың қасы еді. Қарапайым ғана мысал келтіре кетейін: XX ғасырдың соңында көп көре бермейтін ультрадыбыстық зерттеу аппараты қазір кез келген емханада бар. Бұрын томография жасату үшін облыс түгіл, республика орталығына баратынбыз. Оған қоса, халыққа сапалы қызмет көрсетіп жүрген жекеменшік клиника желісі қалыптасты. Білікті дәрігер елімізде бұрын жасалмаған жүрек, бүйрек, буын алмастыру сынды күрделі отаны жасап жүр. Сонымен бірге саланы қаржыландыру жүйесі түбегейлі өзгерді. Сондықтан медицина саласы да, мемлекет те міндетті сақтандыруды енгізуге дайын деп айтуға әбден болады.

– Міндетті сақтандыру кезінде жинақталған қаржыны қайтарып алу мүмкін бе?

– Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінде медициналық көмек әр адамның қорға төлеген қаржысы есебінен ғана өтелмейді. Егер біз әр адамның жинаған ақшасын өзіне ғана жұмсап қоятын болсақ, бір азаматтың жарнасы ол пайдаланған медициналық қызмет ақысын өтеуге жетпей қалуы мүмкін. Түсінікті болу үшін мысал келтіре кетейін: жұмыс берушінің өз қарамағындағы жұмыскер үшін төлейтін жарнасын алып қаралық. Қазіргі болжам бойынша, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ол әр қызметкердің жалақысының 1,5 пайызын қорға аударады. 2018 жылы орташа жалақы 152 106 теңгені құрайтынын ескерсек, жұмыс беруші келер жылдың басынан бастап Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына осы соманың 1,5 пайызын, яғни айына 2 282 теңге немесе жылына 27 384 теңге аударады. Мысалы, өкпе қабынуы сынды кең тараған сырқатты емдеуге орта есеппен 90 240 теңге, соқыр ішекті алып тастау құны 67 525 теңге. Бұл қаржы неге жетеді? Медициналық көмек ақысы әркімнің өзі жинаған ақшасы шеңберінде көрсетілетін болса, ол жоғары технологиялы қондырғының көмегімен жасалатын отаны қоспағанда, қарапайым ауруды емдеуге де жетпес еді. Сондықтан қорға жинақталған қаражат елдің ортақ игілігіне жұмсалады.

– Жүйенің іске қосылуына да санаулы күндер қалды. Дайындықтарыңыз қалай?

– Иә, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың енгізілуіне жарты айға жуық уақыт қалды. Қазір «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» жүйені іске қосу бағытында қызу жұмыс жүргізіп жатыр. Ұлттық банкпен және «Қазпошта» АҚ-мен тиісті келісім бекітілу үстінде. Еліміздегі төлем жүйесі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын қабылдауға дайын деуге болады.

Жүйеге алғашқының бірі болып жұмыс беруші мен жеке кәсіпкер жарна төлеуі тиіс. Жеке кәсіпкер 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап 2 ең төменгі айлық жалақының 5 пайызы (2828 теңге), ал жұмыс беруші қарамағындағы әр жұмыскердің айлығының 1 пайызы мөлшерінде жарна аударады. Аталған екі санаттың төлемін қабылдайтын электрондық жүйе дайын. Қазір олар сынақтан өткізіліп жатыр. Жарнаны алдымен жеке кәсіпкер, кәсіби медиатор, нотариус, адвокат т.б. мен жұмыс беруші төлейді. Жарна тамыздың 25-іне дейін төленуі тиіс. Қазір негізінен жүйеге тартылған екінші деңгейлі банктердің, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мен қордың төлем қабылдауға дайындық деңгейі пысықталып жатыр. Сонымен қатар жүйеге алғашқылардың бірі болып қатысатын жұмыс берушілермен және кәсіпкерлермен кездесулер ұйымдастырылып, жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр.

Әр азамат сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебесі жайлы толық мәлімет алуы үшін келер жылдың 1 қаңтарында денсаулық сақтау мекемелерінің электронды жүйелерінде медициналық қызметтерді тұтынушының тіркеу-модулі іске қосылады. Тіркелген тұрғындар регистрі мен қорға түскен жарна туралы мәліметті де осы модульден табуға болады. Сақтандырылған азаматтың мәртебесі осы мәліметтер негізінде нақтыланатын болады. Сонымен қатар отандастарымыз жарна төленген-төленбегенін жергілікті сандық қолтаңбаның көмегімен халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы анықтай алады.

Сұхбаттасқан
Айдос Құсайынұлы

03 қыркүйек, 14:27
«Шанхай рухымен» - сенімді серіктестік пен кемел келешекке
31 тамыз, 11:07
USAID ақыры жабылды
29 тамыз, 19:32
Шетелден ақша алатын белсенді мен блогерге жайсыз жаңалық
27 тамыз, 12:47
The Guardian: Темірлан Анарбеков «Қайратты» Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне алып шықты
27 тамыз, 10:24
Жолдау-2024: «Таза Қазақстан» - кемел келешектің қайнар көзі
26 тамыз, 15:56
Баланың психологиялық саулығы – қоғамның басты құндылығы
22 тамыз, 14:11
Өнер өмірге құштарлықты арттырады немесе «Ақжайық» мектебіндегі музыкатерапия
20 тамыз, 14:59
Түркістанда балалардың психологиялық саулығы - басты назарда
20 тамыз, 13:45
Шымкентте «QH үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы жүзеге асырылуда